Жалпы өткен кезеңнің бәрін жоққа шығара беруге болмайды. Бұл қисынға сүйенетін болсақ, сол өткен шақтың да жақсы, жаманын саралап, қай құбылысқа да бүгінгі уақыт тұрғысынан баға беріп отырудың қажеттігін көреміз. Нақ осы тұжырым жастық шақтары комсомол мен партия қызметінде өткен, сол мектепте шыңдалып, өз уақытында халқына хал-қадарынша адал қызмет еткен азаматтарға да байланысты. Сондай азаматтардың бірі белгілі қоғам, мемлекет қайраткері Тельман Сауранбеков еді.
Бел-белестер
Бүгінгі күні қалай десек те, ұстанымдары мүлдем басқаша болса да комсомол ұйымдары кезінде жас ұрпаққа патриоттық, адамгершілік тәрбие беруде көптеген нәтижелі жұмыстар атқарды. Сондай жұмыстарды атқара жүріп өз қатарынан жастардың жалынды да жігерлі, ұйымдастырушылық қабілеті мол білімді де білікті жетекшілерін тәрбиелеп шығарды. Тельман Еркінбекұлы да осы қазаннан қайнап шығып, шыңдалып, қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілді.
Жергілікті халық Хантәңірі шыңын ғана емес, Талас Алатауын да Тәңіртау деп атай береді. Сәби Тельман да осы таудың баурайындағы Жуалы өңірінің қасиетті топырағында 1941 жылғы 6 шілде күні дүниеге келіпті. Ес біле бастағаннан отбасы әкелерінің қызмет бабы бойынша Бурный ауылына қоныс аударып, 4 жасынан бастап балабақшаға барып, 1-сыныптан бастап сондағы орыс мектебінде оқиды.
Зеректігі мен ұқыптылығы, сынып жұмыстарындағы белсенділігі сол кездің өзінде байқалған балдырған сол заманда мектеп оқушыларының барлығына міндетті болған октябряттық, пионерлік, комсомолдық кезеңдердің барлығынан толықтай өтті. Қайраткерлік қызметінің өзін комсомол ұйымдастырушылығынан емес, төменгі буын – пионер жетекшілігінен бастағаны да өмірінде үлкен рөл атқарғандай. Болашақ жастар жетекшісінің жұмыстың әрбір буынын бес саусағындай білгені, оның бәрін өз басынан өткергені ешқашан артықтық етпейтінін ол көңіліне кейінірек түйген болатын.
Ауылдағы орыс орта мектебін 1957 жылы тамамдаған соң аудандық Пионерлер үйіне әдіскер болып жұмысқа орналасты. Бұдан кейін де араға уақыт салып Алматы қаласының Совет ауданына қарасты пионерлер лагерінде тәрбиеші, № 6 мектеп-интернатында пионервожатый, тәрбиеші қызметтерін атқарды. Бал қылықты балдырғандармен бұлайша жұмыс жүргізудің жас жігіттің жан жүрегінде өзіндік ізгілікті ізін қалдырғаны айқын еді.
Әрине, өсер азаматқа пионер жұмысымен ғана шектеліп қалуға болмайды. Мұны айқын сезінген жасөспірім келесі жылы сол кездегі ең жоғары оқу орыны – Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетіне құжаттарын тапсырады. Жолы болып студент атанып, алдағы кезеңде өмірдің биік белестеріне бастайтын баспалдақтың алғашқы сатысына қадам басты.
Тельман Еркінбекұлының бұдан кейінгі өмір жолының әрбір белесіне жеке-жеке тоқталудың қажеттігі бола қоймас. Бұл жерде оның болашақ қызметінің көп ретте Алматы облыстық, қалалық, соның ішінде Совет аудандық комсомол комитетімен, қалалық партия комитетімен байланысты болғандығын ғана атап өткен жөн. Отбасы жағдайына байланысты университеттің сырттай оқу бөліміне ауысқан ол көп ұзамай Совет аудандық комсомол комитетінің мектеп, комсомол және пионер ұйымдары бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалады. Содан кейінгі жерде Алматы облыстық селолық комсомол комитетінде (ол кезде обкомның өзі екіге бөлінетін) нұсқаушы, бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарып, 1965 жылы жоғарыда аталған Совет аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, 1968 жылы Алматы қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады.
Еліміздегі ең үлкен мегаполисте жастар жетекшісі қызметін атқарудың қаншалықты жауапкершілігі зор жұмыс екендігін жіктеп жатудың өзі артық болар. Алайда бұған дейінгі қызметтерінде де біліктілігімен, үлкен ұйымдастырушылық қабілетімен танылған Тельман Еркінбекұлы бұл жұмысты да абыроймен атқарды. Қаладағы жоғары, арнайы орта оқу орындары мен мектептердің, үлкенді-кішілі кәсіпорындар мен өнер, мәдениет ордаларының жастарымен жанды байланыс орнатып, белсенді жұмыс жүргізді. Оның бастамасымен ұйымдастырылған мәдени-көпшілік, тәрбиелік бағыттағы шаралар қашанда өзінің мазмұндылығымен, тартымдылығымен ерекшеленетін.
Жалынды жастар жетекшісінің бұл орайдағы құлшынысы мен оның бойындағы жақсы қасиеттердің, ұйымдастырушылық қабілетінің басшылар назарынан қағыс қалмайтыны белгілі еді. Бұл жолы да солай болды. Ендігі жерде Тельман Сауранбеков сол кездегі астана Мәскеуге, Бүкілодақтық комсомолдың Орталық комитетінің аппаратына қызметке шақырылды.
«Адамның кім екендігің нақты білгің келсе, жоғары лауазымды қызметке тағайында» деген де тәмсіл бар. Мұндай тұжырым қолына аздаған билік тисе дүниенің тұтқасын ұстағандай болып өзгеріп шыға келетін адамдарға қарата айтылған сияқты. Тельман Еркінбекұлы болса Мәскеуде қызмет істеген үш жылдың ішінде, одан кейінгі жерде Қазақстан комсомолы Орталық комитетінің, Алматы қалалық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы қызметін атқарған кезінде, ҚР Президенті аппараты мен Министрлер Кабинетінде, ҚР Парламенті Сенатының аппаратында жұмыс істеген шақтарында ондай астамшылықтан аулақ болды, қай кезде де өзінің кішіпейіл, ізетті, жолдастыққа адал қалпынан айныған жоқ. Оның өз ортасында, жалпы көпшілік арасында сыйлы, беделді болуы да осы бір асыл қасиеттеріне қатысты десек, ешбір асырып айтқандық бола қоймайды.
Аңызға айналған достық
Қайраткердің жан-жақты, сан қырлы тұлғасы жайлы әңгімелегенде оның тәлімгер ұстаздары мен жан аяспас достары жайлы айтпай кете алмаймыз. Ұстаздары дегенде ойымызға ең алдымен ұлтымыздың ұлы перзенті Бауыржан Момышұлы оралады.
Белгілі қаламгер Құрманбек Сағындықов пен Еркінбек Сауранбеков Баукеңмен өмірлік дос болған екен. Үш достың бірінің біз әңгімелеп отырған Тельман Сауранбековтің әкесі екендігін де бірден ашып айта кетейік. Аңызға айналған осынау керемет достық жайында батырдың келіні Зейнеп Ахметова өзінің «Шуақты күндер» атты кітабында былай деп еске алады:
«…– Күні бүгінге дейін бір жағдайға таңданам, – деп басын шайқап қойды атам. – Баяғыда, мен Жуалыда райкомда істеп жүргенде, Еркінбектің үйінде тұрдым. Еркінбек Құрманбек екеумізден екі-үш жас үлкен болатын. Бірақ біздің сырлас, қимас дос болуымызға оның әсері тиген емес. Кеудемізді арман мен тілек кернеген жас кезіміз, басымыз біріксе-ақ алдағы күнімізді армандап, жорамал жасаймыз. Сонда Құрманбек «мен журналист боламын» дейді. Мен «әскери адам боламын» деймін. Еркінбек екеумізге қарап күліп қойып: «Ниеттеріңе жетіңдер, армандарың алдарыңнан шықсын, екеуің сыртта жүргенде біреуіміздің ауылда қалғанымыз жөн. Сондықтан мен осында қалып, ауылдың белсендісі болайын» дейтін. Осы айтқандарымыз айнымай келді. Еркінбек марқұм өмірінің соңына дейін Жуалы ауданында партия, совет қызметінде болып, адал тер төкті. Құрманбек болса белгілі журналист, жақсы аудармашылығымен танылды. Өзің білесің, Александр Бектің «Арпалысын» ойдағыдай аударып, қазақ оқырманына жеткізді. Үшеуміздің достығымыз ертеден басталып, талай асудан асты»…
Ел есіндегі осынау үш атпал азаматтың ажырамас достығын балалары Бақытжан, Кеңес, Тельмандардың жалғастырғаны сүйіндірмей қоймайды. Мұны әкелері де қаласа керек, содан кейін де олардың балалары үш досты бөліп-жармай әке қатарында санапты. Бұл мысалдан Тельман ағамыздың өз әкесінен ғана емес, атақты Баукеңнің өзінен, белгілі журналист, шебер аудармашы Құрманбек Сағындықовтан да тәлім, өнеге алып өскендігін, қайраткер болып қалыптасқандығын көреміз.
Жоғарыда Тельман Еркінбекұлының орыс мектебінде оқығанын айтып өттік. Жақын жерде басқа мектеп болмағандықтан Бақытжан мен Кеңес те орыс мектебінен білім алыпты. «Кеңес пен Бақытжан қазақшаға біраз шорқақтау, ал Тельман ауылда өскен соң ба, екі тілде мүдірмей әдемі сөйлейді. Үшеуіне ортақ бір қасиет – бұлар сөз мәнісін, сөз қасиетін жақсы түсінеді. Орысша оқығандарына қарамай қазақы қалжыңға келгенде бірінен-бірі өтеді. Әсіресе Тельман қамшы салғызбайды», – дейді Зейнеп апай бұл жайында.
Қазіргі кезде орысша оқып, тәрбие алғандарды өз ұлтына қызмет етпейді, ешқашан оның мұң-мұқтажын ойламайды деп біржақты айыптайтын да үрдіс пайда болды емес пе? Қалай десек те бұл тұжырымның Тельман Еркінбекұлына тікелей қатысты еместігін де бірден айта кетейік. Соған орай ол өмірінің бұл кезеңін: «…Бақшадан кейін Бурный орыс орта мектебінің 1-сыныбына бардым. Ол кезде аудан бойынша жалғыз орта мектеп осы ғана, басқа ауыл мектептерінің бәрі 7 жылдық. Біздің мектепте бір мыңнан аса бала оқыды. Көпшілігі орыс, украин, неміс, чешен балалары, қазақтар санаулы ғана. Орысша оқимыз, тәрбиеміз де орысша. Бірақ, үйде қазақша сөйлеп, қазақша тәрбиеленгендіктен мен қазақы қалпымды сақтап өстім», – деп толғана еске алыпты.
Баукеңе қатысты тағы бір әңгіме – Алматы қаласының миллионыншы тұрғыны өмірге келгенде сәбидің атын қою мәселесі күн тәртібіне шығады. Неше түрлі есім ұсынылғанымен барлығы түптеп келгенде батыр атамыздың атына тоқтайды. Бұған сәбидің ата-анасы да қарсы болмайды. Ендігі мәселе батыр атамыздың келісімін алу мәселесіне келіп тіреледі. Мұны Тельман Еркінбекұлы өз міндетіне алып, абыроймен атқарып шығады. «Менің атым орыстың Иванындай болған жоқ па, басқа ат құрып қалды ма?» деп күркіреп-сарқырап барып басылған Баукең аздан соң сабасына түсіп, сәбиге ақ батасын беріпті. Тельман ағамыздың миллионыншы тұрғынды анықтау барысында жоқ жерден туындаған дау-дамайға биік ақыл-парасатымен, бедел-білігімен тоқтам қойып, көпшілікті бір тұжырымға тоқтатқаны өз алдына бөлек әңгіме.
Бұл әңгіменің жалғасы да жоқ емес. Баукең өмірден өткеннен кейін қырық күндік ас нәзірі беріліп жатқан кезде Тельманның тұңғыш немересі дүниеге келеді. Ас нәзіріне келгендерге зыр жүгіріп қызмет істеп жүрген Тәкең сүйінішті хабарды естіген сәтте немересіне батыр атасының есімін қойсам деген ниетін ортаға салып, сол жердегі үлкендердің ризашылығын, ақ батасын сұрайды. Осылайша алғаусыз достық пен шынайы сыйластықтың алтын арқауы әкеден балаға, олардан немере мен шөбереге жалғасып, кейінгі ұрпаққа өлшеусіз өнеге, теңдессіз тәлім болып қалды деуге болады.
Есімі ел есінде
Есімі ел есінде қалған абзал азамат, Димаш Ахметұлы мен Асанбай Асқарұлы, Өзбекәлі Жәнібеков сияқты бірегей тұлғалармен тығыз байланыста қызмет атқарып, тәлім-тәрбиесін көріп, өнегесін алған Тельман Сауранбеков сексеннің сеңгіріне таяған шағында, 2020 жылдың қазан айында өмірден өтті. «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» дегендей, туған елі, марқұмның қызметтестері мен достары, жақындары бүгінде арқасүйер азаматының атын ардақтау мәселесін көтеріп отыр.
Көп жылғы ерен еңбегі үшін Тельман Еркінбекұлы екі мәрте «Құрмет Белгісі» орденімен, көптеген медальдармен, БЛКЖО Орталық комитетінің «Комсомолдағы белсенді қызметі үшін» төсбелгісі және Құрмет грамоталарымен, Қазақстан ЛКЖО Орталық комитетінің Құрмет грамоталарымен марапатталған болатын. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан комсомолы мен Қазақстан Компартиясының бірнеше съездерінің делегаты болып, алқалы жиындардың төрінде абыройы асқақтап отырды. Ердің жасы – елуден асқан шағында өзі туып-өскен өңірдің – «Жуалы ауданының Құрметті азаматы» атанды.
«Қара қарға тапқанын бауырына басып жейді, ақсұңқар құс тапқанын жан-жағына шашып жейді» деген де тәмсіл бар. Сол айтқандай, Тельман Еркінбекұлы да қолындағы барын қиналғандармен бөлісіп жегенді жақсы көретін, жасы келген қарттар мен көпбалалы отбасына болысқысы келіп тұратын қайырымды азамат болыпты. Бұл сөзімізге оның қамал бұзар қырықтан асқан шағында «Игілік» қайырымдылық қорына жетекшілік жасап, жасы келген қарттар мен жетім балаларға, аз қамтылған отбасыларына моральдық, материалдық жағынан көмек көрсетіп, қиналғанға демеу, сүрінгенге сүйеу болғаны, одан кейінгі жерде «Бауыржан Момышұлының мұрасы» атты қоғамдық қор құрылтайшыларының қатарында болып, батыр шығармаларын жинақтап, жарыққа шығару, насихаттау, Баукең мұрасымен айналысып жүрген шығармашылық ұйымдарға, оқу орындарына және жеке тұлғаларға қамқорлық жасау ісіне өзіндік үлкен үлесін қосқаны дәлел.
Қазақта «Қосағыңмен қоса ағар» деген кереметтей баталы тілек бар. Сол айтқандай, Тельман ағамыз да қосағы Мейіржанмен қоса ағарып, балаларынан немере, шөбере сүйіп, баба дәрежесіне жетті. Өмірде одан артық бақыт бар ма?!
Ендігі жерде оның ел жадындағы, халық зердесіндегі екінші өмірі басталды деп түйіндеуге болады. Бұлай деп тұжырымдауымызға да айтарлықтай негіз бар. Мақала газетке дайындалып жатқан кезде ұялы телефондағы уатсап желісіне мына бір хабарлама келіп түсті:
«2021 жылдың 1 қазаны күні сағат 11.30-да көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, «Құрмет Белгісі» орденінің екі дүркін иегері Тельман Еркінбекұлы Сауранбековтің құрметіне орнатылған мемориалдық тақтаның салтанатты ашылу рәсімі өтеді.
Мемориалдық тақта орнатылған үйдің мекенжайы: Алматы қаласы, Медеу ауданы, Д. Қонаев көшесі, 158/160 үй (Құрманғазы көшесінің қиылысы)».
Әрине, мұндай мемориалдық тақта қаладағы кез келген үйге орнатыла бермейді. Ел мен жерге еңбегі сіңіп, қайраткерлігімен жұрт жадында қалған азаматтар ғана мұндай құрметке лайық саналады. Демек, Тельман Еркінбекұлы Сауранбеков те сондай ерен құрметке лайық бірегей тұлғалардың қатарында. Соған орай алдағы уақытта бұл үймен көрші тұратын, тіпті осы көшеде тұратын азаматтар, желкілдеп өсіп келе жатқан жас өркен: «Біз қайраткер атамыздың көзін көргенбіз, өзін көргенбіз, сол көшеде тұрамыз» деп мақтанатындай күйге жетеді. Ондай азаматтарымыздың қатары көбейе берсін қашанда.
Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,
Қазақстанның Құрметті
журналисі





