Жетісу облысы бойынша «Қазсушар» РМК Жетісу филиалы Қаратал ауданының шаруаларына 18,5 млн. текше метр су берді.
Суарылған ауылшаруашылығы алқаптарының нақты көлемі – 1802 гектар. Өңірлік филиал жергілікті шаруалармен су беру жөнінде 395 келісімшарт жасады. Қаратал ауданы бойынша биылғы суару маусымына су пайдаланудың алдын ала жоспары 90,0 млн. текше метр. Аудандағы Үштөбе, Ескі Күшік, Күшік-Кәлпе магистральдық арналары, Р-9, Р-2-12,Р-15 су тарату арналары мен ВК-1-6, ПР-3, Күркілдек, Коллектор-4 арналары механикалық әдіспен тазаланды. Сондай-ақ, Р-9, Р-2-12, Р-2-7, Р-2-8, Р-2-9 су тарту арналарының 23 текше метр бөлігінде түбін және қабырғаларын бетондау жұмысы жүргізілді.
Айта кетейік, елімізде суару маусымы басталғалы 12 мыңға жуық шаруаға 2 млрд. текшеметр су берілді. Бүгінгі таңда вегетация кезеңі штаттық кестеге сай өтіп жатыр. «Қазсушар» мекемесі биыл 790 мың гектардан аса ауылшаруашылығы алқабын суаруға 12 млрд. текше- метр су жіберуді жоспарлап отыр. Оның ішінде 7,3 млрд. текшеметрі оңтүстік өңірдің егістіктеріне жұмсалады. Кәсіпорын филиалдары биыл диқандармен су беру бойынша 18758 келісімшарт жасады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 32 пайызға артық. Суару маусымына дайындық аясында 83 гидробекет жөнделіп, қалпына келтірілді. Сонымен бірге, 775 гидробекет аттестациядан өтті.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиеваның айтуынша, кәсіпорын филиалдары арнайы су пайдалануға рұқсат алып, су қоймаларының жұмыс кестесі бекітілген. Суару желілеріне вегетацияға дайындық аясында жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Еліміздегі суармалы алқаптың негізгі бөлігі оңтүстік өңірлерге тиесілі, бұл кәсіпорын арналары арқылы суарылатын егіс алқаптарының шамамен 97 пайызын құрайды.
Айгүл Байжұмақызы
Қаратал ауданы