Қай кезде де адам қауіпсіздігі алдыңғы орында тұру керек. Кез келген төтенше жағдайда жас та, ересектер де өзі мен айналасындағыларға қол ұшын созып, алғашқы көмек көрсете білгені дұрыс. Десек те оған да білім мен адамзатты өлім аузынан алып қалатын айла-шарғыны меңгеру маңызды. Осы тұста «Әдеп-құқық жөніндегі ментор» жобасы аясында ұстаздар мен басқа да сала мамандарына сабақ-дәріс өткізілді.
Суға шомылу маусымы басталғаннан бері төтенше жағдай қызметкерлері тыным таппайды. Өзен, көл, су қоймаларындағы жағдайды бақылап, адамдарға қарапайым талап-ережелерді түсіндірумен әлекке түседі. Ол жерде төтеншеліктердің сөзін құлаққа ілетіндерді де, ілмейтіндерді де кездестіруге болады. Дегенмен, сала мамандары өздеріне жүктелген жауапкершіліктен жалтара алмайтындықтарын, ережедегі міндетке бағына әрекет ететіндерін айтады.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері жиында көпшілікке адам суға батқанда қандай әрекет ету керек, ата-аналар балаларын шомылуға апарғанда өзен-көлдегі су деңгейі мен су астындағы зиян келтіретін заттардың болмауына көз жеткізіп алуы тұрғысында әңгіме өрбітті. Сонымен қатар, құтқару құралдарын қалай қолданса пайдалы болатынын түсіндірді.
Өңірлік жедел және шұғыл медициналық жәрдем көрсету стансысының қызметкерлері де шара аясында тәжірибелерімен бөлісіп, алғашқы көмекті қалай көрсету керектігі тұрғысында тәжірибелік сабақ өтті. Келеңсіз жағдайға тап болған адамға дем беру, массажбен аяққа тұрғызу сияқты әрекеттерді іс жүзінде жүзеге асырып, білік, білімдерін көрсетті.
– Біз бұл күні маусымдық жұмыстар басталғанын айтқымыз келеді. Қуаныш, қызығынан бөлек қауіпті кезеңді де бастан өткеретініміз ақиқат. Сол себепті төтенше жағдайлар департаменті мен жедел және шұғыл медициналық жәрдем көрсету стансысының қызметкерлерін арнайы шақырып, сабақ-дәріс өткізіп отырмыз. Бұл шара ұстаздар мен ата-аналардың осы мәселеде білімдері, тәжірибелері болсын деген мақсатта ұйымдастырылып отыр. Апат айтып келмейді, сондықтан барлық жағдайға дайын жүргеніміз маңызды, – дейді ментор Бақтияр Жақсыкелдінов.
Жиын барысында көпшілік сала мамандарына сан алуан сұрақ қойды. Тұшымды жауап естіп, арнайы тәжірибесімен бөлісуге келген тұлғаларға ризашылықтарын білдірді.
Медет ЖҰМАБАЙ