Биыл сарқандық диқандар алғаш рет мәдени дақыл саналатын зығыр тұқымын екті. Фермерлер ылғал үнемдейтін технологиялар қолдануды жоспарлап отыр. Олардың пікірінше, бұл жаздың құрғақшылығында аталған дақылға күтім жасаудың ең тиімді әдісі болмақ.
Шаруашылық жетекшісі Ғалым Рахметқалиев ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірумен 26 жылдан бері айналысып келеді. Негізінен ол майбұршақ пен жүгері сияқты бұршақ дақылдарына басымдық береді.
Ол биыл жаңа бағыттарды игеру туралы шешім қабылдап, алғаш рет майлы зығыр мен күнбағыс дәнін еккен. Барлығы 100 гектар алқапқа зығырдың «орташа Лирина» сортын сепкен шаруа күзде гектарынан 20-25 центнерден өнім жинаймыз деп жоспарлап отыр. Өңірде майлы дақылды өңдейтін бірнеше кәсіпорын бар. Сол себепті шикізат өткізуде еш кедергі болмақ емес. Өйткені қазірдің өзінде оған сұраныс бар.
– Майлы дақылдар дәнді дақылдарға қарағанда үнемді болды. Соңғы жылдары оларға сұраныс төмендеді. Сондықтан біз толық майлы дақылдарға көшсек деп отырмыз. Зығырдан жақсы май алынады. Оның өнімділігі шамамен 50 пайызды құрайды, – дейді Ғалым Рахметқалиев.
Жыл сайын бұл шаруашылықта мың гектарға жуық жер игеріледі. Жаздың құрғақшылығын ескере отырып, олар ылғал үнемдейтін технологияларды қолданудың маңызды екенін түсінді. Сондай-ақ, ол биыл 100 гектар жерге егілген күнбағысқа ылғал үнемдейтін технологияны қолданбақ.
Айта кетейік, аудандағы егістіктің жалпы алаңы 100 мың гектарға жуық. Олардың негізгі бөлігі дәнді және майлы дақылдарға арналған. Егістіктен мол өнім алу үшін фермерлер ауылшаруашылығы машиналары паркін жаңартпақ.
– Өткен жылы фермерлер 3,5 млрд. теңгеге ауылшаруашылығы машиналарын сатып алды. Ал биыл 1 млрд. теңгеге жуық техника алынды. Бұл топырақты өңдеу мен дақылдар өсіруде озық технологияларды қолдануға, өнімділікті арттыруға және ауылшаруашылығы өнімдерінің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді,– дейді аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Жандос Өмірсадық.
Осы маусымда аймақта майлы дақылдарға 95 мың гектарға жуық ауылшаруашылығы алқабы бөлінді. Оларды себу жұмыстары аяқталуға таяу.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА