С. Морозов атындағы № 51 орта мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы Алмагүл Садуақасова Астана қаласында өткен Ө. Жолдасбеков атындағы XV халықаралық математика және механика бойынша зерттеу жобалары байқауында 3 орын алды. Осынау жетістік мектебіміздің іргелі білім шаңырағы екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, ұжым мерейін өсірді.
Алмагүлдің Астана төрінде сәтті қорғаған ғылыми жобасы «Гидравликалық механизмдерді пайдалана отырып, оқу ойындарын құру» деп аталады. Осы жоба әу баста тәжірибелік іс-әрекеттер арқылы физикалық заңдылықтарды зерттеуге бағытталған. Қолға алған жұмысының бір ерекшелігі – гидравликаның негізгі қағидаларын оқу мақсаттарында қолданып қана қоймай, өзі секілді оқушылардың қызығушылығын ояту еді. Мұндай зерттеу ойындарын қолдану кезінде жас ғалым замандастарының күрделі ғылыми ұғымдарды жақсы түсінуіне, сыни ойлауды және инженерияға қызығушылықты дамытуға көмектесетінін байқады.
Алмагүлдің мектеп қабырғасында ғылым саласына бет бұруына бағыт-бағдар берген физика пәнінің мұғалімі Бауыржан Сақбаевтың айтуынша, жүргізілген іс-тәжірибе көптің көңілінен шығып, оң бағасын алған. Осы тұрғыдан аталмыш жобаны мектеп бағдарламаларына енгізу, оқушылардың инженерлік құзыреттіліктерін кеңейту және мұғалімдерге арналған оқу-әдістемелік кешендерді әзірлеу перспективалары бар.
– Жоба басқа шәкірттер жұмысының фонында ерекше көзге түсті, әсіресе жұмысты өте сауатты қорғау және көрсету ерекше болды. Мұндай жобамен ауданда орын алуға болатынымызға нық сенім болды, сондықтан Алмагүлдің жұмысына мектепте 1-орын беріп, аудандық ғылыми жоба байқауына қатысуға жіберілді. Біз жобаны бәсекеге сәйкес келетіндей етіп күрделендіріп алуды ойладық. Бастапқыда жоба мен жұмыс маған оңай және қарапайым болып көрінді, бірақ менің әріптесім, атап айтқанда Евгения Викторовна бұл жұмыстың облыста жүлделі орын алатынын айтты, шын мәнінде аталмыш жобаның мұндай табысқа жетеріне сенбедім, – дейді ұстаз Бауыржан Абайұлы.
Мұғалімдік қызметті атқарып жүргеніне бірер жыл ғана болған жас маман табысқа қол жеткіземін деп ойламаса керек. Әйтсе де аудандық ғылыми жобалар сайысында ұсынған жұмысы 1-орын алып, облыстық сайыста бақ сынайды. Шәкірті Алмагүл облыстық сайыста «Гидравликалық механизмдерді пайдалана отырып, оқу ойындарын құру» жобасын сәтті қорғау барысында 2-орын иегері атанады.
– Келесі кезең республика болды, бірақ оған жету үшін біз сынақтан өтуіміз керек еді, өкініштісі, сәті түспей бастаған істі қоя тұруға тура келді. Ақпан айының аяғында бізге «Жетісу дарыны» облыстық оқу-әдістемелік орталығынан телефон шалып, жұмысымыз механика саласындағы байқауға жарамды екенін жеткізді. Олар шұғыл дайындалып жатқанын, наурыздың 10-ы күні Астанаға жол жүру керек екенін, бізге жұмысты толықтай аяқтау қажеттігін айтты. Алмагүл екеуміз жауапкершілікті сезініп, іске кірісіп кеттік. Шәкіртім жұмыстың өзін, мен жобаның техникалық бөлігін орындадым. Мәселен, баннер, қорғауға презентациялар, байқауға жұмыстың дизайнын жасау, антиплагиатқа тексеру секілді істі орындадым. Жеке мен үшін жұмыс шикі, аяқталмаған, әлі де өте қарапайым, сонымен бірге өте жеңіл сияқты көрінді. Халықаралық деңгейде орын аламыз деп ойлаған жоқпын, десек те ауқымды байқауға қатысатынына қуанышты едім. Халық-аралық байқауда шәкіртімнің 3-орын алғанын естігенде сенер-сенбесімді білмедім, бұл мүмкін емес деп ойладым. Жалпы, өте қуаныштымын, бұл мен үшін де, оқушым үшін де зор жетістік, – дейді Бауыржан Абайұлы ағынан жарылып.
Әлбетте, Астана төрінде өз жобасын тәжірибелі қазылар алқасының алдында сәтті қорғаған Алмагүлдің алған әсері айрықша болды.
– Жолдасбеков атындағы халықаралық байқау «Механика» секциясы бойынша әлемнің түкпір-түкпірінен талантты қатысушылардың басын қосып, жоғары деңгейде өтті. Атмосфера ғылым рухына, жаңа ашылымдарға ұмтылыс пен достық бәсекеге толы болды. Әрбір жетістік уақытыңды сарп еткен тынымсыз еңбектің, тәжірибе мен рефлексияның нәтижесі. Сахна төрінде іс-шараны жүргізушілер менің жұмысым үшінші орын иеленді деп хабарлағаны мен үшін естен кетпес сәт еді, – деді бізбен әңгімесінде Алмагүл Садуақасова.
Иә, Алмагүл осы белесті бағындыруға көп күш-қайрат жұмсады. Гидравликалық жүйелердің жұмыс істеу принциптерін зерттеді, Паскаль заңдары, сұйықтардағы қысымның берілу қағидасы секілді ілімді тереңірек меңгеруге тура келді. Мұны өзі түсініп қана қоймай, алған білімін балалармен бөлісті. Балалардың құрылғының қалай жұмыс істейтінін іс жүзінде көре алуы үшін гидравликалық механизмдер негізінде оқу ойындарын құру туралы нысқаулар бар кітапша жасады. Мектеп оқушыларымен бірге гидравликалық модельдерді құрастырды, механика заңдарын тәжірибеде қолдана отырып, көпірлер, лабиринттер тұрғызды. Мұның бәрі Алмагүл үшін жай ғана жоба емес, миссия болды. Бұл орайда Алмагүлді зор жетістігімен құттықтай отырып, болашақта ғылым саласында жаңа асуларды бағындыра бер демекпіз.
Асхат Өмірбаев