Қонаев қаласы кітапханасында Алматы облысы қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Жиында «ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің атқарып жатқан жұмысы баяндалды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының Алматы облысы бойынша бірінші орынбасары Нұрсұлтан Бекинов Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ақпараты бойынша өткен жылы елде 251 қоғамдық кеңес жұмыс істегенін атап өтті.
– Өткен жылғы әлеуметтік сауалнама нәтижелері бойынша қоғамдық кеңестер жұмысының тиімділігі қай деңгейде екені анықталды, ол небары 29,5 пайыз. Ал өңірлерде осы институтқа деген көзқарас әртүрлі. Яғни, бұл қоғамдық кеңес мүшелерінің жұмыс нәтижесін көрсетеді, – деді Нұрсұлтан Бекинов.
Ол сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы азаматтық қоғамның рөлін күшейтуге бағытталған міндеттер блогын ұсынды.
– Біріншісі – қоғамдық кеңестің сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға және жоюға қатысуы. Екіншісі – мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын іске асырудың қоғамдық мониторингі. Мәселен, ұлттық жобалар бөлігінде мынадай тетік ұсынылады. Бүгінгі таңда жобалардың іске асырылу барысы туралы барлық өзекті ақпарат «EasyProject» ӘСІТ- да
орналастырылады және тек мемлекеттік органдарға қолжетімді. Үшіншісі – сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы қоғамдық кеңестердің рөлін күшейту. Қоғамдық кеңес жанынан бюджеттер, тарифтік саясат, құқықтық тәртіп және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия жұмыс істейді. Бұл бүкіл ел бойынша қоғамдық өкілдер желісін құруға мүмкіндік береді, – деп қорытындылады Нұрсұлтан Бекинов.
Соңында облыстың қоғамдық кеңесінің төрағасы Ескелді Қасымов ережені бекіту, облыста маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетіктерін іске қосу үшін жобаны қарау жайында айтып берді. 2019 жылғы қаулыны қабылдап, халықтың қажеттіліктерін ескере отырып толықтырып, өзгертіп, қоғамдық кеңес оны азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетігі ретінде бекітті. Осылайша, бағаны реттеу негізгі тағамның 19 түріне қолданылады.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА,
Алматы облысы





