«Бірінші байлық денсаулық» дейді халық даналығы. Бұл ұғым ерекше мәнге ие Қазақстанда халықтың денсаулығын сақтау бағытында ұлан-ғайыр игілікті істер атқарылуда. Соның бір айғағы ауыл халқын заманауи медицина мекемелерімен қамтамасыз ету үшін Үкімет жыл сайын қомақты қаржы бөліп келеді.
Өткен жылдың өзінде Ақкент, Ақарал ауылдарында блокті-модульді емхана тұрғындардың игілігіне берілсе, биыл Шежін ауылында күніне 15 сырқатты қабылдай алатын фельдшерлік-акушерлік пункт іске қосылды. Былтыр Нәдек ауылында 25 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория салуға 200,0 миллион теңге бөлініп, «Жаркент алғыр» ЖШС құрылыс жұмыстарын қарқынды атқаруда.
Жақында Алтыүй ауылындағы жаңа салынған дәрігерлік амбулатория жергілікті тұрғындарға есігін айқара ашты. Бұл қуанышқа ауыл тұрғындары түгел дерлік жиналды. Өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бері жұмыс істейтін медицина мекемесінде бастапқыда бір ғана фельдшер қызмет көрсетсе, бүгінде мамандардың саны, ауқымы мен сапасы артқан. Қазір мекемеде 2 жоғары білімді дәрігер, 6 медбике, жалпы 18 маман еңбек етеді. Олардың арасында амбулатория меңгерушісі Айдана Дуақасова, медбике Тамаша Қалқабаева, тіс дәрігері Дәулет Момбеков, акушер Меруерт Сатылғанова сынды тәжірибесі мол білікті мамандар бар. Олар күніне 25 адам қабылдайды.
– Соңғы жылдары аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартатын көптеген құрылыс салынуда. Алтыүй ауылындағы Ә. Қастеев атындағы және Н. Головацкий ауылындағы орта мектептер күрделі жөндеуден өткізіледі. Лесновка ауылында 300 орынды жаңа мектеп ғимараты салынуда. Сол сияқты ауданымыздағы медицина мекемелерінде жағымды жаңалықтар баршылық. Басқаны айтпағанда, 3 ауылда медицина мекемелерінің ғимараты жаңадан салынып отыр,– деді аудан басшысы Марат Сағымбек.
Шара барысында Алтыүй ауылдық дәрігерлік амбулаториясының құрылысын жүргізген «Нұр Шапағат құрылыс» ЖШС директорының орынбасары Дәурен Ахметов амбулатория меңгерушісі Айдана Дуақасоваға дәстүрлі «кілт тапсыру» рәсімін жасады.
Шара соңында ауыл тұрғындары ғимараттың ішіне кіріп, жаңа амбулаторияны қызыға, қуанышпен тамашалады.
Мырзағали Нұрсейіт





