22 қыркүйектен 23-іне қараған түні футболдағы беделді марапат – «Алтын доп» иегерлері анықталады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Бұл сыйлықты France Football журналы 1965 жылдан бері табыстап келеді.
Соңғы регламентке сәйкес, ойыншылардың жетістігі күнтізбелік жылмен емес, маусыммен бағаланады. Биылғы есепке алынатын кезең – 2024 жылдың 1 тамызынан 2025 жылдың 13 шілдесіне дейін. Ұлттық құрамалар арасындағы ірі турнирлер өтпегендіктен, шешуші көрсеткіш ретінде Чемпиондар лигасындағы нәтижелер ескеріледі. Бұл додада жеңімпаз атанған «Пари Сен-Жерменнің» ойыншылары негізгі үміткерлер қатарында.
Сонымен бірге медиялық танымалдық та әсер етпек. Бұл тұрғыда ішкі біріншіліктерде жеңіске жетіп, Чемпиондар лигасының жартылай финалына шыққан «Барселона» футболшылары алдыңғы қатарда. Opta Analyst пен Goal.com дерегінше, басты фаворит – «ПСЖ» шабуылшысы Усман Дембеле. Дегенмен БАҚ-та «Барселона» вингері Ламин Ямалдың жеңісіне сенімді екені жазылып, оның марапаттау рәсіміне отбасымен келетіндігі хабарланған.
Жалпы, «Алтын доп – 2025» жүлдесіне 30 футболшы үміткер. Өткен жылы фаворит саналса да, «Реалдың» шабуылшысы Винисиус Жуниор емес, «Манчестер Сити» жартылай қорғаушысы Родри топ жарған болатын. Бұл шешімге мадридтік клуб наразы болып, әлеуметтік желілерде қарсылық білдірген еді.
Айта кетейік, «Алтын допты» ең көп иеленген футболшы – Лионель Месси (8 рет). Одан кейінгі орында Криштиану Роналду (5 рет).





