Жетісу облысының орталығында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес 15 анаға алтын және күміс алқа табысталды. Олар 6 және одан да көп баланы дүниеге әкелген ардақты аналар.
Талдықорғандың қала күні қарсаңында өткен арнайы басқосуда шаһар басшысы Ернат Бәзіл батыр аналарды жүрекжарды қуанышымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
– «Қоғамда отбасы құндылықтары маңызды рөл атқарады. Ата-ананың тағылымды тәрбиесін алып өскен бала болашақта мемлекеттің дамуына өз үлесін қосары сөзссіз. Сол мемлекеттің болашағын тәрбиелеп, өсіріп отырған сіздердей аяулы да асыл аналар. Бастарыңызға амандық, шаңырақтарыңызға бақ-береке тілеймін. Мәпелеп отырған ұл-қыздарыңыз үкілеген үміттеріңізді ақтасын», – деді қала әкімі.
Мамандардың мәліметінше, бүгінде облыс орталығы Талдықорғанда жалпы тұрғындар саны 200 мыңға жуық. Соның 6 мыңнан астамы көп балалы аналар.
Сөз кезегінде алған марапаттарына өз ризашылықтарын білдірген алтын және күміс алқа иелері өздері тәрбиелеп өсіріп жатқан ұрпақтарының болашақа білімді де білікті елдің дамуына еселі үлес қосатын азаматтар болып есейтуге күш салатынын жеткізді.
Айдын КӘЛІМХАН