Жаңа жыл – өткен кезеңді қорытындылап, алдағы уақытқа жоспар, болжам жасайтын уақыт. Бұл тұрғыдан келгенде қазақи әдетпен өткен жылға өкпе жоқ деп салауат айтуға дайын тұрамыз. Ол дұрыс та шығар. Ал енді келер күнге, жақын болашаққа, соның ішінде есіктен еніп отырған жылымызға қандай болжам жасауға болады?
Бірден айта кетейік, өздерін керемет сәуегей санайтын бақсы-балгерлерді былай қоятын болсақ, бәрін өлшеп-пішіп отырған ғалымдарымыздың өздерінің болжамы да, жұмсарта айтқанда, көңіл қуантарлықтай емес. Оның ең басты себебі де бүкіл адамзат баласын толғантып отырған экология мәселесінің нашарлап бара жатқанына, түптеп келгенде адамзат факторына келіп тіреледі. Бір мезгілде бәрінен күдер үзіп, түңіліп кетуге де негіз жоқ екенін ескерте кетейік.
Әрине, жер әлемге мейір-шуағын төгіп тұрған жарық Күннің бетінде болып жатқан ірілі-ұсақты жарылыстарды адамзат факторымен байланыстыра қою қиын. Әйтсе де оған көңіл бөлмеуге, болашақта болуы мүмкін зардаптарын ескермеуге тағы болмайды.
Иә, Күн белсенділігінің 11 жылдық циклі 2025 жылы аяқталады. Дегенмен солай екен деп босаңсуға да негіз жоқ. Ғалымдардың айтуынша, жарық шырағымыздың 22 жылға созылатын, «Хейл циклі» деп аталатын тағы бір циклі бар. АҚШ Ұлттық атмосфералық зерттеулер институтының гелиофизигі Скотт Уильям Макинтош бұл кезеңде жер атмосферасының жоғарғы қабатындағы геомагниттік белсенділік 50 пайызға артып кетеді деп тұжырымдайды.
Әлемнің түкпір-түкпірінде, тіпті бұған дейін ондай құбылыс байқалмаған өңірлердің өзінде түрлі түсті полярлық шұғыланың көрініс бергені жайынан хабардар боларсыздар. Оқымыстылардың болжауынша, биыл ондай құбылыс бұрынғыдан да жиі орын алмақ. Мұның өзі жер серіктерінің, ғарыштық аппараттардың, коммуникация мен байланыс құралдарының жұмысына елеулі кедергі келтіреді.
Ғаламтордағы кейбір білгіштер Күн бетінде болатын осындай аса қуатты жарылыстардың салдарынан, бұрқанған магниттік дауылдардың кесірінен әлем халқы интернетсіз, тіпті электр жарығынсыз да қалуы мүмкін деп даурығуда. Олар жұртшылықты биыл Күн белсенділігі шырқау шегіне жететіндігіне байланысты магниттік дауылдар жер серіктерін істен шығарып, серверлердің жұмысын бұзуы мүмкін, соның салдарынан жер бетінде толықтай хаос, бей-берекеттік белең алмақ деп қорқытуда.
Ресейдің Ионосфера институтының қызметкерлері бұлайша қауіптенуге негіз жоқ деп есептейді. Өйткені Күн бетіндегі жарылыстарды соншама уақыт, яғни бір жыл бұрын анықтау мүмкін емес.
Иә, бірнеше сағат бұрын дәл болжам жасауға, бірнеше тәулікке шамалап болжам жасауға болады. Ал бір жылға ондай көріпкелдік жасау шын мәнінде мүмкін емес көрінеді. Демек, 2025 жылы «ғаламтордың өшіп қалатыны, электр жарығынсыз қалатынымыз» қазіргі тілмен айтқанда фейк десек те болады.
Қазақстандық астрофизик Виктор Тейфель де бұл тұжырымды жоққа шығармайды. Ол Күн бетіндегі жарылыстардың, магниттік құйындардың Жер ғаламшарына айтарлықтай әсері болғанымен оның атмосферасы мен магнит өрісінің бізді сенімді қорғайтынын айтады. Ғалымның тұжырымдауынша, 2025 жылы Күн белсенділігі бұрынғыдан да арта түспейді, керісінше, оның төмендеу кезеңі басталады.
«Біз Күн бетіндегі процестерді 200 жылдан бері зерттеп келеміз, ал оның өзі бізге 4,5 миллиард жылдан бері шуағын төгіп тұр. Осы уақыттың ішінде күн белсенділігінің өлшеусіз циклдері қайталанғаны белгілі. Соңғы екі ғасырдың өзінде осындай 11 жылдық 20 цикл қайталанды. Жер мен оның экожүйесі үшін мұндай өзгерістер әлдеқашан үйреншікті жайтқа айналған», – дейді Виктор Тейфель.
Әйтсе де босаңсуға да негіз жоқ екенін жоғарыда айтып өттік. Олай дейтініміз, NASA сарапшылары осындай Күн белсенділігі кезеңінің өз кезегінде вулкандар белсенділігін арттыра түсетінін айтып, дабыл қағуда. Оған себеп – ғылым тілінде айтылатын «вулкандық қыстардың» барлық белгілі кезеңдері нақ осындай жылдары орын алған. Мәселен, 1816 жылы бұрқ ете түскен Тамбора вулканы Баварияда жаздың аптап ыстығы тұсында қар жаудырып, АҚШ-та жадыраған жаз айы кезінде түскен суықтан жаңа қырқылған қойлар қырылып қалды. Мұндай апатты жағдайлар биыл орын алғандай болса, бірқатар елдің экономикасына айтарлықтай зиянын тигізуі ықтимал.
Бүгінде вулканологтар Аляскадағы Эджикумбе мен Индонезиядағы Анак-Кракатау, Камчаткадағы Шевелуча вулкандарының «ояну» белгілері байқалып отырғанын ескертуде. Әйтсе де ең қорқыныштысы – Тынық мұхиты аумағындағы, Мариан аралдары, Ахай таулары маңындағы аса ірі суасты вулканы белсене бастаған. Аталған вулкан атыла қалған жағдайда жойқын цунами пайда болып, бірнеше елдің жағалау аумақтарын толықтай шайып кетуі мүмкін.
Американ климатологтары Эль-Ниньо ағысының біршама бәсеңдегеніне қарамастан 2025 жылдың аса ыстық болатынын болжап отыр. Мұның өзі мұздықтардың еріп, Әлемдік мұхит деңгейінің көтерілуіне әсер етпей қоймайды. Нәтижесінде Американың Бостон, Нью-Йорк, Атлантик-Сити мен Майами сияқты қалаларын су басу қаупі бар. Нақ осындай қауіп Гималай мен Индияның, Қытай мен Перудің жекелеген өңірлеріне де төніп тұр.
Сарапшылар биыл орман өрттері аумағының да арта түсетінін ескертуде. Аптап ыстық АҚШ пен Испания, Канада, Франция мен Ресей аумақтарына апат әкелуі ықтимал.
Жалын тілінің орман алқаптарын қалай жалмайтынын әлем жұртшылығы былтыр көгілдір экраннан қаншама рет көрген де болар. Адамзаттың басына ондай апат төнбей-ақ қойсын деп тілейміз. Жер бесігімізді тіршілік иелерінің бәрі демалатын оттегімен жеткілікті жабдықтап тұрған жасыл белдеудің сиреуі ғаламдық жылынуды тездете түсетіні дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.
Ғалымдардың болжауы бойынша, Атлантикада жаз бен күз айлары кезінде сұрапыл дауылдар соғып, АҚШ пен Мексика, Испания мен Қытай, Вьетнам, Индия елдерінің тұрмыс-тіршілігіне зардабын тигізбек. Мұндай қауіптің Қара теңіз жағалауы мен Солтүстік Кавказ қалаларына да төнуі ықтимал.
Көңіл демейтін бір ғана жағдай – ғаламдық жылыну Қазақстан аумағына да әсер етіп, ауа райын кереметтей жақсарта түседі деген болжам бар.
Газетімізде бұған дейін де жазғанымыздай, қырғыздың белгілі сейсмологі «Жетісу өңірінде жойқын жер сілкінісі болмайды, барлық зерттеулер мен өлшемдерге қарағанда зілзаланың қуаты 5-6 баллдан аспауы тиіс» деген қорытындыға келіпті. Бір туған бауырымызға «аузыңа май, астыңа тай» дей отырып, «бұл болжамыңыз айдай келсін» деген ақ тілегімізді айта кеткіміз келеді. Табалдырығымыздан жаңа аттаған жылда түрлі апаттар мен өзге де қауіп-қатерлерден аман болайық, ағайын.
Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,
Қазақстанның Құрметті
журналисі