Қазіргі таңда әлеуметтік желіні ашсаңыз, адам шошырлық көрініс көбейіп кетті. Бір-бірінің шашын жұлып, жұдырықтасып, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шыққан бойжеткен қыздарды көреміз. Мұндай қылықты бұрын көшедегі қаңғыбас иттердің ісіне балаушы едік. Ал енді ел ертеңін арқалауы тиіс нәзік жандылардың сондай дәрежеге түсуі қоғамның ауыр қасіреті.
Қазақтың рухани әлемінде бойжеткен бейнесі әрдайым Қыз Жібекпен астасып келді. Жібек – ибалылық пен инабаттылық, ар мен намыстың көрінісі еді. Ал бүгінде сол Жібектердің кейбірі Төлегенге таласып, бір-біріне қол көтеріп, дөрекілікке бой алдыруда. Кешегі Төлеген мен Бекежанның ер намысы үшін айқасқан хикаясы енді арулардың арасында күлкілі көрініске айналып барады. Бұл, әрине, ұяттың әлсіреуі. Одан бөлек, отбасындағы тәрбиенің тобанаяқтанып қалуы, ата-ананың балаға еркелетер жылы сөзін, дұрыс бағыт-бағдарын жеткізбеуі тамырынан үзіліп бара жатқан ұлттық тәлімнің көрінісі. Әдеп үйден басталады. Үйдегі өнеге болмаса, түздегі тәртіп те баян таппайды.
Желідегі бейнежазбаларда бір-бірін қорлап, жұлқылап, мазақ етіп жүрген бойжеткендердің әрекеті – рухани аштықтың белгісі. Ұят ұмытылған жерде ізгілік те жоғалады. Мұзбалақ ақын Мұқағалидың: «Қайран біздің аналар арды ойлаған» дегені осындайда көкейге оралады. Расында, арды ойлаған ұлт қана өз ұрпағын адамдыққа бастай алады.
Еркіндік пен бетімен кетушіліктің арасы қылдай нәзік. Өкінішке қарай, бүгінгі буын сол шекараны ажырата алмай, «заман ағымына саймын» деп жалаң айқай мен дөрекілікке бой алдырып жүр. Ал шын еркіндік – абыройды сақтау.
Ұлтын сүйген ел, ең алдымен, өз нәзік жандыларының тәрбиесіне мән береді. Қоршаған ортамыз бұзылса, қоғамның да діңі шіріп кетуі бек мүмкін. Сондықтан әр әке тәрбиелеп отырған қызғалдағының абыройын аманат деп білсін, әр ана қыз баласына ибалылықты өнеге етсін.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





