Әдетте нәзік жандыларды аспаз, дәрігер, мұғалім ретінде жиі кездестіріп, көзіміз де соған үйренген. Ал әскери немесе полицейлік форма киген әйелдерді кезіктірсек, таңдана қарайтынымыз жасырын емес. Ерлер қауымымен қатар жауапкершілік жүгін абыроймен көтеріп жүрген арулар да баршылық.
Әйелдердің мерейін тасытатын мереке қарсаңында Талдықорған ҚПБ ЖПҚ Ювеналдық полиция тобының аға учаскелік инспекторы, полиция майоры Әсел Еркенбекованың қызметтік жолына зер салдық. Ішкі істер органында 2007 жылдан бастап қызмет атқаратын ол осы салаға бала кезінен ынтық болыпты. Әрі кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдермен жұмыс істеу өзіне ұнайды. Әселге әкімшілік аумақта орналасқан Талдықорған қаласындағы №17, 19 орта мектеп бекітілген. Ол ювеналдық полиция инспекторы кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылық жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтауға, зерделеуге, жоюға бағытталған шаралар кешенін жүзеге асыратынын айтты. Сонымен қатар, бала тәрбиесіндегі міндеттерін орындамайтын ата-аналарды немесе заңды өкілдерін анықтайды. Қадағалаусыз және панасыз қалған балаларды тиісті орындарға тапсыру да өзіне жүктелген.
– Кезекшілік атқару барысында «Самал» шағын-ауданы, «Алма» дүкенінен шақырту алдым. Кәмелетке жасы толмаған 2 мектеп оқушысы заттар ұрлаған. Оны көрген дүкен сатушысы алған заттарын орнына қоюды талап етеді. Ал олар дүкеннен қашқан. Қашып бара жатқанда біз ұстадық. Оқиға орнына бірден ата-аналарын шақыртып, профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Оларға істеген әрекеттерінде қылмыс құрамы бар екенін түсіндіріп, дүкен иесінің шағымы болғандықтан қатаң түрде ескерту жасап, ата-аналарына табыстадық, – дейді Әсел Сламбайқызы.
Полиция майоры күн сайын тұрақты түрде түнгі рейдке шығады. Қаладағы ойын-сауық мекемелері, кафе, мейрамханалардан жасөспірімдер кездеседі екен. Мысалы, түнгі сағат 22.00-ден кейін компьютерлік клубта отырған баланы анықтайды.
– Ата-анасын шақыртып, бірінші кезекте ескерту бердік. Мұндай әрекеті қайталанатын болса, әкімшілік жауапкершілікке тартатынымызды айттық. Кейін арнайы тізімге алынады. Ал ол баланың болашағына кері әсерін тигізетінін түсіндірдік. Ата-анасы ойын-сауық мекемесінде ересектердің ойнап отырғанын көріп, түнгі уақытта баласын мұндай жерге жібермей, тәрбиесімен айналысатынын жеткізді, – деген Әсел Еркенбекова бала тәрбиесінде ата-ана мен мектеп мұғалімдерінің рөлі зор екенін айтты.
Мәулен ӘНЕРБАЙ





