Әлем елдерінде кеңінен белең алған пандемия білім беру саласы үшін де ауыр сынаққа айналғаны белгілі. Нәтижесінде оқушылардың мектеп қабырғасында дәстүрлі форматта білім алу жүйесі тоқтатылып, қашықтан оқу форматына көшірілді. Қашықтан білім беру үшін сабақтарды телеарналар арқылы трансляциялау, видеосабақтарды арнайы платформаларға жүктеу, электрондық пошта және пошта қызметі сынды тәсілдер пайдаланылды.
Төтенше жағдай кезінде педагогтардың, ата-аналар мен оқушылардың жұмысы көбейгеніне бәріміз куә болдық. Мектеп мұғалімдері іс жүзінде әр баламен жеке жұмыс істеу форматына ауысқанда сабақты даярлау мен өткізуге, оқушылармен кері байланысты ұйымдастыруға көп уақыт жұмсады. Ұлағатты ұстаздар қауымы қысқа мерзім ішінде жағдайға бейімделіп, жоғары кәсіби біліктілік пен өз ісіне адал мамандық иелері екенін дәлелдеп көрсетті. Қашықтан білім беру кезінде мектеп пен мұғалімнің жұмысы көбеймесе, азаймады. Оқушылар да өз бетімен жұмыс істеуге дағдыланды. Әріптестеріміз қашықтан оқу форматының қыры мен сырын терең ұғыну үшін түрлі онлайн-семинарға қатысып, оқушыларға сапалы білім беріп келді.
Қашықтан оқыту технологиясы білім берудің ортасында тұратын оқыту жүйесін құру мүмкіндігін береді. Қашықтан оқыту технологиясын қолдануда оқытушының рөлі артып, интервативтіліктің жүйелілігі және тиімділігі қамтамасыз етіледі.
Өзім математика пәні мұғалімі болғандықтан сабақты қашықтан оқытуда тиімді әрі қолжетімді бағдарламаларды қолданып, оқушылармен дер кезінде кері байланыс жасап отыру дұрыс деп санаймын. Әр ұстаз өзінің оқушыларына қандай платформада жұмыс жасау ыңғайлы екенін таңдап алғаны дұрыс. Сол кезде ғана ол өзінің жұмысын жоспарлы түрде іске асыра алады. Математика сабағын дәстүрлі емес әрі қашықтан оқыту оңай жұмыс емес екенін барлығымыз жақсы білеміз. Дегенмен, қазіргі уақытта стандартты орындау, оқушыға сапалы білім беру – ұстаздың басты міндеті. Біз, ұстаздар қауымы, елімізде қандай жағдай болса-дағы оқушыларға саналы тәрбие, сапалы білім беру жолында аянбай тер төгеміз. Себебі, біздің міндет – елін, жерін, Отанын сүйген патриотты ұрпақ тәрбиелеп, білікті де білімді жастардың санын арттыру.
Гүлнар БОСКОМБАЕВА,
Талдықорған қаласы бойынша білім бөлімі №2 орта мектеп коммуналдық мемлекеттік
мекемесінің оқу ісі
меңгерушісі, математика пәні мұғалімі




