Қонаев қаласының орталық кітапханасында «Атажұртты аңсау» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті.
Кездесуді Алматы облысының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Марат Илипов ашып, шақырылғандарды таныстырды. Тәуелсіздік алған жылдардан атажұртқа көш басын бұрып, облыс аумағына қоныстанып, осы уақытқа дейін ел тірлігіне етене араласып, әр салада еңбек етіп жүрген бауырлардың басы қосылып, бір-бірімен пікір алмасты. Белгілі болғандай, Тәуелсіздіктің керуені «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асып, республикаға 1,5 миллион, оның ішінде, облысқа 300 мыңға жуық қандас келіп, қоныстанған.
«Дөңгелек үстелге»– Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасы бірінші орынбасарының штаттан тыс кеңесшісі, республикалық «Жебеу» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Омарәли Әділбекұлы, «Жан-Ел» ЖШС төрағасы, жеке кәсіпкер Райыс Әріпжанұлы, Еуразиялық Дизайнерлер одағының мүшесі және «Кәкей» кәсіптік үйірмелер орталығының жетекшісі Қырғауыл Кәкейқызы, Жамбыл ауданы, «Қайырымды қандастар» қорының жетекшісі, Бахаргүл Табысқызы, Алматы облысы бойынша «Қандастар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Қоғамдық келісім» КММ басшысының кеңесшісі Құрметбек Сансызбай шақырылды.
Жиында мал шаруашылығын дамытуға үлес қосып, Алматы облысын қымыз, шұбатпен қамтамасыз етіп отырған жеке кәсіпкер Азангүл Әлболсын, заңгер, жеке кәсіпкер Асқар Мақсұтов және ұстаздар мен дәрігерлер өз ойларымен бөлісіп, сөз сөйледі. Кездесуге келгендер соңында осындай игі істерде белсенділік танытып, халыққа етене танымал болып жүргендері үшін «Қоғамдық келісім» КММ директорының Алғыс хатымен марапатталды.
Айгүл БАЙЖҰМАҚЫЗЫ
Қонаев қаласы
Алматы облысы





