Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің күніне орай салтанатты жиын өтті. Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өнімдері қойылған көрмені тамашалап, жиынға келген көпшілікті мерекемен құттықтады.
Облыс әкімінің айтуынша, жері құнарлы Жетісу өлкесі ауыл шаруашылығын дамытудағы маңызды аймақ. Биыл ауыл шаруашылығы саласы өз міндетін толығымен орындап шығыпты. Нәтижесінде аймақтағы ауыл шаруашылығы техникасының саны артып, машина, трактор паркі жаңарған. Су үнемдеу технологиясы енгізіліп, минералды тыңайтқышты қолдану көлемі өскен. Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімі еселеніп, мал шаруашылығына берілетін демеуқаржы көлемі көбейіпті.
Десе де, облыста мал етін өңдейтін және құс етін шығаратын ірі кәсіпорын жоқ. Сондықтан алдағы уақытта осы бағыттағы жұмысты ширату керек.
– Биыл ветеринария мамандарының жалақысы 30 пайызға өсті. Алдағы уақытта тағы да жоғарылатамыз, – деген облыс басшысы ветеринариялық қауіпсіздікті мықтап қолға алу керегін де ескертті. Сонымен қатар, сала еңбеккерлерін қажетті автокөлікпен қамту және қосымша модульдік пункттер ашу мақсатындағы қаржылай қолдаудың көлемі артатынын да жеткізді.
Алдағы уақытта облыстағы жеке қосалқы шаруашылықтар да назардан тыс қалмайды. Келесі жылы 2,5 пайыздық үстемақымен ауыл тұрғындарын шағын несиемен қамту бағдарламасы жүзеге асады.
– Аталмыш бағдарламада ауыл тұрғындарына сервистік қызмет көрсету үшін кооперативтер құруға басымдық беріледі, – деп атап өтті облыс басшысы.
Бүгінде облыста ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің пайдаланылуы – өзекті мәселенің бірі. Аэроғарыштық зерттеулер арқылы облыста пайдаланылмай жатқан 857 мың гектар жер анықталып, оның 128 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылыпты. Осы жағдайды назарға алған облыс басшысы:
– Қайтарылған жерлердің ашықтығын қамтамасыз ету үшін өңіраралық геоақпарттық жүйе енгізіледі және жерді пайдалану мәселесі қатаң бақылауда болады, – деп өз ұстанымын білдірді. Сондай-ақ, жиналыста қант қызылшасын өсіру мықтап қолға алынатыны да белгілі болды.
Осындай өрелі ой көтерілген жиында аталған салада аянбай еңбек етіп жүрген бір топ азамат ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі мен «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін кеудесіне тақса, енді бірқатары облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, үздік тауар өндірушілер арасында өткен байқаулардың жеңімпаздары анықталып, кәсіпорындар арасында Панфилов ауданы «ОТ Агрохолдинг» ЖШС мен Көксу ауданы, «Қыдырәлі» шаруа қожалығының төрағасына «МТЗ-80» тракторының кілті табысталып, қайта өңдеу саласы бойынша топ жарған Көксу ауданының «Көксу қант зауыты» ЖШС директорына 5 млн. теңгенің сертификаты берілді. Әр аталым бойынша екінші, үшінші орынды қанжығасына байланған алты шаруа қожалығының төрағасына қомақты ақшалай сыйақы табысталды.
Қажет АНДАС





