1971 жылы волейболдан Ақтөбеде өткен ҚазКСР біріншілігінде сол кездегі Талдықорған облысы, Андреев ауданы, Көлбай ауылының волейболшылары жеңістің желкенін көтерген еді. Осыған орай аядай ғана ауылдан шығып облыс намысын абыроймен қорғаған волейболшылардың құрметіне орай «Жастар» спорт сарайында волейболдан аймақтық турнир өтті.
Ардагерлер арасында өткен жарысқа әр өңірден іріктеліп келген командалар қатысты. Сайыстың ашылу салтанатында белгілі ақын Жангелді Немеребаев жеңіспен оралған ағаларына арнау өлеңін оқыды. Осыдан кейін Көлбай ауылының жұртшылығы жарысты ұйымдастырған «Облыстық бұқаралық-спорттық іс-шараларды өткізу орталығы» КММ басшысы Рүстем Қалиевке ризашылығын білдіріп, ақжарма тілегін ақтарды.
ҚазКСР біріншілігінде чемпион болған Мұратбек Қостеновтың мұрындық болуымен өткен дода тартысқа толы болды. Алғашқы кезеңнен-ақ ардагерлер бұл сайысқа тыңғылықты дайындықпен келгенін дәлелдеп, әдемі ойын өрнегін көрсетті.
Тартысты өткен сайыстың қорытындысы бойынша 1-орынды Панфилов ауданының ардагерлері жеңіп алды. 2-орынды Талдықорған қаласының командасы, 3-орынды Көксу ауданының ардагерлері еншіледі. 4-орынға текеліліктер жайғасса, 5-орынды Алакөл ауданының құрамасы қанжығалады.
Айта кетейік, үздіктер қатарынан көрінген 5 командаға да ақшалай сыйлықтар табысталды.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ





