Бокстан АИБА-ның вице-президенті, дзюдодан Азиялық федерацияның вице-президенті болған БЕКЕТ аға бүкіл жан-тәнімен ҚАЗАҚ СПОРТЫНЫҢ дамуына өлшеусіз үлес қосты!
БЕКЕТ ағамен төрт бірдей Олимпиадада бірге болған екенмін! Дәл бүгін көзден жас тамшылап отырғанда БЕКЕТ САПАБЕКҰЛЫ жайлы сол сапарлардан жазған жүрекжарды жолжазбамнан артық ештеме айта алмаспын. Сол жазбаларыма жол берейін… Оны «ҚАЗАҚ БОКСЫНЫҢ «ӨКІЛ ӘКЕСІ» деп атаппын…
АТЛАНТА ОЛИМПИАДАСЫ: ТҰҢҒЫШ ЧЕМПИОН ШЫҚҚАН ТҰМА
…Дәл бүгінде біз ХХVІ жазғы Олимпиаданың бокс залына келдік. Дәлірек айтсақ, біз бұл залдан кеткен де жоқпыз. осында түнеп, түстеніп, айналсоқтап жүрміз. Өйткені жас еркіндігін жаңа алған мемлекетіміздің олимпиадалық үміті осы бокста болып тұр. Бүгін сол үміт жолындағы жалаңтөс жауынгеріміз Василий Жиров шайқаспақшы. Шайқас болғанда да шешуші, тау тербетер шайқас. Қарсыласы – Олимпиада өткізіп жатқан Американың бокстағы ту етіп көтерер саңлағы, әлем чемпионы Антонио Тарвер. Өзі мықты, өзі қызық. Күнде көріп жүрміз – соңына ерген бір қора адам бар. Бәрінің үстінде бір түсті спорт жейдесі, кеуделерінде жазу: «Тарвердің командасы». Командасында аға-інісі, әпке-қарындасы, дос-жараны, көршісі, енесі де бар екен. Біздің Жировтың арқасында айдынды Балқаш көлі мен кен сапырған Балқаш қаласы тұр. Василий осы Балқаш қаласында туған. Әрине, еркін қазақ елі бар. Олимпиада медалі осы ел үшін, сол елді насихаттау үшін қажет.
…Олимпиада медалінің Америкадан гөрі Қазақстан үшін қажеттірек екенін білмейтін болуы керек, Антонио Тарвер Василий Жировты тықсырып жүр. Жаңа ғана шаршы алаң бұрышына қуып тығып төмпештің астына алған. Құлатады-ау деп бәрімізде зәре жоқ. Бүкіл зал аяғынан тік тұрғандай. Көзім шалып қалды, Қазақстан әуесқой бокс федерациясының президенті, AIBA-ның атқару комитетінің мүшесі Бекет Махмұтов орнынан атып тұрды. Жан-жағында әлем боксының бар басшысы отырғанын есіне алып, үндемей қалды. Айқайды салатын-ақ жер еді.
Шаршы алаңдағы шайқас соңына қарай басы аяғына келіп өзгерді. Дәлірек айтсақ, Василий Жиров өзгертті. Соңғы раундтарда ол Антонио Тарверді қуып жүріп соқты. Тарвер таяқ жеген сайын бір рахатқа бөленеміз. Шайқас бітіп, төреші Василийдің қолын көтергенде, бізге бүкіл әлем қол соққандай көрінді. Көз қиығыммен Бекет Махмұтовтың ринг жаққа қол бұлғап, құттықтағанын көріп қалдым.
Болат Ниязымбетов пен Ермахан Ибраимовтар қола жүлдегер атанып, Болат Жұмаділов күміс медаль алған сәтте төбе көкке сәл ғана жетпей тұрды. Ол арманға Вася Жиров жеткізді. Алтын медальға қоса Олимпиаданың ең үздік боксшысына берілетін Вэл Баркер кубогы Жировқа тапсырылған сәтте өзінің әлем бокс қауымдастығының жауапты қызметкері екенін де ұмытып, Бекет Сапабекұлы бокс сарайының фойесіне атып шықты. Болаттар, Ермахан, Васяларға Олимпиада медалін біз әперіскендей бәрімізді кезек құшақтап, сүйіп жүр. Бәрімізді бес-он реттен сүйіп шыққан соң ғана тынышталған Бекет Сапабекұлын оңашалап, әңгімеге тарттым.
– Бекет аға, сізді, сіз арқылы бүкіл Қазақстан боксын, оның жанкүйерлерін тамаша жеңіспен құттықтаймын! Осы біз Кубадан да озып кеткен жоқпыз ба?
– Кубадан озған жоқпыз. Ал құттықтағаныңа рахмет. Құттықтауға болады бір-бірімізді. Біздің бокс ресми емес командалық есепте Кубадан кейінгі екінші орынға шықты! Ресей де, Украина да, армян, немістер де, өзге атақты бокс елдері де біздің соңымызда. Бұл – Олимпиада кезіндегі көрсеткіш. Мұндай табыс бұрын қашан, қайда болып еді? Болған емес ешқашан! Оның үстіне Вэл Баркер кубогы да біздікі. Бұл бір бақытты күн, достым!
– Бақытты күн! Бақыт қонған күн! Бірақ бақыт та өздігінен келе сала ма? Бақытты бірігіп орнатпаушы ма еді?
– Оның рас. Бұл табыс бокс федерациясы, бапкерлер, боксшылар және Т. Досмұханбетов бастаған Спорт министрлігі, А. Ақбаев бастаған Ұлттық олимпиадалық комитетінің бірлескен іс-қимылының, төккен терінің жемісі.
– Әсіресе боксшыларды айтсаңызшы…
– Иә, ең әуелі сол жігіттерді жырға қосқан жөн. Біз Атлантаға сегіз боксшы әкелдік. Жоспарымыз – екі алтын, екі-үш өзге жүлде еді. Болат Жұмаділовтің чемпион болмағаны өкінішті. Бірақ, Болат финалда жеңілген жоқ. М. Юрченконың да жолы болмады. Жарақат алмағанда ол да жүлдеге ілінер еді.
– Ал Василий Жиров жайлы жыр ерекше болмақ…
– Ерекше болғанда қандай! Васяның чемпион болуы кездейсоқ емес. Қараңызшы, сонау 1990 жылы жасөспірімдер рингінде тұңғыш жеңісін тойлаған Жиров ересектер арасына жарық жұлдыздай боп келді. 1993 жылы әлем чемпионатында жүлдегер болған ол екі жылдан соң осы табысын тағы қайталады. Москвада, Галледе, Ташкентте жеңді, 1995-тен бері бірде-бір рет жеңілген жоқ. Міне, бүгін қандай жеңіспен бітті сол жол.
– Атлантада Жировқа жеңіл болған жоқ қой…
– Әрине, Олимпиадада жеңіл шайқас бола ма? Бірақ Васяға тең келетін де ешкім болған жоқ. 1980 жылғы Олимпиадада біздің Серік Қонақбаевты жеңген итальяндық Патрицио Олива өз шәкірті Паоло Ауриньо Жировтан жеңілген соң: «Мына жігіт ғаламат қой!» – деген, ал бүгін Антонио Тарвер: «Жиров – бұл салмақтағы ең үздік боксшы. Ол Олимпиада чемпионы болады!» – деді ғой. Әлем чемпионы қателеспепті.
– Бекет Сапабекұлы, осы жеңістің жебеушісі кім?
– Ең әуелі Василий Жиров! Ол – табиғатынан көшбасшы боп туған жігіт. Ал ондайлар екінші сатыда ұзақ жүре алмайды. Онан соң өз бапкері Александр Алпачинский. Кезінде осы бір биші жігіттен тамаша боксшы шығатынын тап басқан сол Саша. Әрине, бас бапкер Әбдісалан Нұрмаханов! Бапкерлер, жоғарыда атаған басшылар, енді… біз де бармыз ішінде. Мұндай сом алтынды жарқырата көрсетуге көптің күші ғана келеді. Ол сапта сендер – журналистер де барсыңдар!
– Рахмет, рахмет, Бекет Сапабекұлы! Әдетте журналистерге алғыс сирек айтылушы еді, сол олқылықты сіз толтырып жатырсыз… Ал бұл табыстан соң Куба елі біздің жаққа үрейлене қарап жүрген шығар, ә? Сидней Олимпиадасында қалай-қалай боп қалады деп…
– Бұл жайлы бізге әлем бокс мамандары айтып та жатыр. Мұндайды есту рахат. Бірақ әлемдік бокстың көшбасын бір топ күшті боксшымен немесе жалаң арманмен жеңіп ала алмайсың. Оған ерекше даярлық, шелектеп тер төгу қажет. Ең бастысы – уақыт талабына жауап беретін бокс базасы және білгір де тәжірибелі бапкерлермен бұл іске деген үкіметтің оң көзқарасы керек. Осылардың бәрі түгелденгенде, алға ең биік мақсат қоя беруге болады. Рас, өзге де спорт түрлеріне көңіл бөлу қажет. Дегенмен, жас мемлекеттің жас буынын батыл етіп тәрбиелеуде бокстың рөлі үлкен дер едім.
– Мен сізді түсіндім, Бекет Сапабекұлы, және де толық келісемін. Ал қазір тағы да қол жеткізген табыстарыңызбен шын жүректен құттықтаймын әрі үлкен рахмет, сізге! деймін.
– Бізге де, сізге де!
– Жақсы, сізге де, сіздерге де!1996 жыл.
СИДНЕЙ ОЛИМПИАДАСЫ: РИНГКЕ СЕКІРЕ ЖАЗДАҒАН КЕШ
Сидней Олимпиадасының бокске арнаған үлкен сарайына келген жанның көзі жан-жағына алақтаумен-ақ шаршайды. Мұнда кім жоқ: Джо Фрезер де, Эвандер Холифилд те, Константин Цзю де, өзіміздің Василий Жиров та жүр. Василиймен алғашқы бетпе-бет келгенде құшақ жая амандастық. Ұмытпапты. Ол ол ма, сәлем арасында менің «Олимпиский маршрут» атты кітабымды оқығанын қуана хабарлады. «Оны қайдан алдың?» – дедім таңғалып. Кітап өткен жылы ғана шыққан. «Бекет Махмұтов әкеліп берді», – деді ол өзінің Қазақстандағы басты қамқоршысы кім екенін білсін дегендей масаттанып. Мен өзім үшін де, Василий үшін де қуандым. Бекет аға жақсылықтарын жарияламай-ақ жасап жүретін бір жайсаң жан.
…Бекзат Саттарханов әлем чемпионы Рамазан Палианиді еркін жеңді. Бокс сарайының жаппасы жап-жас баланың жеңісіне деген қошеметтен желпілдеп тұрды.
…Ауыр салмақтағы Мұхтархан Ділдәбеков Кубаның бас жұлдызы, боксшылар арасындағы Кинг-Конг атанған Алексис Рубалкабаны шаршы алаңның бесінші бұрышын іздетіп, тентіретіп жіберді. Төреші Мұхтарханның қолын аспанға көтерді.
Қазақстан делегациясының Мұхтарханның қолымен бірге аспанға қарғығанын көріп, тұра жүгіруге қатар отырған он елдің спорт журналистері құшақтап, босай алмай қалдым. Тұра жүгіргенде алғаш көргенім – AIBA-ның бірінші вице-президенті Бекет аға Махмұтов заңның бәрін жиып қойып, Қазақстан делегациясына қосылып алып, кезек-кезек құшақтасып, сүйісіп жүр. Әне, Аманша Ақбаевпен, Дәулет Тұрлыханов, Александр Машкевичпен құшақтасты. Өзгелер Бекет Сапабекұлының қолын қысуға кезекте тұр…
Олимпиаданың соңғы күні бокс бәсекесінің де соңғы финалдық жекпе-жектері аяқталды. Ең соңғы сайысқа ағылшындық О. Харрисон мен біздің Мұхтархан шақты. Харрисон жеңді. Сидней Олимпиадасында одан озған боксшы жоқ еді. Тіпті оны Д. Фрезер мен Эвандер Холифилд те жеңе алмайтын шығар. Дәл қазір шаршы алаңға шықса… Бірақ еңсе түсірер ештеңе жоқ. Әлгінде ғана Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ибраимовты рингтен түсер жерден қарсы алып, AIBA ережесіне томпақ келсе де Қазақстан делегациясы отырған тұсқа ертіп апарған Бекет Махмұтов Болат Жұмаділов пен Мұхтарханды да чемпиондай қысты құшағына. Бір Олимпиадада тек бокстан ғана екі чемпион, екі күміс жүлдегер! Жарайсың, Қазақстан боксы! Жарайсыз, қазақ боксының «өкіл әкесі», біздің жеңістеріміздің қайнар көзі Бекет Сапабекұлы! Жарайсыңдар, жігіттер! Жа-рай-сың-д-а-рр!
Сиднейден оралып келеміз. Әуе лайнері бізді бұлттан асыра арқалап келеді. Бұлттан асыра! Ал көңіл күйіміз космос биігіне жетіп тұр. Енді ше?! Сидней Олимпиадасынан Қазақстан елі жалпыкомандалық есепте 22-орынмен оралып келеді. Жиырма екінші! Ойланып көріңіз. Жиырма екінші. Олимпиадаға 200 мемлекет қатысты. Соның ішінен 22-орын. Қазақстан! Кеше ғана еркіндігін алған нәресте ел. Бүгін кілең көкжалдар арасында Атлантада 24-орын, Сиднейде 22-орын! Ғажап! Ертегі! Қиял-ғажап ертегі! Жоқ, шын болмыс, болған оқиға. Осы кеше ғана болған жағдай. Және соны жасаушылар да жанымда. Міне, олар осы әуе кемесінің алып жонына алқа-қотан орналасқан: спортшылар, бапкерлер, дәрігерлер, қызметкерлер, басшылар, боксшылар, жеңіл атлеттер, балуандар… Әсіресе, боксшылар! Небәрі жеті медальдың төртеуін әперген осы боксшылар. Оның екеуі алтын, екеуі күміс. Бір-ақ спорт түрі – төрт медаль: екеуі алтын, екеуі күміс!
Жалпы Қазақстан боксының соңғы жылдардағы, ел егемендік алғаннан бері бәйге атының тізгін ұстары, бір жан бар. Ол – әлемдік әуесқой бокс қауымдастығының бірінші вице-президенті Бекет Махмұтов. Әсіресе, бүгінгі әлемдік спорттың дамуына қажет қасиеттер: ақыл-ой тереңдігі қандай қиындықты да жарып шығар құдірет, ең бастысы, ел боксының абыройы үшін сайтанмен де тіл табыса аларлық қасиет бар. Міне, Бекет Махмұтов деген кім?!
– Бекет аға, осы жеңіске жету жолында қанша тер төгілді, ә? – деймін өзгелердің құттықтау, қолпаштауынан қолы босай қалса еркелеп. Тікелей әңгімелесуге келіспейді. Ол жанның «ішіне кірген» кісі сирек.
– Дайындық тыңғылықты жүрді. Ол сонау Атланта Олимпиадасынан кейін-ақ басталған. Бұл істе Н. Балғынбаев басқарған республикамыздың бокс федерациясы, Аманша Ақбаев басқарған ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеті, Д. Тұрлыханов басқарған туризм және спорт агенттігі тамаша қызмет атқарды. Әрине, бапкерлер мен боксшылар – маңдайға басар алтындар!
– Қазақ боксының Сиднейдегі жеңістері әлемдік жаңалық болды-ау…
– Ең басты жаңалық – Бекзат Саттарханов! Өзінің алғашқы жекпе-жегімен-ақ бұл табиғи талантты жас боксшы әр қарсыласын 10-12 ұпай айырмашылығымен ұта бастады. Әсіресе түрік Палиани мен америкалық Хуарестерді қалай соқты?! Ал финал ше?! Сегіз ұпай айырмасымен ұтты! Сегіз ұпай! Финалда! Бұл – ерлік! Егер менің еркімде болса, Баркер кубогын Бекзат Саттархановқа берер едім. Өкінішке қарай, кубок екі рет қатарынан бір елдің боксшысына берілмейді. Өткенде Вася Жиров алды ғой. Біз оны Ресейге бердік… Ал жалпы М. Ділдәбековтің Кубаның адам қорқар дәуі Рубалкабаны құлатуы, О. Оразалиевтің тағы бір кубалықты ұрып түсіруі, Е. Ибраимовтың үшінші кубалықты сұлатып салуы – қазақ елін бүкіл Сиднейге, бүкіл әлемге паш етті. Бекзат Саттарханов жеңгенде бәріміз жыладық, Е. Ибраимов чемпион болғанда масаттанбаған жан жоқ. Чемпион болмады демесеңіз Б. Жұмаділов пен М. Ділдәбековтер де асқан ерлік жасады. Жеті боксшы апардық – төртеуі финалға шықты. Жеті медаль алдық – төртеуі боксшыларда! Ғажап емес пе, бауырым?!
– Ғажап, ғажап, Бекет аға! Өзіңіз, өзіңізді айтыңыз. Сонау Шоқыр Бөлтекұлы, Әбдісалан Нұрмахановтар із салған қазақ боксынан тұңғыш қазақ жігіті чемпион боп жатқан кезде қандай сезімде болдыңыз?
– Бекзат Саттарханов чемпион болғанда ма? Аузы томпиған бауырым чемпион болғанда орнымнан атып тұрдым, рингте бір-ақ секіре жаздадым, дер кезінде тоқтаттым өзімді. AIBA-ның бірінші вице-президентіне олай істеуге болмайды ғой. Спорт сарайы ғаламат қазақ баласының ғаламат жеңісіне тік тұрып қол соқты. Қазақстан республикасының Әнұраны! Ақбаевтан бастап бәрі жылап тұр. Бекзатқа бүкіл әлем қол соғып тұрды. Бақыттан, қуаныштан, мерейден бас айналып, естен танғызғандай! Сәлден соң Ермахан Ибраимов қиын шайқаста румыниялық әлем чемпионын ұтып, тұғыр төріне шықты. Қандай жеңіс десеңізші! Екінші алтын жүлде! Олимпиадалық ойындарда! Бұл – ғаламат табыс! Бүкіл әлем «Қазақ вальсін» биледі! Мұнан асқан бақыт керек пе адамға?! Жоқ, керегі жоқ! …Ал, мен бе, бокстан түнгі сағат 1-2-де ораламын, жолай AIBA-ның басшыларына, бокс құдайларына соғамын: пікірлесеміз, кей нәрселерді талқылаймыз, келісеміз. Сағат таңғы 7.00-де тұрамын, салмақ өлшейтін жерге барамын, сосын боксшыларымызға барып, жекпе-жектер жазылған видеотаспаларды көреміз, ақылдасамыз. Ертеңіне осылай, келесі жолы да осылай. Осылай, осылай, достым. Басқа не айтамын, мен болдым.– Тағы да еске түсіргім келіп тұр: Сиднейде екі алтын, екі күміс медаль, оған Атлантадағы бір алтын, бір күміс, екі қола медальды қосыңыз. Сонда сегіз жүлде болады. Екі-ақ Олимпиадада! Оның үшеуі алтын! Дәл мұндай табысты әр мемлекет-ақ армандап өтетін болар. Рахмет сізге, Бекет Сапабекұлы, сол үшін! Қарапайым адамгершілік алғысын арнаймын мен сізге қарапайым журналист.
– Болды, болды, Несіпжан, саған да рахмет. Сен де ел спортына теңіздей тер төгіп, қызмет етіп жатырсың. Мен сенің жазған кітаптарыңды сонау 1980 жылдан бастап оқып келемін. Сол жылы Серік Қонақбаев жайлы жаздың ғой… Біздің бокста жеңістер болады әлі. Сондықтан екеуміз де еңбек етуге дайын болуымыз керек.
– Мен дайынмын, Бекет аға!
– Мен де дайынмын!2000 жыл.
АФИНЫ ОЛИМПИАДАСЫ: ЕЛ АБЫРОЙЫН САҚТАҒАН ЖАЛҒЫЗ АЛТЫННЫҢ ЖЕБЕУШІСІ Афины Олимпиадасының соңғы күні. Бокстың финалы өтетін Спорт сарайына екі сағат бұрын келіп кіріп алдым. Кеш келуге қорықтым. Бұрынғыдай журналистік аккредитациям жоқ. Ал Олимпиадалардағы бокстың, суға жүзу, футболдың финалы, жеңіл атлетикадағы 100, 200 метрге жүгірудің ақтық сыны күні, Олимпиаданың ашылу, жабылу салтанатында стадион, залдарға ертерек барып алғанның зияны жоқ. Бұл – нағыз «қубас домалайтын» күндер. Қолында билеті бар жанкүйерлердің өзі далада қалып кеткенін көрген көзге не жазық?!
…Сарайға кірерін кіріп алып, уақыт өткізе алмай, әр нәрсені бір ойлап отырғанмын. Мен секілді «ақылдылар» аз-ақ – небәрі 4-5 адам ғана. Бәсекелер басталуға тура бір жарым сағат қалғанда ресми өкілдер келе бастады. Бір кезде басымды көтеріп, ринг орналасқан залды шолып қарап едім… бір таныс жан көзіме оттай басылды: Бекет аға Махмұтов! AIBA-ның бірінші вице-президенті залдағы әрбір ресми өкілдердің, төреші, құрметті қонақ, AIBA-ның президенті мен оның нөкерлерінің отыратын жерлерін өз көзімен көріп, тексеріп жүр екен.
Әкемді көргендей болдым. Бар даусыммен: «Бекет аға!» – деп шыңғырдым. Өзім екінші яруста, ринг тұрған жерден едәуір биікте отырғанмын. Даусым ащы шықты. Бас-аяғы ат шаптырым залдағы 4-5 адам ғана жалт қараған жоқ, бұрыш-бұрышта тұрған тәртіп сақшылары да ортаға атып-атып шықты. Бекет аға да қарады. Мені қиядан шалған ол: «Несіп, бері кел, тез!» – деп айғайлады. Мені бір тентек пе деп қалған грек полицейлері бүкіл залда алшаң басып жүрген үлкен лауазымды ресми жанның айсайын естіп, екі ортада жынды болып қалды. Мен сүріне-қабына Бекет ағаға жүгірдім. Орта жолда әлгі полицейлер кес-кестеді. Оларға Бекет аға төменде тұрып: «Әй, жіберіңдер!» – деп қазақша айғайлады. Сөзі түсініксіз болғанымен дауысындағы зілден қаймыққан тәртіп сақшылары мені босатып жіберді. Жете бере Бекет ағаның құшағына қарғыдым. Қағып алып, бауырына басты.
– Несіп, көрінбейсің ғой, қайда жүрсің? – деді Бекет Сапабекұлы сөзді созып тұрмай.
– Ойбай, Бекет аға-ау, мен биыл жұмыстан қуылып, Олимпиадаға аккредитация ала алмай, далада қалдым ғой…
– Өй, осыларда ақыл жоқ осы… Жарайды, мына қағазды сен үшін даярлап қойғанмын, жақсылап зертте, сосын әңгімелесеміз.
– Бекет аға, мынау сұмдық болды ғой, бүгін Бақтияр чемпион болмаса елге не бетімізбен қайтамыз?
– Онда қайтпаймыз! Қаламыз осы жерде! Өлеміз!
– Бекет аға-ау…
– Өлмейміз! Қалмаймыз! Чемпион боламыз бүгін! Оған қоса тағы бір жүлде аламыз!
– Аузыңызға май, Бекет Сапабекұлы!
– Болды, өзгесін сосын естисің. Басқа не өтінішің бар?
– Олимпиаданың жабылу салтанатын көре алмайтын түрім бар…
– Неге?
– Туристің жағдайы белгілі ғой, билетім жоқ.
– Түу, осы… сен секілді спорттың бас журналисіне билет бермегендерде иман жоқ шығар. Мә, екі билет, досың болса ерте бар.
Көзімнен жас ыршып кетті. Сонау Афиныға жер түбінен тәуекел етіп келгенде Олимпиаданың соңғы салтанатын көре алмай кету мен үшін қайғының үлкені болып жүр еді, бір сәтте жан дүниемде «коммунизм» орнады да қалды.Орныма келіп отырған бетте қағазға қарасам – бүгінгі финалдық бәсеке күні шаршы алаңға шығатын алты жұптың тізімі екен. Алты боксшының асты сызулы тұр. Біздің тілімізбен айтқанда – осы алты боксшы жеңеді деген сөз.
…Бақтияр чемпион болған соң дүниенің бәрін ұмытып, аспанға секіріп, қонақүйге жау түсіргендей боп қайттық. Ертеңіне әлгі қағазға қарасам, Бекет аға белгілеген әлгі алты боксшы да жеңімпаз болыпты. Мұндай білгірлікке басты тағы бір иіп қойдым. Арада күн өткенде естідік, Бақтияр Артаев Олимпиаданың үздік боксшысына арналған Вэл Баркер кубогын алыпты. Бекет ағаның маған қағазын беріп тұрып: «Тағы бір жүлде аламыз!» – дегені еске түсті. Таңғалдым. Тәубе дедім. Бекет ағаны тіл-көзден сақтасын дедім.
Бекет Сапабекұлының сол жолы Афиныда берген қағазы архивімде әлі күнге сақтаулы.
2004 жыл.
БЕЙЖІҢ ОЛИМПИАДАСЫ: ЖЕҢІСТІҢ СХЕМАСЫ ТАР БӨЛМЕДЕ ТУҒАН ЕДІ
Бейжіңдегі «Yu Yang» қонақүйінің кең фойесінде мені көріп қалған Бекет Сапабекұлы жан-жағындағы он шақты адамға естірте дауыстап жіберді: «Несіп, өй, сен қайда жүрсің? Мен сені күн сайын іздеймін ғой!»
Риза болып, толқып қалдым. Ешкімге керегің болмай жалғыз қалғанда арқаңнан қаққан адамнан жақын жан бола ма?!
– Жігіттер, – деді Бекет аға жан-жағындағыларға. – Несіп – майталман спорт журналисі, ал бокс жайлы одан асып ешкім жазған жоқ, жаза алмайды да! Соны білесіңдер ме?
Бекет ағаға қарсы келе алмай бәрі бас изеді.
– Несіп, сен осы қонақүйде тұрасың ғой, онда менің бөлмеме келіп тұр, не қажет – бәрін сұра! – деді Бекет Сапабекұлы ең қимасына айтатын сөзін кейінге қалдырмай сәтінде айтып. – Сенің еңсең түспесін, басыңды биік ұстап жүр!Ертеңіне бөлмесіне бардым. Осы қонақ- үйдегі ең салтанатты бөлмелердің бірі толған қағаз, жазу, сызу… Бұл не деп қарасам – кілең боксшылардың аты-жөні, шайқасқан қарсыластары, жеңген-жеңілген есептері. Менің қызыққанымды біле қойған Бекет аға түсіндіре бастады: «Бүгін және ертең рингке шығатын Бақтияр Артаев, Еркебұлан Шыналиев, Бақыт Сәрсекбаевтардың қарсыластарын зерттеп жатырмын. Міне, мысалы, Бақтияр былтырғы әлем чемпионатында мынамен кездесіп, пәленше есеппен жеңген. Ал Таиландтағы турнирде мына боксшыдан мына есеппен жеңілген. Оның бүгінгі спорттық бабын мен былай бағалаймын. Соған байланысты мынадай шара қолданамыз…».
– Бекет аға-ау, сіз қазір AIBA-да жоқсыз, оған қалай әсер етпексіз? Мынауыңыз бапкерлер тобының жұмысы ғой…
– Ең әуелі, рас, бұл зерттеуді боксшының бапкерлеріне береміз. Одан соң өз тарапымыздан қолданатын шараларымыз да бар.
– AIBA-дан қалай шет қалдыңыз?
– Е, қазақтар бір-бірін аяқтан шалмаса жүре ала ма? Өзіміздің ұлттық федерациядағылардың жасаған «жақсылығы» ғой баяғы.
– Үш Олимпиададан төрт чемпион шығарғаныңызды көп көргені ме сонда?
– Білмеймін. Атлантада В. Жировты, Сиднейде Б. Саттарханов пен Е. Ибраимовты, Афиныда Б. Артаевты өз алақаныма салып, чемпион қылып, сыйға тарттым ғой елімізге. Оны сен де, өзгелер де біледі. Сол еңбегіме қайтарған «қарымталары» болар…
– Білемін, Бекет аға, білемін. Ал мына Бейжіңнен қанша чемпионмен қайтамыз?
– Әттең, AIBA-ның ішінде жүрсем жауап басқа болар еді… Өйткені бокс бәсекесінің ринг сыртында болатын «шайқастары» да аз емес. Дегенмен, Қазақстан бокстан чемпионсыз қайтса өлім ғой. Құрығанда бір чемпион болады!Бөлмеме келіп, ал кеп ойлаймын: Бекет ағаның бөлмесі – кішігірім ғылыми-зерттеу институты. Күн сайын мұнда бокстың бар ғұламалары кіріп-шығып жатыр. Біреулер тапсырма алып, біреулері зерттеу қорытындысымен бөлісіп, біреулері іс тетігі қолында тұрған жандармен жолығып, мынау үлкен терінің бір-бір пұшпағын илесіп жатыр. Олимпиада күндерінде бір өзі бір ғылыми-зерттеу институтының қызметін атқарған Бекет Сапабекұлының еңбегі далаға кетпегенін Бейжің Олимпиадасының қорытындысынан білеміз. Ел еңсесін көтеріп, 205 мемлекет ішінен командалық есепте 29-орынға бір-ақ секірген Қазақстан олимпиадашыларының сол барысша секіруінде Бекет ағаның өлшеусіз үлесі бар.
Шіркін, Қазақстан боксы десе, Бекет Сапабекұлы Махмұтов ағаның аты тілге оралатыны шыққан күндей шындық емес пе?! Осындай қайраткер азаматтар аман болса екен! Ауыр салмақты боксшының жұдырығындай ғана ағамыздың ел деп соққан жүрегі ғасыр бойы тоқтамасын деп тілейікші бәріміз.
Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген
қайраткері



.jpg)




