Қазақстанда баспана алу үшін ипотекалық несие рәсімдеу қиындай түспек. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ипотекалық қарыз беру талаптарын қатаңдату бастамасын қолға алды.
Бұл туралы 7-su.kz желілік басылымы Informburo.kz бағдарламасына сілтеме жасап хабарлады.
Жаңа ережеге сәйкес, несие тарихы 3 жылдан аз азаматтар немесе төлемін 30 күннен аса кешіктіргендер жоғары тәуекелді қарыз алушылар санатына жатқызылады. Мұндай жағдайда банктер несие беруден бас тартуы мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, кредитін уақытылы өтемейтін азаматтар баспана алудан қағылуы ықтимал, себебі олар банктер үшін сенімсіз қарыз алушы ретінде бағаланады.
Тұрғындар бұл өзгерісті өз құқықтарының шектелуі ретінде қабылдауда. Олардың пікірінше, қазірдің өзінде ипотека талаптары тым күрделі. Азаматтар, керісінше, жеңілдетілген шарттарды қалайды.
Алайда агенттік ережені одан әрі қатаңдатуды жоспарлап отыр. Енді соңғы бір жыл ішінде сомасы 11 796 теңгеден асатын төлемін 30 күнге кешіктірген, несие тарихы 3 жылдан аз және бірнеше қаржы ұйымына қарызы бар адамдар да жоғары тәуекелді қарыз алушылар қатарына енгізіледі. Бұдан бөлек, тұрақты табысы жоқ немесе айлық кірісінің 45%-дан астамын несиені өтеуге жұмсайтын азаматтарға ипотека рәсімдеуге шектеу қойылмақ.
«Сондай-ақ қаулы жобасында жеке тұлғалардың өмірлік жағдайын бағалай отырып, олардың берешегін реттеуге қатысты банктердің ішкі тәртіптеріне қойылатын талаптар да күшейтіледі,» – деді Қаржы нарығын реттеу агенттігінің баспасөз хатшысы Олжас Рамазанов.
Агенттік өкілдерінің мәлімдеуінше, банк клиенттің төлем қабілеттілігін алдын ала мұқият бағалайды. Егер тәуекел деңгейі 5 пайыздан асатын болса, бақылау шаралары одан әрі күшейтіледі.
Фото: akket.com