Облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардыың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде кәмелетке толмаған балалардың деструктивті діни ағымдарға тартылуының алдын алу, балалар мен жасөспірімдерді экстремистік сипаттағы материалдардан қорғау, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау, кәмелетке толмағандар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, нашақорлықтың, алкоголизмнің алдын алу мәселелері қаралды. Жиынды облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов жүргізді.
Құқық қорғау органдары діни бірлестіктерімен өзара байланыс және сараптама бөлімінің басшысы Динара Молдабаева облыстағы діни ахуалды айтып, оқушы қыздардың хиджаб кию мәселесін көтерді. Оның айтуынша, хиджаб киген қыздардың ата-аналарымен кездесу ұйымдастырылған. Алдағы уақытта бұл жұмыс жүйелі жүргізілмек. Сонымен қатар, діни білім алуға шетелге кеткен оқушылар да анықталған. Қазіргі таңда бұл мәселені шешуде жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау туралы білім басқарма басшысының орынбасары Гүлмира Ахметова баяндады. Ол өз сөзінде, тұрғын үй, алимент, арнаулы әлеуметтік қызметтер алуда дәл осы санаттағы балаларға толық көмек көрсетілмей жатқанын алға тартты. Жалпы, облыс бойынша жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 888 бала бар. Ересек балалар үйі тәрбиеленушілерінің санын азайту мақсатында патронаттық тәрбиеге орналастыру мәселесіне Алакөл, Көксу аудандарының жауапты мамандарының жұмысы тым төмен. Жетім балаларды толық отбасында тәрбиелеу мақсатында бала асырап алу жұмысы жүйелі жүргізілуде. Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, 2022-2023 жылдары аралығында 59 бала асырап алынған. Қазіргі уақытта, аталған санаттағы балалардың жалпы санының кемінде 20 %-ын тұрғын үймен қамтамасыз ету мүмкін болмай тұр.
Жергілікті полиция қызметі басқармасы кәмелетке толмағандар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, нашақорлықтың, алкоголизмнің алдын алу бағытында шаралар жүйелі атқарылуда. Ювеналдық полиция қызметкерлерімен 130-дан астам рейд жұмысы жүргізілген. Нәтижесінде 2 мың 686 құқық бұзушылық анықталған. Жыл басынан 18 жасқа толмаған жасөспірімдердің қоғамдық орындарға масаң күйде келуі, сол сияқты олардың алкогольдік ішімдіктерді ішуі бойынша 33 дерек тіркелген. Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Аида Белгібаева 2024 жыл басынан бері есірткінің заңсыз айналымына байланысты 74 құқық бұзушылық тіркелгенін айтты. Оның ішінде 31 есірткі қылмысы бар. Есірткі өткізу, сату бойынша 21 дерек анықталса, аса ірі мөлшерде есірткі сақтау бойынша 8 дерек тіркелген. Жыл басынан есірткіні заңсыз таратқаны үшін 12 азамат ұсталған. Арасында 2 жас қыз бала бар.
Жиын соңында Марат Сүлейменов кәмелет жасқа толмаған балалар арасында деструктивті діни ағымның алдын алу бағытындағы түсіндіру жұмыстарын және оңалту шараларын ұйымдастыруды, әлеуметтік желідегі деструктивті контент қолданушыларының санын азайту бойынша жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. Кәмелетке толмағандар арасындағы нашақорлықтың алдын алу мәселесі ерекше бақылауға алуды жауапты мамандарға жүктеді. Алакөл, Ескелді, Көксу ауданы әкімінің орынбасарына 2024 жылдың 30 қазан айына дейін ауданда баланы патронаттық тәрбие, қабылдаушы отбасы түрлерін дамытып, тапсырманың арындалуы туралы ақпарат беруді қадап айтты.
Еңлік КЕНЕБАЙ
Фото: Голос народа





