Бала – болашағымыз. Өміріміздің жалғасы. Олардың қауіпсіздігі үшін ата-ана мен мемлекет жауапты. Алайда кейінгі кезде бұл қауіпсіздік талаптарының, жұмсарта айтқанда, қатаң сақтала бермейтіндігін бәріміз көріп келеміз. Әсіресе, жас бүлдіршіндерге сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық көрсетіп, бала жанына жазылмайтын жара салған педофилдердің әрекетін естіген адамның жаны түршігетіні анық. Әр адамның бойына үрей ұялататын осы сөз латын тілінен аударғанда «балаларға деген сүйіспеншілік» деген мағынаны білдіреді екен. Бірақ бұл «сүйіспеншіліктің» зардабы тым ауыр. Мұндай айуандыққа адам баласы барады деп айтуға арланасың. Өкінішті-ақ.
Бұл тақырыпты қозғауымызға кейінгі кезде елде орын алған жантүршігерлік оқиғалар себеп болды. Ел болып індетпен күресіп жатқанда Сәтбаев қаласында болған жағдай бәрімізді есеңгіретіп жіберді. Ендігі жерде кез-келген ата-ана көз алдында жүрген баласы үшін де алаңдайды, үрейленеді.
Әке-шешенің үрейленіп, қорқуына негіз жоқ емес. Өйткені, мұндай айуандықпен айналысатындардың саны артпаса, кемімей тұр. Не дегенмен де көзіміздің ағы мен қарасындай болған балаларды көзден бір минут та таса қылмағанымыз жөн.
Баланың болашағына балта шапқан жауыздардың жазасы күшеймей бұл дерттен арылмайтынымыз анық. Өйткені, мұндай айуандыққа барған қылмыскерлер заң алдында жауап беріп, кінәлі деп танылып, темір торға тоғытылады. Бірақ араға біраз уақыт салып бостандыққа шығады. Мұндай қылмыскердің осынау қылмысқа қайта бармасына кім кепіл? Ал одан жапа шеккен бала психологиясын қалыпқа келтірудің, жүрекке түскен салмақтан арылудың оңай емес екендігін бәріміз жақсы білеміз.
Елімізде 2018 жылдың қаңтарынан бастап жаңағыдай айуандық қылмыс жасағандарға химиялық кастрация жасау туралы Заң күшіне енген. Қылмыстық кодекске сәйкес химиялық кастрация “кәмелетке толмағандарды зорлады” деген айып тағылып, қылмысы дәлелденген 18 жастан асқандарға қолданылады. Бірақ бұл тәжірибенің қаншалықты оң нәтиже беретіні болашақтың еншісіндегі дүние.
«Педофилизм – бұл ауру» деген педагог-психолог Алмагүл Әубәкірова бұл ауру психологиялық ауытқушылықтың нәтижесінде пайда болады дейді.
– Мұндай қылмыспен айналысатын адамдарды түріне, жүріс-тұрысына қарап ажырату қиын. Олар да көп ретте қарапайым адамдар секілді киініп, мәдениетті сөйлейді, белгілі бір маман иесі болуы да мүмкін. Бірақ бұл адамдарда жас баланың тәнін жақсы көру сезімі ерекше дамыған. Бұл ауруға көбінесе бала кезінде психологиялық жарақат алған немесе жүйке ауруына шалдыққандар барады.
Қазір елімізде аурудың бұл түрі өршіп тұр. Осыған қарамастан қатаң заң шараларының әлі де болса ақсап тұрғаны рас. Мұның өзі қаншама жас сәбидің жарқын өмірін құртуда.
Аталған дерттің түп тамыры ата-ананың немқұрайдылығында жатыр. Балаға немқұрайды қараудың нәтижесінде оның мінезінде ауытқушылық пайда болады. Балаға ерте жастан дұрыс тәрбие беріп, оны еркелету, үйірмелерге қатыстыру, ертегі оқу, қызығушылығын ояту секілді міндеттерді ата-ана өз мойнына жауапкершілікпен алса, болашақта мұндай ауытқушылығы бар адамдар болмас еді. Егер бала ата-анасы, бауыр-қарындастары тарапынан шеттету, қоғамнан менсінбеушілік, мазақ ету сезімдеріне жиі ұшыраған болса, нәтижесінде осы ауруға алып келуі әбден мүмкін, – дейді маман.
Бұл тақырыпты қозғаған кезде қазақы тәрбие де қатар жүруі керек деген пікірін алға тартқан психолог жас ата-аналардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңірумен қатар оларға халқымызда бағзы замандардан бері қалыптасқан бала тәрбиесі жөнінде де ұдайы айтып отыру керек деген кеңес береді.
Расымен де бұл пікірдің жаны бар. Біз қанша жерден өркендеген, дамыған мемлекет болсақ та ұлттық тәрбие мен ұлттық құндылық, салт-дәстүрлерімізден ешқашанда айырылып қалмауымыз керек. Бала толық отбасында өссе, ата-апасы мен әке-шешесінің, аға-әпкесінің махаббатына бөленіп, мейірімін сезінсе, ол нағыз тұлға болып қалыптасады. Осы тұрғыда да ақсап жатқанымызды айтпасақ та білеміз. Бірақ әрекет етіп жатқандарымыз шамалы.
Балалық шақтың ауылында алаңсыз саяхаттап жүрген бүлдіршіннің өмірін бүлдірген қылмыскерге жазаның ең ауыр түрі бұйыруы тиіс. Осы орайда Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп өзінің Facebook парақшасында: “Айуанды атуға болады! Азғындық жолға түсіп, адамдық қасиетінен айрылған адамды біздің қазақ “айуан” дейтін… Жалғыз Сәтбаев қаласында ғана емес, республика көлемінде педофил көбейді. Бұл айуандар көбейгенін аңғартады. Құтырған иттің өзін атып тастаймыз! Адамнан айуанға айналғандарды неге атуға болмайды?! Айуанға адам құқығы деген мүсіркеумен қарауға болмайды!” деп жазды. Расымен де біз адамдықтың ауылынан алыстағандарды айуанға теңейміз. Ал олардың болашағына үміт арту дегеніңіз үлкен қателік.
Қазіргі таңда білім ошақтарының шегарасында орналасқан сырттағы дәретханалардың барлығы ішке көшірілуде. Оның да өз себебі бар. Мектеп ұстаздары оқушыларды назардан тыс қалдырмай, ата-анасының қолына аман-сау тапсырғанша аманаттың ауыр жүгін арқалап жүреді. Сол сияқты, әр мектептің учаскелік полициясының да өз міндеті бар. Олар ата-аналарға аррнайы бекітілген үнпарақ таратып, сақтық шараларын сақтауды талап етеді.
Әлем елдерінің жазасы
Францияда химиялық жолмен піштіру әдісі 2005 жылдан бері қолданылады. Педофилдерге таңдау беріледі – химиялық кастрацияға келісу немесе психиатриялық аурухана қабырғасында мәңгіге қалу. Ұлыбританияда 2008 жылдан бері жазасын өтеп шыққан педофилдерге қатысты ерікті түрде химиялық кастрация жасау көзделген. Бельгия мен Данияда да сот шешімімен мәжбүрлі химиялық кастрация жасалады. Польшада 2009 жылдан бері фармакологиялық кастрация қолданылады. Оның қажеттігі туралы шешімді сот қабылдайды. Педофилдің құрбаны 15 жастан кіші бала немесе туысқаны болған кезде, бұл процедура міндетті түрде іске асырылады. Чехияда 1978 жылдан бері ерікті түрде хирургиялық кастрация жасалады. Америкада 1990 жылдары күшіне енген мәжбүрлі кастрация туралы заң қолданыста. Оған сәйкес, егер сотталған адам жазасын өтеп шыққаннан кейін қайтадан жыныстық сипаттағы қылмыс жасаса, онда судья химиялық жолмен піштіру жазасын белгілейді. Америка балаларды зорлағаны үшін түрмеде отырып шыққан азаматтардың төлқұжатына арнайы белгі қоя бастады. Төлқұжаттың артқы жағында: “Құжат иесі балаға қарсы жыныстық сипаттағы қылмысы үшін сотталған және АҚШ заңына сәйкес есепте тұр” деп жазылады. Қытайда педофилдің баланы зорлағаны дәлелденсе, бірден өлім жазасына кеседі. Солтүстік Кореяда педофилді өз құрбаны өлтіреді. Кінәліге ату жазасы белгіленеді, ал зорланған бала сол ату командасының құрамында болады. Мысырда сотталғандарды жұрт алдында дарға асады. Үндістан үкіметі 12 жасқа дейінгі қыздарды зорлаған педофилдер үшін өлім жазасын енгізді. Сауд Арабиясында, Латын Америкасы, Оңтүстік Корея, Ирак пен Африка елдерінде педофилдерге өлім жазасы қарастырылған. Африканың кейбір елдерінде педофилдерді тіпті тірідей өртеп жібереді.
*Ата-ана назарына!
1. Жасөспірімдерге көшеде бөгде адаммен әңгімелесуге және оларды үйге кіргізуге болмайды.
2. Подъезд бен лифтке бөгде ер адаммен кірмеу керек.
3. Үлкен адамдарсыз (ата-ана, мұғалімдер, үлкен туысқандар) бөгде автокөліктерге отыруға болмайды.
4. Балалар бөгде адамдардан сыйлық алмауы және олар үйіне немесе басқа бір жерге шақырған кезде келіспеуі керек.
5. Қас қарая көшеде жалғыз қалмаған жөн.
6. Егер үйде үлкендер болмаса, пәтерге кіруге сұранған бөгде адамды кіргізуге болмайды. Өйткені, педофилдер су, қоңырау шалу, ата-анаға хат қалдыру мен құжаттарды тапсыруға сұрануы әбден мүмкін.
7. Тәуекел тобынан (маскүнемдер, нашақорлар, сотталғандар ж/е т.б.), тіпті олар алыс туыстар болса да, қашық жүрген дұрыс.
P.S. «Баламның табанына кірген тікен менің маңдайыма қадалсын» деп баласының амандығы үшін тілек тілейтін аяулы ананың басты арманы – перзентінің амандығы. Олай болса, құрметті ата-ана, балаңыздың амандығына асқан жауапкершілікпен қарауды ұмытпаңыз.
Еңлік КЕНЕБАЙ





