Ел экономикасы мен халықтың әл-ауқатын көтеруде мемлекеттік қызметкерлердің еңбегі орасан зор. Оларға артылар жүк пен халықтың сенімі жыл сайын артып келе жатқаны белгілі. Жаңашылдық, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы да ілгерілеуді көздейді. Дәл осы жайында толық мағлұматты білу үшін мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Жетісу облыстық департаментінің басшысы Қобылан Манаппен сұхбаттасқан едік.
– Қобылан Тоқбергенұлы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру бағытында көлемді жұмыстар атқарылып, мемлекеттік қызметті дамыту ісінде біраз жаңашылдықтар енгізілді. Оның ішінде, кадрлық құрамның кәсібилігін арттыру, азаматтарды мемлекеттік қызметке алудың ашықтығын қамтамасыз ету сынды талаптар бар. Президенттің тапсырмасымен қолға алынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, олардың белгіленген әдеп нормаларын сақтауы сияқты бастамалар қалай іске асырылып жатыр.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру жұмысына үлкен мән береді және мемлекеттік қызмет жүйесін дамытуға бағытталған тапсырмаларды айқындап берді. Биылғы Жолдауында да Мемлекет басшысы өзекті мәселелерді атап өтті. Мәселен: «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мемлекеттік қызметшілер мінез-құлқының жаңа моделін қалыптастырды. Олар жауапкершілікпен, проактивті, ашық және тиімді жұмыс істей бастады» деп атап өтті. Сондай-ақ, билік пен халық арасындағы диалогтың сапасы жоғарылап, одан әрі арттыра түсу үшін жұмыс істеудеміз. Сонымен қатар, адалдық әрі әділ болу, заң аясында әрекет ету, берген уәде мен атқарған ісіміз үшін жауап бере білу керектігін тілге тиек етті. Жолдауда 2025 жылдан бастап аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері тікелей сайлау арқылы қызметке келетіні айтылды. 2021 жылы ауылдық округтердің әкімдерін халықтың тікелей сайлау жүйесі енгізілгенін білесіз. Өткен жылы республика бойынша пилоттық тәсілмен 45 аудан, облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері сайланды. Біздің облыста сайлау нәтижесінде Сарқан, Кербұлақ аудандарының әкімдері лауазымдарға орналасты. Бұл шаралар саяси жүйені реформалаудағы маңызды қадам болды. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру, үміткерді кызметке тағайындаған кезде оның кәсіби және моральдық қасиеттерін мұқият ескеру, меритократия қағидатын сақтау одан әрі жалғасатынын атап өтті.
– Бұл бастамалар мемлекеттік қызметті жетілдірудегі маңызды шаралар болады демексіз ғой. Өткен жылы жастарды мемлекеттік қызметке алуда үлкен өзгерістер орын алғанын ақпарат беттерінен оқып жүрміз. Тарқатып айтып берсеңіз?
– Әрине, Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету жөніндегі тапсырмаларын іске асыру үшін қолданыстағы мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаларға тиісті өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде, оқу нәтижесі «жақсы», яғни GPA көрсеткіші 3,33-тен жоғары үлгерімімен және грант бойынша білім алған жоғары оқу орындарының түлектерін жыл ішінде аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға тікелей тағайындау тетігі енгізілді. Бұл, мемлекеттік аппараттың кадрлық тапшылығын төмендетуге, жас мамандарды мемлекеттік аппаратқа алуға және жастардың ауданда, ауылдық жерлерде жұмыс істеуін қосымша ынталандыруға септігін тигізіп отыр. Ақпарат үшін айтып өтейін, өткен жылдан бері Жетісу облысының аудандық мемлекеттік органдары мен ауылдық округ аппараттарына 25 жас түлек осы тәсіл арқылы қабылданды. Бұған қоса, оқуды табысты аяқтаған Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлектері үшін «Б» корпусының өңірлік деңгейдегі жекелеген басшылық лауазымдарына тағайындау тәртібі жеңілдетілді.
Тағы бір жаңашылдықтың бірі – «Б» корпусының жоғары лауазымдарына тиісті біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайларда азаматтарды конкурссыз тікелей тағайындау нормасы енгізілді. Бұл лауазымдарға облыстағы басқармалардың, департаменттердің басшылары жатады.
Мұндай тағайындаулар міндетті түрде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімін ала отырып жүзеге асырылады. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметке азаматтарды қабылдаудағы ашықтықты, адами фактордың қатысуын болдырмау мақсатында өткен жылы – конкурстық іріктеудің жаңа форматы жүзеге асты. Бұл іріктеу тәсілі қазіргі уақытта еліміздің бірқатар өңірлері мен орталық органдарында пилоттық сынақтан өткізіліп отыр. Біздің облыстың жергілікті атқарушы органдары келесі жылдан бастап осы іріктеуге көшеді.
Конкурстың жетілдірілген тәртібі үміткерлерге «Е-қызмет» жүйесінің сыртқы порталы арқылы әлемнің кез келген нүктесінен және кез келген уақытта конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді. Бұл ретте тестілеуден өту қағидаларын сақтауды прокторинг жүйесі қамтамасыз етеді. Конкурстың жаңа рәсімі ең аз балл жинаған үміткерлерді автоматты түрде кезең-кезеңмен алып тастауды, ең жоғары нәтиже көрсеткен үш үміткер әңгімелесу кезеңіне қорытынды рұқсатты көздейді.
– Расымен де үлкен өзгерістер орын алыпты. Президент бастамасымен жаңа буынның қатарынан қалыптасқан резервтер бар. Бүгінгі осы жастардың мемлекеттік қызметке келуі қалай реттеліп отыр?
– Дұрыс айтасыз, 2019 жылы алғаш рет Президенттің бастамасымен елімізде Президенттік жастар кадр резерві жасақталып, 300 дарынды жас азаматтар іріктеуден өткен болатын. Кейін, 2021 және 2023 жылдары іріктеу жалғасын тауып, тағы 100 азамат резервке алынды. Қазіргі уақытта, осы Президенттік жастар кадр резервіне алынған 400 резервшінің 309-ы немесе 77,3 пайызы әртүрлі лауазымға тағайындалды. Бұған қоса, өзіңізге мәлім осы жылы облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, Астананың өңірлік кадр резервіне іріктеу жүргізілді. Наурыз айында басталған іріктеуге біздің облыстан 300 азамат қатысуға ниет білдірді. Әр кезеңнен жоғары нәтиже көрсеткен 20 жас Жетісу облысының өңірлік кадр резервіне алынды. Бұл жерде атап өту керек, іріктеуді облыс әкімі төрағалық ететін кадр комиссиясы жүзеге асырды. Өңірлік резервте болу мерзімі 2 жылды құрайды және осы уақыт ішінде осы азаматтарға жергілікті атқарушы органнан лауазым ұсынылады, егер келісім берген жағдайда, тағайындау жүргізіледі. Қазіргі уақытта өңірлік кадр резервінен 3 азаматқа мемлекеттік қызметтен лауазымдар ұсынылып, тағайындаулар болды.
– Қобылан Тоқбергенұлы, енді мемлекеттік қызметті дамытудың тұжырымдамасы қалай жүзеге асуда? Мемлекеттік қызметте қандай өзгерістер орын алады?
– Иә, өзіңіз айтып өткендей биылғы жылдың шілде айында Президент Жарлығымен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін дамытудың 2024 — 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бекітілді. Тұжырымдама – қазіргі таңда елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың серпіні, сондай-ақ, елдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өмірін жаңғыртуға, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған түбегейлі қайта құрулардың ауқымы мемлекеттік қызметті одан әрі дамыту қажеттілігін негіздейді. Бұл құжатта еліміздегі мемлекеттік қызметтің ағымдағы ахуалы зерделеніп, үздік халықаралық тәжірибелерге үлкен шолу жасалған. Нәтижесінде, мемлекеттік қызмет дамыған әлем елдерінің басқару ісіндегі тәжірибесі, қоғамның сұранысына негізделген жаңа модельдер қалыптасады. Жалпы мемлекеттік қызметті дамытудың пайымы үш негізгі бағытты қамтиды.
Біріншіден, мемлекеттік қызметтің сервистілік және клиентке бағдарлану қағидаттарына негізделген моделін қалыптастыру.
Екіншіден, мемлекеттік қызметті кәсібилендіру.
Үшіншіден, HR-процестерді жетілдіру және басқару.
Әр бағыттың аясында орын алатын өзгерістер мен жаңашылдықтар, сонымен бірге, негізгі индикаторлар айқындалды.
Әрине, басты басымдық қоғамның қажеттіліктері мен үміттерін қанағаттандыру болып табылатын қызмет көрсету және азаматтармен өзара іс-қимыл жасау мәдениетін дамытуға, мінез-құлқының командалық-әкімшілік моделінен сервистік моделіне көшуге баса назар аударылады.
Проактивті мінез-құлық, азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою, сондай-ақ, мемлекеттік қызметте жаңа әдеп стандарттарын қалыптастыру, қоғамның сенімі мен қанағаттану деңгейін арттыруға ықпал етеді. Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы қайта қарау мемлекеттік аппараттың жұмысы үшін неғұрлым тұрақты және орнықты құқықтық негіз құруды көздейді.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен Ришад ТҰРҒАНБАЙ





