Әне-міне дегенше күз де келді. Оны мен күнтізбеден ғана емес, ауа райы суытқанынан байқадым. Күннің алабұртқанына қарап, сыртқа шыққым келмеді. Терезеге қарап, қалың ойға шомып отырғанда, шыр ете түскен телефон қоңырауы назарымды аударды.
– Сәлем, қалайсың?
– Сәлем, жақсымын, өзің?!
– Жақсы! Бүгін күн суық болып тұр, жаңбыр да жауатын секілді иә?! Жылы киінейік.
– Дұрыс айтасың, жылырақ киінсек өзімізге жақсы. «Сұлуынан жылуы» дейді ғой.
– Бүгін аралық бақылау бағасын айтады. Қалай болады деп, уайымдап тұрмын. Аз ұпай жинап қалсам ше?? Ауа райының күрт бұзылғанынан да көңіл-күйім түсіп кетті.
– Уайымдама, өзіңе сен! Барлығы жақсы болады! Әрбір күнімізді керемет өткізетін өзіміз, сол үшін жаныңның жабырқауына мұрсат берме. Бізде оған уақыт болмау керек!
– Жақсы, сен болмасаң мен қайтер едім?! Көріскенше!
– Кездескенше!
Білім ордасының табалдырығын оң аяғымызбен аттап, ішке кірдік. Бір игі істі бастарда барлығы сөйтеді ғой. Әрине, бұл наным-сенімге қатты берілгендік емес. Әр нәрсені жақсыға балағандық еді. Достарымызбен аман-саулық сұрасып, кезекті тапсырмаларды талқыладық. Әркім өзіне берілген тапсырманы айтып, бөлісе бастады. Енді бірі: «Тапсырмаңды берші, көшірейін», – деп әлек болып жүр.
– Алақай, апай маған жоғары балл қойыпты! – Қуаныштан құрбымның төбесі көкке жетті.
– Керемет, енді осы қалпыңнан таймай, әрі қарай жалғастыр, жарай ма?! – дедім.
– Иә, рақмет! Біздің осы жоғары деңгейлі білім алып жүргеніміз ата-анамыздың арқасы!
– Әрине, ол кісілерге мың да бір қарыздармыз! Сол үшін де алдыға ұмтылыс, арман-мақсат болу қажет!
– «Еңбек бәрін жеңбек», дейді ғой!
– Сен менің жанымда жүре-жүре ақын, әлде жазушы болып шығарсың!
Бәріміз сұрақты жазып, ойланып отырмыз. Бізге берілген тапсырма: өміріңнен алынған қызықты әңгіме жазу. Ойлап қарасаң, біздің әр күніміз қызық өтіп жатыр емес пе?! Үлкен өмірді аттаған сәтімізден бастап, небір қызықты көріп жатырмыз. Нағыз бақытты шақ – студенттік шақ шығар, сірә!
Моншақтап жауған жаңбырдың тамшылары терезені тырсылдатқан кезде менің де жүрегімді белгісіз нәрсе тарсылдатып соғып жатқандай болды. Оның не екенін білмедім, әрбір нәрсені бір шолып, ойлап қана қойдым.
– Бүгінгі күніміз сәтті өтті. Мен саған үйге жеткенде хабарласамын. Ертеңгі сабақты талқылап, дайындалайық, – деді құрбым.
– Жақсы, міндетті түрде.
– Сенің көңіл-күйіңнің жақсы болғанын қалаймын. Әрдайым осылай жадырап жүрші!
– Ылайым солай болсын, осындай керемет күндерімізден айырмасын. Қапсыра құшақтасып, екіге айырылыстық.
Ойланып отырып, шығарған қорытындым: адамның әрбір күні тек өзіне байланысты. Оны жақсы ететін де, жаман ететін де тек өзі. Қарап тұрсаң, біздің әр күніміз жақсылыққа толы. Таңертең көңілсіз оянуымызға немесе көңілсіз жүруімізге еш себеп жоқ. Бізден бақытты бұл өмірде адам жоқ! Сондықтан әрбір күннің жақсылығын сезініп, қандай сынға кез болсақ та Алланың игілігінен үміт үзбеуді үйренейік дегім келеді. Далада күз болсын, мейлі, қыс болсын, көңілдеріңіз әрқашан жадыраңқы болғаны жөн. Өміріңнің мәнді де сәнді өтуіне тек өзің себепкерсің! Мысалы, мен қолдан келгенше барша адамзатқа көмек бергім келеді! Мен оның қайтарымын күтпеймін! Тек солай, титтей дүниелермен өмірімді гүлдендіремін, әрбір сәттен ләззат аламын!
Міне, менің нағыз бақытты шағымның гауһар тасы! Тапсырма ойдағыдай шығып, сәтті өтті. Бұл әлі бастамасы ғана…
Арайлым НҰРЖАПАР,
Жансүгіров атындағы ЖУ-дің студенті
Сурет ғаламтордан алынды





