Ауыл тұрғындарының табысын арттырып, агроөнеркәсіптік өндірісті жандандыруда «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынды.
Тұрғындар осы бағдарлама аясында жеңілдетілген несие алып, кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мәди Саулхановтың айтуынша, осы бағдарлама бойынша 2023 жылы 1 траншта жалпы 75 үміткер жобаға қатысып, 52 жоба қаржыландырылған. Сондай-ақ, 140 млн. теңгеге 24 адамның, 2-ші траншта 28 адамның несиесі мақұлданып, 130 млн. теңге берілген.
Жалпы аудан бойынша 52 адамның несиесі мақұлданып, 271 млн. теңге қаражат бөлінген. 52 адамның 48-і мал шаруашылығы, қалғаны басқа бағытта бизнестерін өркендетуде. Нәтижесінде Қарашоқы ауылында наубайхана ашылып, 3 адам жұмыспен қамтылып отыр. Бүгінде кәсіпорында жылына 45 тонна ұн өнімдері шығарылып, 3 мыңнан аса тұрғын нанмен қамтамасыз етілуде. Ал Сарыөзек ауылында ашылған «Зере» асханасында 3 жұмыс орны құрылған. Бұл жерде жылына 1400-ден аса адам тамақтанады.
Қаспан ауылында жылқы шаруашылығын жандандырған кәсіпкер 1 адамды жұмыспен қамтып, ет, қымыз өндірісін жандандыруда. Сонымен бірге мүйізді ірі қара мал өсірілуде. Алдыңғы жылы Сарыөзек ауылында «Ай принт» полиграф орталығы ашылды. Мұнда қазір 3 адам жұмыс істейді. Олар жылына 1100 баспа шығарып, 220 адамға қызмет көрсетіп отыр. Өткен жылы 176,8 млн. теңгеге 23 адамның несиесі, мал шаруашылығы бойынша 18 адамның, басқа бағытта 5 адамның өтінімі мақұлданған. Қаражат республикалық бюджеттен күтілуде.
А. ЫБЫРАЙ
Фото: gov.kz





