Ел мен жердің өркендеуі жолында бойындағы барын сығып беріп, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне елеулі үлес қосатын жандар болады. Жалындаған ғұмыры қысқа болса да ұлттық құндылыққа барын беретін ондай тұлғалар саусақпен санарлық.
Атап айтсақ, қаршадайынан медреседе оқып, ұлттық шырағданға айналған Абай Құнанбайұлы, әлемдік жағрафия картасының олқы түскен тұстарына жаңа бедер түсірген этнограф-ғалым Шоқан Уәлиханов, қараңғы халықтың көгіне күн болып шығуды армандап өткен Сұлтанмахмұт Торайғыров сынды ерлер еліміздің бүгінгі қалетке жетуіне ықпал еткені анық. Солардың қатарында қазақтың ән қоржынын бірнеше туындымен толтырған ақын-композитор, білімге құмар жастарға тәлім берген ағартушы-ұстаз, сталиндік режимнің құрбаны Қапез Байғабылұлы бар.
Өткен жұма күні Кеген ауданы, Тоғызбұлақ ауылының жұртшылығы Үш Меркі мен Қарқара өңірін әнге қосқан Қапез сал Байғабылұлының 123 жылдығына, ол салған мектептің 90 жылдығына, Тоғызбұлақтағы мектепке аты берілуіне 30 жыл толуына арналған ауқымды шараға куә болды. Жаздың себелей жауған жаңбырын Алланың нұры деп қабылдаған халыққа Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов, тарих ғылымының докторы, академик Мәмбет Қойгелді, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы, доцент, филология ғылымдарының кандидаты, өнер зерттеушісі Сағатбек Медеубекұлы жүрекжарды лебізін арнап, айтулы тұлғаның өміріне, шығармашылығына, қайраткерлігіне қатысты ой-пікірлерін жеткізді. Кеген аудандық халық театрының көркемдік жетекшісі Аршын Нұрбақыт бастаған жергілікті әртістер Стамбулда білім алып, қазақтың баласына тәлім-тәрбие берген ағартушы-ұстаздың кеңестік айдауылдардан көрген қорлығын сипаттайтын қойылым қойып, көпшіліктің көңілін толқытты. Тоғызбұлақ, Жайдақбұлақ, Кеңсу ауылдары ұлдарының басын жиып, исламдық өркениетке тән ерлер гимназиясын ашқан Қапез Байғабылұлы сол тұста жергілікті көзі ашық азаматтармен рухани байланыста болғаны белгілі. Соған орай қылышынан қан тамған кеңестік озбырлық 1937 жылы әлдебіреудің атынан түскен арызға байланысты ақынды итжеккенге айдатып, Коми АССР-дегі еңбекпен түзеу колониясына жібереді. Алдымен Жаркентке жаяу айдалып, жүрегін жарып шыққан «Қоштасу» атты әнін орындаған әнші-композитордың дауысын естіген жергілікті халық ілесе отырып, Қапез салдың әнін есте сақтап қалады.
Қалып барады артымда балапаным,
Аямасын ағайын алақанын.
Кебін емес, кебенек киіп барам,
Қош, есен бол, Ақтоғай, Алатауым.
Әзәзілге сендің бе,
Айтқанына көндің бе?!
Халқым деген Қапезді,
Жау деп ұстап бердің бе?!
Итжеккенге айдаған,
Кер заманның әлегі.
Бұлбұл құстай сайраған,
Бұл Қапездің әні еді-ау, – деп сайын даланы зарлы үнімен оятқан ақын Коми АССР-нің орталығы Ухта қаласында 1939 жылы атылды. Артынан ерген ұлын Қарағандыға айдатып, ФЗО-ға жіберген кеңестік идеология ағартушы-ұстазды тек 1958 жылы ақтап, тағылған айыпты жояды. Алайда ақиқат жолында атылған ақынның бар арманы – халқының көзі ашық, көкірегі ояу болғанын көру еді. Ағаштан қиып салған мектебін кейіннен Тоғызбұлақ ауылына көшіріп, жергілікті халықтың білім алуына мүмкіндік берген жергілікті жанашыр азаматтар алысты көздеп, түптің түбінде ақиқаттың ашыларын ұққаны анық. Еліміз тәуелсіздік алған 90-шы жылдардың басында Тоғызбұлақ ауылындағы орта мектепке Қапез Байғабылұлының есімі берілген. Содан бері оң мен солын тани бастаған бүлдіршіндерді бастауыш сыныпқа қабылдап, өмір жолына түсіретін білім ордасының ұстаздары бүгінде жас жеткіншектерге Қапездің өмірін кеңінен насихаттап келеді.
Алатаудың бір пұшпағында жатқан Тоғызбұлақ ауылында өткен айтулы шараға елімізге белгілі дәстүрлі әншілер мен эстрада жұлдыздары қатысып, әннен шашу шашты.
Сахнаға кезекпен көтерілген Т. Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының профессоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Стамғазиев, Нұржан Жанпейісов, Еркін Шүкіманов, Ерлан Төлеутай, Нұрлан Сағынай, Ұлту Қабаева, Шаба Әденқұлқызы, Мұрат Тоқашбаев, Жігер Ауыпбаев сынды белгілі әншілер Қапез сал Байғабылұлының әндерін орындап, жұрт көңілін жадыратса, ақындар Жанарбек Әшімжан, Алмат Исәділ, Мақсат Ережеп арнау өлеңдерін оқып, жырқұмар қауымды бір серпілтті.
Таулы өңірдің табиғаты құбылмалы, лезде көтерілген жел үйірген шағын бұлт әп-сәтте аспанды торлап, жаздың аптап ыстығын баданадай тамшыларымен баптай басып жатты. Көтерілген шаң мен тозаң басылып, әнге сусаған көңілдерге ынтық әуендей төгілген жаңбыр аздан соң сап тыйылып, қою бұлт сейіліп жүре берді. Табиғаттың өзінен сыр аулаған халық сіркіреп өткен тамшыны жақсылыққа балады.
Ағанас жазығының оңтүстігін ала орналасқан Тоғызбұлақ ауылының тарихы тереңде, тағылымы орасан. Биылғы көктемде бақшаны жыртып жатқан ауыл тұрғыны Медет Қызайбекұлы қалың топырақтың астынан күтпеген жерден шыға келген қола қазан тауып алады. Ақын-композиторға арналған шараға орай ауыл тұрғындарының өзара келісімімен тарихи жәдігерді Есік қаласындағы «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне өткізуді жөн санағанын атап өткен «National Geographic Qazaqstan» журналының қызметкері, осы ауылдың тумасы Мақсат Ясылбайұлы қола қазанды мұражай директоры Тасқын Тойбаев пен қорық-музейдің ғалым-хатшысы Досым Зікірияға салтанатпен табыстады. Түрлі металдардың қосындысынан құйылған көне қазан сақ-ғұн дәуіріне жататынын, діни жоралғыға қолданылғанын растаған мамандар тарихи жәдігерді өңдеуден өткізуге және Кеген аудандық музейіне көшірмесін жасатып беруге көпшіліктің көзінше уәде берді. Халқымыз қазанды молшылықтың, игіліктің, берекенің белгісі санайды. Өткен ғасырдың қандауыр кезеңінде кеңестік идеологияның қуғынын көрген ақын-композитор, ел ішінде соңғы сал атанған Қапез Байғабылұлының ғибратты ғұмыры мен өнегелі өміріне арналған игілікті іс-шара жоспарланған жылы тарихтың топырағы көмген қола қазанның шыға келуі жергілікті халықтың жанашыр тілегі мен ынтымақшыл ықылас-пейілін арттырып, көпшіліктің көңілін тербеткені анық. Әрбір істің артында үлкен игілігі, қайыры болатынын жақсы білген халқымыз мұндай жаңалықты жақсылықтың нышанына балап жататыны тағы рас. Осы өңірде туып-өсіп, ел мен жердің өркендеуіне үлес қосқан ерлер мен тұлғаларды еске алуға арналған ас кезінде баталы ақсақалдар мен аузы дуалы қариялар дұға-тілегіне жақсылық пен ынтымақтың белгісі болған қола қазанды қосып, елге бақ-береке тілеп жатты.
Айтулы шара соңы ат бәйгесіне ұласты. Жетісу жерінің суын ішкен жүйріктер мен дүлдүлдер бәйгеге тігілген құнды дүниелерді иеленді. Атап айтқанда, аламан бәйгенің бас жүлдесін Ұзынағаштан келген Ғалым Елеусіздің жүйрігі еншілесе, екінші орынға кегендік Нұрлан Шыңғожаевтың аты табан тіреді. Құнан бәйге мен тай жарысқа қатысқан жүйріктер де шашасына шаң жұқпаған дүлдүл екендігін дәлелдеп, Тоғызбұлақ ауылының азаматтары тіккен бағалы сыйлықтарды елдеріне әкетті.
Мәди АЛЖАНБАЙ





