2007-2008 жылдары «Қазақстан» ҰТА көрсетілген «Аламан айтыста» алғырлығымен көрініп, сөз саптауы барша жанкүйерлерге ұнаған ақын, бүгінде хит әндердің сөзін жазумен танымал, сондай-ақ, тележүргізуші Нұржан Өмірбаймен тілдесудің сәті түсті.
– Əнге сөз жазарда басты назарға нені ұстайсыз? Өзіңіздің де əннің əуенін жазатыныңызды білемін. Өз туындыларыңыздың ішінде қайсысы жаныңызға жақын?
– Басты назар – сөздің сапасы, яғни, мəтіннің мағыналы болуына бағытталады. Əнді əнші орындағанымен сөз турасындағы сыни сөздердің маған келетінін сезінемін, салмағын да білемін. Сосын, əр əн тəрбие құралы болғасын тəрбиелік мəн жағын жіті қадағалаймын.
Өз туындыларым балаларым ғой. Бөле-жару жоқ менде. Десек те «Өлмейтіндер» əнін дара көрем. Ол əн өнердегі əкеміз Тұрсынғазы Рахимовтың рухына арналған.
– Ақынға керек басты үш қасиетті атап өтіңізші.
– Адалдық, еңбекқорлық, рухты болу.
– Соңғы бес жылда қазақ сахнасында айтылған əндердің сөздерін салыстыра келіп, ойыңыздағы рейтингті жасап шығыңызшы. Жəне не үшін, қай ұйқасы үшін?
– Рейтинг жасау қиын-ақ. Бірақ, Тұрсынжан Шапай мен Қадырғали Көбентайдың əндерін айта кетсе болады. Ал, ақындардан Ринат пен Қалқаман, Ершат пен Қайнардың сөздері мірдің оғындай. Соңғы бес жыл емес, жалпы, қазақ эстрадасында тыңдаудан жалықтырмас Шəмші мен Нұрғиса, Қадір мен Тұманбайлардың туындылары өлмейтін өнер ғой.
Жалпы, қазір əн мəтіні мəн-мағынасын тауып келе жатыр. Есенқұлдардан кейін ессізденіп кеткен эстрадаға жаңа леп əкелген Талант Арғынғали, Ринат Зайытов, Қалқаман Сариндерге қарыздармыз.
– Құпия болмаса бір əнге сөз жазғаныңызға қанша теңге қаламақы аласыз?
– Бергенін аламын. Тегін де жазамын. Саудагер емеспін.
– Ғаламтор желісінде қазір «Нұржан Өмірбаев» деп терсеңіз, айтыстан бұрын танымал асаба ретінде шығарады. Көбісі тойға шыққан ақынның ойы жеңіл, сөзі арзан болады дейді. Сіздің асабалығыңыз ақындығыңызға қалай әсер етті? Айына орта есеппен қанша той басқарасыз?
– Асаба болғаным жасырын емес. Қазір мемлекеттік қызметші ретінде заңға сəйкес той мүлде басқармаймын. Қазір мен білетін ақынның көбісі тойдан нəпəқа тауып жүргенін жұрт біледі. Шығармашылыққа қатты зиян тигізетін кәсіп екенін бəрі біледі. Дегенмен, күйбең тірлік сенің дегеніңе көне қоймайды. Отбасы қамы мен жейтін наның үшін жасайсың.
Əйтпесе, мүмкіншілік болса өн бойыңмен өнер мұхитына сүңгіп кеткенге не жетсін?!
– Айтысқа он жылдан кейін оралдыңыз. Безендіру, ұйымдастыру форматы өзгерді демесеңіз, сол айтыс. Осы уақыт аралығында өзіңізде орын алған өзгешелікке тоқталыңызшы. Үзілістен кейінгі айтыстардан алған əсеріңіз?
– Айтысты сарылып сағынғаным рас. Мен де өзгермеппін. Халықтың ықыласы да сол баяғыдай.
Қысқасы, айтарлықтай өзгеріс жоқ. Қарайып қалдым деп те айта алмаймын.
– Ертай Нүсіпжанов жүргізген «Аламан айтыстан» кейін де бірнеше телевизиялық айтыс көрермендерге жол тартты. Бірақ оларды деңгейі жағынан болсын «Аламан айтыспен» салыстыра алмаймыз. Неге? «Аламан айтыстың» сол кездегі ұтқан және ұтылған тұсы қайсы?
– Ұтқан тұсы келісу мен халықты алдайтын өтірік шоу емес, шынайы шоу болды. Тікелей эфир, бір-бірін бірінші рет көрген қарсыластар. Ауызға байлау, ойға тұсау болмады. Ойыңда не бар, айтуға мүмкіндік берілді. Ең бастысы, ел назарында жоқ, көріне алмай жүрген жаңа дарындарға жол салып берген сүбелі бағдарлама болды. Ұтылғаны: өзге, яғни, Жүрсін аға Ерман жүргізетін айтыстан көп уақыт шеттетілуі болды. Жұрттың берекесін нығайту үшін жүрген ақындардың бөлінуі де бар.
– «Ютуб» желісінен Кереку жерінде Аспанбек Шұғатаевпен болған айтысыңызды көрдім. Досыңызға деген іште жатқан назды ақтарыпсыз. Жалпы, Алла берген достарыңыз үшін сіз қандай доссыз?
– Наздан бұрын бұл айтыстың майданын қыздыру мақсатында айтылған сөздер ғой. Ал, достарға адалмын. Басқа қырларымды достарым айтқаны абзал шығар.
– Дәл қазір сізді қоғамдағы қандай мәселе алаңдатады?
– Білімсіздік!
– Сұхбатыңызға рақмет!





