Балқаш ауданы Малайсары жотасынан басталып, оңтүстік-батысында Іле өзені, солтүстік-шығысы мен солтүстігінде Қапшағай қаласы, Кербұлақ, Көксу, Қаратал аудандарымен, солтүстік-батысында Балқаш көлімен шектеседі. Аумағынан облысаралық, халықаралық теміржол, тасжолдар өтпейтін, жер көлемі 3700 мың гектар болатын үлкен алқапты алып жатқан аудан. Балқаш көлінің су қорының 65-70%-ын Іле өзені толықтырады.
Ақкөл ауылынан асқаннан кейін ұзындығы 150 шақырым, ені 200 шақырымдай болатын, жүздеген көлдерден құралатын табиғаттың алтын қазынасы Іле – Балқаш атырабы басталады.
Бұрынғы кездері Іле өзенінің бойындағы балық аулайтын бірнеше шаруашылық жылына отыз мың тоннадан астам сазан мен ақамур, ақшабақ, бекіре, көксерке, шабақ, жайын, ақбалық, т.б. балық түрін аулап, мемлекетке өткізетін. Көлдерінде аққу мен қаз-үйректің бірнеше түрлері, бірқазан, қарабай, т.б. құстар көптеп өсіп-өнсе, тоғайы мен қамысында елік пен жабайы шошқа, қырғауылы, құмында қарақұйрығы жыртылып айырылатын. Мемлекеттік аңшылық шаруашылығы (ГОХ) деп аталатын мекеме жылына бір млн. дана ондатра терісін дайындаса, бұл терілер шетелге валютаға сатылып, мемлекетке көп табыс әкелетін.
Аудан шаруашылықтары Іле өзенінің бойы мен Балқаш көлінің жағалауындағы он мыңдаған гектар табиғи шабындықтардан ірі сабақты мал азығын дайындаса, құрғақшылық жылдары облыстың басқа аудандарынан келген ағайындар шөп дайындап, тасып әкететін. Өзен бойындағы талдан киізүйдің сүйегі жасалса, қамысы құрылыс материалы ретінде баржаларға тиеліп, Іле стансысына жеткізілетін. Жиде мен шеңгел, жыңғылдан мал қоралары салынатын. Бақанастағы орман шаруашылығы мекемесі арқылы мыңдаған тонна сексеуіл отыны дайындалып, жыл он екі ай Алматыға тасылатын.
1963 жылдан бастап Ақдала массиві игеріліп, 31 мың гектар суармалы алқап пайда болды, 13,5 мың гектарға күріш, арпа, бидай, сүрлемдік дақылдар, көпжылдық шөп егіліп, аудан күрішті, ырысты алқапқа айналды.
Қазақстан картасында Қапшағай су қоймасы, Қапшағай ГЭС-і пайда болды. Ондағы басты мақсат Алматы қаласын электр энергиясымен, қала халқын демалыс орындарымен қамтамасыз ету болатын.
Қапшағай су қоймасында бастапқыда 28 млрд. текшеметр су жиналады деп жобаланғанымен сол көлемде су жинау мүмкін болмады. Осы орайда 1992 жылы ең жоғарғы су сыйымдылығы 18450 млн. текшеметр деп бекітілген Үкімет қаулысы шығып, осы қаулыға сәйкес көл жағалауына демалыс орындары салына бастады. Енді жұмысшы су көлемі 15 млрд. текшеметрден 5 млрд. текшеметрге азайды. Егер қоймадағы су мөлшері 13,5 млрд. текшеметрден азайса ГЭС жұмысын тоқтатады, демек ГЭС бөгетінен су асып ақпайды. Қыс айларында Алматы қаласын таңғы сағат 6.00-ден 9.00-ге, кешкі сағат 18.00-ден 21.00-ге дейін электр энериясымен қамтамасыз ету үшін ГЭС-тен осы уақытта секундына1000 текшеметр су жіберуге тура келеді. Бұл кезде Іле өзенінің арнасы толық қатып қалады, ал өте көп мөлшерде жіберілген қызылсу жолдағы көлдерді толтырып, асып ағып, мал, аң-құс жайылымдарын басып қалады. Осылайша ондатра ұялары су астында қалып тұншықса, жайылымдардағы аң-құс құмды бұйраттарға қашып шығып, аштықтан шығынға ұшырайды. Көлдерде көпқабатты мұздың пайда болуына байланысты балықтарға оттегі жетпей көктем кезінде, мұз ерігенде өлген балықтар су бетіне қалқып шығады.
Жоспар бойынша Малайсары жазығына шыға берісте Қапшағай ГЭС-інің серігі – Кербұлақ контррегуляторын салу көзделген еді. Аталған контррегуляторда жиналған 220 млн. текшеметр судан 45 МВт электр энергиясын өндіре отырып, сол арқылы суды арнамен қыс айларында бірқалыпты мөлшерде жіберу жоспарланған. Белгісіз себептермен бұл шаруа іс жүзіне аспай қалды.
Қазіргі кезде контррегулятордың қажеті шамалы, өйткені Алматыға шығыстан жаңа жоғары кернеулі электр желісі тартылды. Сондай-ақ, Кербұлақ алқабынан күн энергиясы арқылы электр қуатын өндіретін үлкен нысан салынып, іске қосылуда.
Іле өзені бойында Тасмұрын, Ақдала магистральды тоғандары арқылы 30 мың гектар суармалы алқапқа жаз айларында су беріледі. Бұрынғы кезде Тасмұрын тоғаны секундына 45-50 текшеметр су алуы керек болса, мұның 10 текшеметрі чехтық баржадағы үлкен сусорғыш құрылғылары арқылы қамтамасыз етілетін, ал күріш алқабының кейбір бөліктерінде СНП 500 — 10 сусорғыш қондырғылары пайдаланылатын. Қазіргі уақытта электр энергиясының, жанар-жағармайдың қымбаттауына байланысты бұл қондырғылар жұмыс істемейді..
Жылма-жыл суару науқаны аяқталысымен, яғни тамыз айының аяғында қоймадағы азайып қалған су көлемін толтыру үшін Қапшағай ГЭС-інен су жіберу мөлшері секундына 230 текшеметрге дейін азайтылады. Жаз ортасында жіберілетін су көлемі секундына 450-500 текшеметрге дейін азайтылады.
Жаз мезгілінде Қапшағай су қоймасына Іле өзенімен секундына 350 текшеметр мөлшерінде су келуі азайса, шілде айларында Ақдала алқабында су тапшылығы байқала бастайды. Осылай күріштің гүлдеген кезінде су режимі сақталмаса өнім сапасыз әрі түсімі төмен болады. Ал 2014 жылғы маусым, шілде айларында қоймаға секундына 80-110 текшеметр ғана су келіп, ГЭС-ті тоқтататын жағдайға дейін жеткенбіз. Бұл жағдай 2020 жылы да қайталанды.
Қытай Халық Республикасы Іле өзені бойынан бірнеше су қоймасын салды. Қазіргі есеппен 4 млрд. текшеметр су алады деген болжам бар, Осылайша судың Қапшағай қоймасына келуі азаймаса көбеймейтіні белгілі.
Егер суару науқаны басталғанша Қапшағай су қоймасына 18450 млн. текшеметр су жиналса, су қоймасының жан-жағындағы көлдер суға толып, көкек-мамыр айларында балық уылдырық шашады. Мамыр айы басталысымен ГЭС-тен секундына 750 текшеметр су жіберіледі де маусым айының ортасында қоймадағы су деңгейі күрт азаяды, жағадан 200- 300 метрге дейін су тартылады. Қойма маңындағы көлдерден су кеткеннен кейін балық уылдырықтары қырылып қалады. Мұның өзі Қапшағай су қоймасындағы балық қорының азаюына әкеп соқтырады.
Шеңгелді массиві Іле өзенінен 12 мың гектар алқапқа су алып, 150 мың тонна жуа, басқадай дақыл өсіреді. Су деңгейінің төмендеп, жағадан алыстап кетуіне байланысты бұл өңірде де су тапшылығы сезіліп, өнімнің сапасы төмендеп, түсімі азаяды.
Облыс, аудан әкімшілігі Тасмұрын, Ақдала магистральды тоғандарының сағасын тазалау, су деңгейін көтеру мақсатымен қосымша бөгеттер қойып, мелиоративтік жұмыстар жүргізу үшін қомақты қаржы бөліп, жылма-жыл айналысқанымен тұрақты су көлемімен алқапты қамтамасыз ету мәселесі түбегейлі шешімін тапқан жоқ.
Іле арнасы бойындағы табиғи шабындықтарда жерасты суының бір көтеріліп, бір түсуіне байланысты көпжылдық табиғи шөптер азайып, бұрынғы табиғи шабындықтар сорланып, шоқ-шоқ бұталар өскен құнарсыз алқапқа айналуда.
Өзен арнасындағы су деңгейі күз, қыс айларында жаз кезімен салыстырғанда екі есеге азаяды. Ақдала егіс алқабындағы жерасты суының деңгейі де жаз кезіндегіден екі есе төмендейді, соның салдарынан алғашқы су алу кезінде Іле арнасымен секундына 750 текшеметр су жібермесе күрішті уақытында суға бастыра алмайсың. Себебі, төмен түскен су деңгейі қайта көтеріліп, бір деңгейге келгенше су шелекпен құйғандай жерге сіңіп жоқ болып отырады.
Қазіргі кезде Балқаш көлінен ауланатын балық мөлшері 5 мың тоннадан сәл асса, ондатра аулау көрсеткіші 150 мың данаға дейін азайған. Бұрындары ауланған құнды балықтың үлесі 70-80% -ды құраса, қазір 25% -ы көксеркенің үлесіне тиеді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – Тасмұрын, Ақдала магистральды тоғанының сағасына үрлемелі бөгет (надувная плотина) салу керек. Тасмұрын магистральды тоғанының сағасына үрлемелі бөгет салуға 2014 жылы сметалық жоба жасалған, бұл бетонды плотина құрылысынан 8 есе арзан әрі тиімді екен. Бірнеше жыл бұрын Қызылорда облысының Жаңақорған, Шиелі аудандарында үрлемелі бөгеттер салынып, күріш алқабын сумен толық қамтамасыз ету мәселесі шешілгенін басылымдардан оқып, біліп отырмыз.
Тасмұрын, Ақдала магистральды тоғандарының Іле өзенімен қиылысқан сағасына үрлемелі бөгеттер салынған жағдайда өзенге қанша су берілсе де су денгейін 3,5 метр биіктікке дейін көтеріп, керекті су мөлшерімен егістік алқабын толық қамтамасыз етуге болады. Бұл жағдайда Қапшағай ГЭС-інен қанша су жіберілсе де тоғандардың су алу деңгейі төмендемейді.
Іле арнасымен су жіберу деңгейін қалыпты ұстап тұрған жағдайда жерасты суы ойнамай, жердің сорлануына, шабындықтардың жойылып, шоқ-шоқ бұталарға айналуына жол берілмес еді. Бұл шара жүзеге асса 30 мың гектар суармалы жерден тұрақты өнім алу мәселесі шешіліп, алқапты тұзданудан сақтап, Балқаш көлінің су қорының көбеюіне септігін тигізер еді.
Қапшағай су қоймасының деңгейін бірқалыпты ұстап, 12 мың гектар Шеңгелді массивін де су тапшылығынан құтқарып, балықтың көбеюіне жағдай туып, Қапшағай қаласын да тұрақты сумен қамтамасыз ету мәселесі шешілер еді.
Экологиялық жағдай жақсарып, Іле атырабындағы көлдердің деңгейі бірқалыпты жағдайға келіп, ондағы балықтың, ондатраның көбеюіне жағдай туады. Табиғи шабындықтар қалпына келсе аң-құстары көбейіп, туризм саласының дамуына септігін тигізері сөзсіз.
Іле атырабындағы аң-құстың азаюына тағы бір себеп – әр аптаның демалыс күндері Алматы қаласынан, басқа да жақтардан браконьерлердің ағылып келуі. Олардың аң-құсты аяусыз қырып-жойғандығына байланысты табиғатты қорғау шараларын күшейту қажеттігі туындады. Аудандағы егерьлердің штаты бұл көлемді қорғауға толық жетпеді, сондықтан 2018 жылы 64 адам құрамы бар, екі бөліктен тұратын, жер көлемі 415164 гектарды құрайтын Іле – Балқаш резерваты ашылды. Кейіннен жер көлемі 296 мың гектарды құрайтын Балқаш маңы қорықшасы оперативтік басқаруға берілді.
Бұл құрылымның басты мақса- ты – Іле – Балқаш атырабындағы биоәртүрліліктің сақталуына, өсіп-өнуіне жағдай жасау, орман-тоғайды өрттен қорғау, антропогендік факторлардың табиғатқа тигізетін залалын барынша азайту, мелиоративтік техникамен қамтамасыз етіп, қайыр басқан Іле арнасын тазалау, бөлшектеліп қалған көлшіктерді бір-бірімен қосып, ихтиолог ғалымдарды қатыстыра отырып балықтың, ондатраның өсіп-өнуіне жағдай жасау. Тұран жолбарысын қалпына келтіру үшін Ресей мемлекетімен арадағы келісім бойынша генетикасы жақын, географиялық бір белдеуде өсіп-өнетін Амур жолбарысын әкелу туралы келісімді іс жүзіне асыру. Ол үшін жолбарыстың өсіп-өнетін жерін дайындау, қоректік бұқар бұғысы мен жабайы шошқаны көбейту, Алтынемел ұлттық қорығынан құландарды әкеліп жерсіндіру, оның көбеюіне жағдай жасау.
Қазіргі уақытта Сырдарияның жағалауынан, Алматы облысының Қарашеңгел қорығынан әкелінген бұғылардың саны 85 басқа жетті.
Басты мәселелердің бірі – жануарларды сумен қамтамасыз ету мақсатында жаңадан екі ұңғылы құдықтар іске қосылса, бұрыннан қазылған шахталы құдықтарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Ерекше қорғалатын аймаққа қажетті жаңа кордондар салып, резерваттың жұмысын толыққанды жолға қоюды, Қарой ауылын жобаға сәйкес резерваттың орталығына айналдырып, мамандарын тұрғын үймен, интернетпен қамтамасыз етуді бірінші орынға қою керек. Экотуризмді дамыту, Қарой ауылынан визит орталығын, 20 адамдық қонақүй, халқымыздың мәдениетімен, ұлттық құндылықтарымен, қолөнерімен таныстыратын этноауыл, жылыту орталығын, техника тұратын гараж салу қажет.
Сарыесік – Атырау алқабының Шолақ таулы жотасынан бастап Балқаш көліне дейінгі жеті аудан, бір қала аумағынан 973 мың гектар алқап қамтылып, экодәліз жасалынды. Келешекте осы алқапты құландарға толтырса Іле – Балқаш резерваты мен Алтынемел ұлттық қорықтарының арасындағы байланыс бекіп, жүйелі түрде дамыған туризм мемлекетке түсетін пайданың қайнар көзіне айналуы бек мүмкін.
Іле – Балқаш атырабы фауна мен флораның қайнаған ортасы, 400-ден астам биоәртүрлілік мекен ететін табиғаттың тамаша бір бөлігі болса, Сарыесік – Атырау құмында неше түрлі сексеуіл, шоған, балыққөз, теріскен, жүзген, тораңғыл, күйреуік, изен, еркек шөп, қазақ халқының бренді болып саналатын жусанның нешеме түрлері өседі.
Сарыесік – Атырау құмы арқылы Жібек жолының өткенін жақсы білеміз. Бұл жерлерде ежелгі Қарамерген, Ақтам қалашықтары, Миялы ауылдық округінің аумағында екі бекініс, екі оба, т.б. құм басып қалған, әлі толық зерттелмеген бекіністер бар. Кезінде бұл бекіністер әскери полигон аумағында жатқандықтан онда археологиялық жұмыстар жүргізілмеген болатын. Сервистік қызмет заман талабына сай толыққанды жұмыс істеп, интернет, жол мәселелері шешілсе мұндай нысандарға шетел туристері ағылып, республика бюджетінің қоржынына қомақты үлес қосарына күмән жоқ.
Бүгінде Балқаш ауданының табиғи байлығын ғана сөз етіп отырмыз. Ал аудан дамуының сан қырлары мен жерасты қазба байлығын сөз ететін болсақ, байтақ өңір болашағының зор, келешегінің кемел екеніне дау жоқ. Ол келесі мақаламыздың арқауы болмақ.
Т. Досымбеков,
ауылшаруашылығы
ғылымдарының докторы




