Әр адамға кіндік қаны тамған, балалық шағының ең қызық кездері өткен жер ыстық қой. Біздің ата-бабаларымыз Қазақстандағы ең ірі өзендер – Іле мен Шудың бойын жайлаған екен. Бүгінде мен ата-бабаларымыздың өсіп-өнген жеріне барып суына шомылып, құмына аунап, балығын аулап, аң-құстарын қызықтап тұрамын.
Бұл өңірдің байлығын түгелдей тізіп шығуға тіл жетпейді десе де болады. Сол байлық жайында айтқанда ойымызға ата-бабалары осы өңірде туып-өскен Димекең – заманымыздың біртуар перзенті Д. А. Қонаев ойға оралмай қоймайды. Дінмұхамед Ахмет- ұлы Қонаев кезінде Іле өзенінің арнасына Америкадан ондатра әкелдіріп, ол үлкен өндіріске айналып еді ғой. Сонымен бірге өзенге бағалы балық тұқымдарын (ақ амур, т.б.) жіберуді ұйымдастырды.
Біртуар азамат өзінің бабалары ғұмыр кешкен Іле-Балқаш өңіріне, Желтораңғы ауылына жылына бірнеше рет барып тұратын. Осы өңірді игеруге қомақты қаражат бөлгізіп, күріш дақылының жаппай өсірілуіне жол ашты. Балқаш өңірінде күріш алқабы көлемінің 160 мың гектарға жеткені де ол кісінің елге жасаған жақсылықтарының қатарында.
Дінмұхамед Қонаев есімі ел тарихында мәңгі сақталады. Соған орай ол кісі туралы деректер мектеп бағдарламасына енгізілуі керек деп ойлаймын. Димекең жайлы кинофильмдер түсіріліп, көркем шығармалар көптеп жазылса да нұр үстіне нұр болар еді. Қазақ деген халық үшін мақтана алатын жастарды қалыптастырғымыз келсе мегаполистер ғана емес, әрбір облыс пен аудан орталықтарында да кемеңгер Дінмұхамед Қонаевтың портреттері мен мүсіндері асқақтап тұруы керек. Кешегі Желтоқсан оқиғасында студенттеріміз бен жас жұмысшыларымыз Қонаев, Қонаев деп ұрандап көшеге шыққан жоқ па, қолдарына плакаттар ұстаған жастарымызды көргенде ішіміз жылып, марқайып қалдық емес пе?!
Біздің ел батыр бабаларымыздың арқасында көзді қызықтырмай қоймайтындай ұлан-асыр байлыққа ие болып, ұлан-ғайыр кеңістікті иемденіп отыр. Жан-жағымыздағы алып елдер жерімізге көз алартып отырғанда қазақтың асқар Алатаудай ұлы Д. А. Қонаевтың істерін ұрпаққа кеңінен насихаттап, жас жеткіншектердің патриоттық сана-сезімін жоғары дәрежеде қалыптастыру біздің мақсатымыз емес пе?! Өзі тұрғызған 49 қаланың біреуіне сол кісінің атын берсек, қандай жарасымды болар еді?! Мәселен, өзі жақсы көретін Риддер қаласын сол кісінің атымен атасақ, көптік етпейтін шығар?! Мұндай игі істер жүзеге асса, кім-кімнің де қуанары анық қой.
«Өлі разы болмай тірі байымайды» дейді қазақ. Жаңағыдай істер жүзеге асып жатса, Дінмұхамед Қонаевтың аруағы алдындағы бір парызымызды өтер едік-ау!
Университеттің тапсырмасымен мамыр айының басында Бақанас ауылына баратын автобусқа билет алып, жолға шықтым. Автобус бір сағатта Қапшағай қаласына келіп, автовокзалдан билеттері бар жолаушыларды мінгізіп алып Балқаш ауданының ауылдарына жол тартты. Сол жолы Балқаш аудандық орман шаруашылығы мекемесінің директорымен үзеңгілес болдым. Ол кісі менің жанымдағы бос орынға келіп жайғасты да біраздан соң әңгіме бастады.
– Жолың болсын, інішек. «Жолды әңгіме қысқартады» дейді ғой, есімің кім?
– Әділ!
– Әдеке, естіп те, оқып та жүрген шығарсың, Димекең кезінде аңға және балық аулауға шығып тұрды ғой. Бір жолы балық аулауға келгенде жанында болған едім. Ол кезде Іледе балық көп, біз балықты шелекпен аулаушы едік. Біз ол кісінің жанына көп барған жоқпыз, арнайы тігілген палатканың айналасында жүрдік. Жанындағылар Дінмұхамед Ахметұлы ұстаған балықтан нешетүрлі тағам жасады. Келесі күні біз де бір рюкзак балық аулап, ол кісі қайтарда жеңгемізге ұсындық. Ол кісі күлді де: «Жігіттер, рахмет сыйларыңа, балықты өздеріңіз жеңіздер, мен өте жақсы демалдым, одан артық ештеңенің керегі жоқ» деп ризалығын білдірді.
Біз ол кісінің кішіпейілдігіне, қарапайымдылығына таң қалдық. Не деген мәдениетті, ақылды адам деп осы күнге дейін айтып жүреміз.
Үзеңгілес болған азаматтың әңгімесіне ризашылығымды білдіріп, рахметімді айтып, көліктен түстім. Түскен бойда Бақанас ауылындағы мектепке бардым. Сапарласым Қарой ауылына автобуспен жолын жалғады.
Ата-бабаларымыз жайлаған Іле өзені еліміздегі ең үлкен су арналарының бірі ғой. Хантәңірі шыңынан басталатын үлкен өзен тау бөктерінен шыққан соң құмды жазықты басып, баяулап бірқалыпты аға бастайды. Балқаш көліне жақындаған сайын өзен аңғары кеңейіп, бірнеше тармақтарға бөлініп барып Балқаш көліне құяды.
Сол күз айларының шуақты күндерінің бірінде ұлым Асқарды ағайындармен таныстырып, атажұртты көрсетіп қайтайын деп, қызым Айгүлдің жеңіл «Лексус-570» машинасымен жолға шықтық. Машина рөлінде отырған күйеубалам Рүстем өте жылдам жүргенді ұнатады екен. Солтүстік айналма жолмен тез арада Құлжа трассасына шығып, арада 40 – 50 минут өткенде Қапшағай қаласына келдік. Тоспадан өткен соң Алматы – Өскемен тас жолынан солға қарай бұрылып, жота үстіндегі аялдамаға тоқтадық.
Бәріміз машинадан шығып жота басына жылжыдық. Самал желмен дем алып, әсем Алатаудың аппақ қар басқан шоқыларына қарап тұр едік, ұлым жаныма келіп: «Папа, Алатаудың биік шыңдары осы жерден жақсы көрінетін сияқты», – деді. Мен де ұлымды қолдадым.
Сол кезде жанымызға жап-жаңа бір машина келіп тоқтады. Ішінен шашын артына қайырған сары шашты, ұзын бойлы орыстың азаматы шығып, бізге қарай жүрді.
Бірден таныдым, менімен институтта бірге оқыған жерлесім Юра Баринов болып шықты. Біз арқа-жарқа болып, құшақтасып амандастық. Екеуміз институтты бітірген соң обаға қарсы ғылыми-зерттеу институтына жұмысқа тұрып, осы Бақанасқа келіп ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналыспақ болғанбыз. Өзім бітірген институтқа кіші ғылыми қызметкер болып жұмысқа тұрдым, бірақ апам: «Балам, ол жақ жаман жер, баруға болмайды» деп мені Аралға 9 айға созылатын экспедицияға жібермей қойды. Содан соң өсімдік қорғау ғылыми-зерттеу институтына кіші ғылыми қызметкер болып жұмысқа тұрдым, ал Юра карантин инспекциясына орналасып, сол инспекцияның бастығы ретінде алғашында Алматыда, кейін астанада көп жыл қызмет істеді.
Амандасып, жөн сұрасып болған соң машинамызға мініп жолға шықтық. Көзді ашып-жұмғанша Малайсары асуын басып өтіп, Бақбақты ауылына келдік. Юра жас кезінен бері Лермонтов (қазіргі Байтерек) көшесіндегі 37-үйде тұрады екен, үйіне шақырды. Зейнет демалысына шыққан соң өзі туып-өскен жеріне оралыпты. Асығыс, қауырт жүргенімді айтқан соң «Қайтарыңда үйге кел, өзің білесің ғой, үйіңе біраз қарбыз алып қайт», – деді. «Жақсы, Юра, уақыт болса қайтарымда көрермін» деп Балатопарға – атамекенге жүріп кеттік. Асфальт жолмен зымырап келеміз. Жолдың екі жағы өсіп тұрған қалың сексеуіл.
Бақанас ауылына жақындағанда кезінде Д. А. Қонаевтың көмегімен салынған аурухананың үлкен корпусы ең алғашқы болып көзге шалынды. Ауыл ортасындағы кең де түзу Қонаев көшесімен жүріп өтіп, 50 – 60 километрден соң Іле бойына салынған ұзындығы жеті жүз метрден асатын үлкен көпірге жеттік.
Еңселі көпірден өткен соң балаларға: «Ыстықтасаңдар суға түсіп алайық», – дедім. Бәріміз машинадан түсіп, өзеннің жағасына келдік. Асқар басын жуа бастады, ал Рүстем шешініп бірден суға қойып кетті. Ол балықтай жүзеді екен, құлаштай жүзіп өзеннің ортасына дейін барып қайтты. Мен өзен жағалауымен асықпай аяңдап барып шатырлы үйдің қарсысына суға шомылып шықтым. Сонан соң жағалаудағы таяз жерде әрлі-берлі жүрдім. Жаңағы ақ үйден бір адам шығып, көпке дейін бізге қарап тұрды да біраздан соң жаныма келді. Амандасып жөн сұрастық.
– Балық аулауға шығып едік, – дедім.
– Қай ауылдан келесіздер, қай елсіз?
Мен білгенімді айттым.
– Ендеше туыс екенбіз. Біздер алыстан қосылатын ағайындар екенбіз. Үйге жүріңіздер, шай ішіңіздер, – деді ол.
Мен рахметімді айтқан соң жаңа танысым көпір жайындағы әңгімесін бастады.
– Бұл үлкен көпір Д. А. Қонаевтың тікелей тапсырмасымен салынған болатын. Көпір салынбай тұрғанда Іле өзенінің сол жағалауындағы елдер ауданға бара алмай қалатын. Паром бірде жүрсе, бірде уақытылы жүрмейтін. Әсіресе оқушыларға қиын еді.
Бір жолы өзеннің сол жағалауына бір топ адам жиналып қалды. Көбі бала-шаға, кемпір-шал. Араларында оқушылар мен студенттер де бар. Бірақ сол күні үлкен паром Іленің оң жағында толқынмен теңселіп байлаулы тұрды. Содан кейін де өзеннің екі жағалауында күтіп тұрған адамдардың мазасы қаша бастады.
Бұл кез желтоқсан айының орта тұсы болатын. Қар аралас жаңбыр жауып, суық жел соғып тұр. Бір кезде жағада тұрған студент қыз «Паром қозғалды», – деді. Бірақ ол паром емес, қайық болып шықты. Арғы беттен балалар мен қартаң адамдарды жеткізген соң бергі беттегі сабақтарынан қалып бара жатқан оқушыларды мінгізіп арғы жағаға бет алды. Үлкен кісілер риза болып, бірақ оннан астам оқушы бір қайыққа көп емес пе деп тұрғанда моторлы қайық сыр беріп, артық салмақтан ауып кетті. Адамдар шулап, жылап жатқан балалар мен әйелдердің жанайқайы естіліп жатты. Бірақ, шешініп, оқушыларды құтқаруға ешкім суға түспеді. Жағадағы адамдардың барлығы су суық қой деп қарап тұра берді. Сол кезде жалғыз ер-азамат мұздай суға қойып кетіп, қайықты қайта төңкеріп, 12 оқушыны жағаға шығарды. Дегенмен, жалғыздың аты жалғыз, екі-үш оқушыны құтқара алмай қалды. Шіркін-ай, жағада тұрғандардың біреуі көмектессе, суға кеткен бірнеше баланы да құтқарар ма еді, кім білген?! Олар адам ба деп ойлаудан басқа миымызға еш нәрсе кірмеді.
Осындай жағдайда мұздай судан ауырып қаламын деп қорқу шынында адами қасиетке жатпайтын іс болар… Ондай адамдар ел басына күн туып жатса Отанын қорғауға да жарамас. Рас, жүзу білмеген адамды түсінуге болады, бірақ жағалаудағылардың көпшілігі өзен бойында туып-өскен, балықтай жүзетін кісілер емес пе?
Жаңағы азамат осы Аралтөбе ауылының тұрғыны Бейсетай Дәуренбеков болып шықты. Бейбіт күннің батыры деп атауға лайық азаматым жаңағыдай ерен ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Бұл оқиға туралы «Правда» газетінің бетінде жарияланған «Подвиг» деген мақаланы оқыған боларсың?
Осы оқиғаны қанша еске алмайын десем де ойыма орала береді. Сіздерді көріп тағы да есіме түсіп жатыр. Осы көпір салынғанша қаншама бала суға кетті?! Қаншама жастарымыз қыстың күні өзеннің ортасына барғанда мұз қабыршықтары жарылып суға кетті емес пе? Су болған соң оқыс жағдай орын алып тұрады ғой, бірақ сол оқушылардың суға кетуіне негізінен көпірдің болмауы себеп болған еді.
Дінмұхамед Ахметұлы салғызған көпір құрылысының ашылу салтанатындағы аудан халқының қуанышын айтпаңыз.Толқыныстан көздеріне жас алып, «Димекеңе мың рахмет!» деп алғыстарын айтып жатты.
Бүгінде халық бұл құрылысты Дінмұхамед Қонаев көпірі деп атайды. Көпірден өткен жұрт осындай қабырғалы мәселені ел игілігі үшін шешкен Дінмұхамед Қонаевқа деген рахметін бүгінгі күнге дейін айтуда.
Иә, Қонаев салғызған көпір Балқаш ауданындағы өте маңызды құрылыс болып саналады. Көпір салынып, аудан мен ауылдың арасы қосылған соң көптен бері қиындық тартып келе жатқан елдің тұрмысы мен тіршілігі жанданды.
Көпір салу өте сауапты іс дегенді естіп едім. Бүгінде Дінмұхамед Ахметұлы салғызған көпір сол кісінің көп игі істерінің бірі болып қалды, – деп қария әңгімесін аяқтады.
Осынау қара жолдың бойында көптеген ауыл бар. Олар – Желтораңғы, Топар, Балатопар, Жиделі мен Құйған ауылдары. Біз жарты сағатта Желтораңғы ауылына келдік. Ауыл айналасында өсіп тұрған ежелгі дәуір куәсі – тораңғы ағаштары назарымды еріксіз аударды.
Топар ауылына ертерек жетпек болып жүйткіп келеміз. Жол бойындағы ата-бабаларымыздың бейітіне тоқтап құран оқып, аталған ауылға да жеттік. Сол ауылдағы Әмір Құлмахановтың үйіне келіп, дәм ауыз тиген соң тұсында Қонаевтың портреті ілулі тұрған диванға жатсам ұйықтап кетіппін, Әмір келіп оятты.
Тамақ жеп болған соң біз сапарымызды жалғастырдық. Әмір мен Еркін де қалаға жүрмек болды. Сонымен бәріміз «Джип» машинасына мініп жолға шықтық.
Әмірдің шофері де тез жүреді екен, біз үш сағатта 350 шақырымды артқа тастап Алматыға келдік.
Сонымен, атамекенге барып, демалып қайттық. Әсіресе Асқарға атамекен, атажұрт қатты ұнапты. Ең бастысы, ол көңіліне Димекеңнің ата-бабасы ғұмыр кешкен байтақ мекенге тиген шапағаты жайлы тағылымды ой түйіп қайтты.
Әділ Мәуи,
биология ғылымдарының докторы,
профессор,
Қазақ Ұлттық қыздар
педагогикалық университеті





