Аймақта діни саладағы жұмыс негізгі 4 бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, конфессияаралық қарым-қатынасты нығайту, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру, интернет кеңістікте және әлеуметтік желілерде қарсы насихаттық шараларды ұйымдастыру, әлеуметтік қолдау, психологиялық көмек, оңалту жұмысы. Бүгінде облыс аумағында 11 конфессияны қамтитын 269 діни бірлестік пен филиал тіркелген болса, онда 342 діни қызметкер жұмыс атқаруда. Оның 265-і имам, 77-сі христиандық және өзге де діни бірлестік қызметшілері. Миссионерлік қызметті жүзеге асыруға рұқсаты бар 13 азамат тіркелген. Оның 11-і шетелдік.
– Өңірде діни ахуал тұрақты. Облыс басшылығы тарапынан салаға тиісті қолдау көрсетіліп, білікті мамандар тартылып, өзге облыстардан қызметке келді. Биыл қосымша 10 штаттың бөлінуі, аудан, қалаларға бір теолог мамандардан жауапты қызметке тағайындалуы біз үшін бұл саланың жауапкершілігін одан ары арттырды. Білікті имамдар корпусын қалыптастыру мақсатында басқарманың мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысымен өңірдің 125 имамына топтастырылған оқыту курсы ұйымдастырылды, – деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ ол Талдықорғанда өткен дінтанушылар мен діни бірлестіктер жетекшілерінің «Рухани келісім жолы: съезд идеясын жүзеге асыру» атты республикалық форумында көтерілген мәселелерді, «Бірлік» және «Атамекен» жобалары мен «Жан жылуы» акциясы аясында, Интернет кеңістіктегі діни экс- тремизмге қарсы атқарылған жұмыстарды кеңінен баяндады.
Айдар ҚАЛИЕВ





