Докдо Шығыс теңіздегі Корея мен Жапония арасында орналасқан екі шағын аралдан тұрады. Оңтүстік Кореяның бақылауындағы аралдарды Жапония өзіне тиісті деп санайды. Бір қарағанда, Докдо аралдары кішкентай және маңызсыз болып көрінуі мүмкін, бірақ шын мәнінде Докдо аралдары су астында жатқан биік таудың шыңдары. Бұл теңіз тауы 4,5-2,5 миллион жыл бұрын жанартау атқылауының нәтижесінде пайда болған. Биік таудың су астында қалғаны сияқты, Докдоның Корея елі үшін маңыздылығының тамыры терең тарихта жасырылған.
Докдо Жапония ең алғашқы басып алған корей жері саналады. Бұған Ресей мен Жапония арасындағы отарлық соғыс кезіндегі аралдардың стратегиялық орналасуы себеп болды. Докдоны басып алғаннан кейін көп ұзамай бүкіл Корей түбегі де жаулап алынды. Осылайша корей халқының Жапон патшалығының қарамағындағы азап пен қорлыққа толы ұзақ 35 жылдық өмірі басталды.
Тарихи тұрғыдан алғанда, Докдо көптеген көне құжат пен картада, соның ішінде Самгук Саги (Үш Патшалықтың тарихи жазбасы) мен Седжон жылнамаларында Корей территориясы ретінде жазылған. Көне Жапон Эдо патшалығының 1696 жылғы директивасы мен Мэйдзи үкіметінің 1877-ші жылғы мәлімдемесі Докдоны Корея территориясы деп таниды.
Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталып, Жапония мен оның одақтастары жеңілгеннен кейін отарсыздандырудың жаһандық процесі басталды. 1951 жылғы Сан-Франциско бейбітшілік келісіміне сай Жапония зорлық-зомбылық пен ашкөздік арқылы алынған барлық аумақтардан бас тартуға міндетті болды. Алайда Жапония келісімшарттары Докдо аралдарына қатысты екенін мойындамайды. Бұл Жапония мен Оңтүстік Корея арасында Докдо аралдарына қатысты жер дауына әкеліп соқты және 70 жылдан астам уақытқа созылып келе жатыр.
Докдо аралдары Кореяның тәуелсіздігі үшін күрестің куәлігі. Сол себепті Корея Жапонияның ғана емес, бүкіл әлемнің аралдағы егемендігін мойындағанын қалайды. Жоғарыда айтылғандай, Докдо Жапония ең алғашқы басып алған корей аумағы болғандықтан заманауи Корея аралдарды екінші рет жоғалтпауға бар күшін салуда.
Корея аралдарды сақтау үшін жұмсақ күш пен халықты ақпараттандыру науқандарын пайдаланады. Докдоға арналған мұражайлар мен көрмелер халықты аралдардың тарихи маңыздылығымен таныстырады. Сонымен қатар, қоғамдық орындарда бұл мәселеге назар аудару үшін қысқаша деректі бейнефильмдер көрсетіледі. Корей үкіметі Доқдо аралына саяхаттаудың түрлі жобасын әзірлеген. Мысалы, оқушылар мен студенттерге арналған турлар немесе шет-елдік туристерге арналған арнайы бағдарламалар бар. Бұл бастамалар Докдоның Корея үшін зор маңыздылығын, бейбіт және жұмсақ күш арқылы аралдардағы Корей егемендігін жаһандық деңгейде мойындауға деген ұмтылысты көрсетеді.
Докдо жай ғана шағын аралдар жұбы емес. Бұл Кореяның мәңгілік рухы мен егемендік үшін тарихи күресінің нышаны. Жапониямен жалғасып жатқан жер дауы аралдардың терең ұлттық маңызын көрсетеді. Тарихи естелік пен күштің белсенді тактикасының үйлесімі арқылы Корея Докдоға қатысты өзінің заңды талаптарын растауды жалғастыруда. Ақпарат тарату шаралары, жұртшылықты хабардар ету бастамалары және халықаралық ақпараттық-түсіндіру жұмыстары Докдоның тарихи және мәдени маңыздылығын әлем мойындауын қамтамасыз етуге деген Кореяның ұмтылысы іспетті. Докдоның тарихын ерекше атап өту арқылы Корея өз территориясын қорғап қана қоймай, халқының төзімділігі мен табандылығын танытады.
Әмір ИБРАГИМОВ,
Донгук университетінің магистрі
Оңтүстік Корея