Қаңтар оқиғасы қазақтың жанын тағы бір жаралап өтті. Бірі шынымен-ақ өзекті мәселесін көтерсе, енді бірі арандату мақсатында елді соңынан ертті. Қалай болғанда да атыс-шабыс елге жақсылық әкелген жоқ. Жазықсыз жастар жапа шекті. Қаңғырған оқ тиіп, қаза тапқандар да болды. Талай дүние қирады. Дүкендер тоналды. Бейбіт халық қақтығыстың ортасында қалып, жарақат алды. Міне, осы кезде медицина саласының қызметкерлері күн мен түнді алмастыра жұмыс істеді.
Тәуекелге бел байлап жұмыс істеген «Жедел жәрдем» фельдшерлері оқ пен оттың ортасында жүрді. Халықты аман сақтап қалуда құқық қорғаушылармен бірдей ерлік көрсетті. Облыстағы барлық аурухана жарақат алғандарды аман алып қалуға күш салды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі Ләйлім Әубәкірованың айтуынша, Қаңтар оқиғасы кезінде 337 адам медициналық көмекке жүгінген. Олар әртүрлі жарақатпен түскен. Кейбіреулеріне жедел ота жасалған.
Бір қуанарлығы, ауруханаларға түскендердің барлығы дерлік аман-сау қалған. Олардың ішінде балалар, ересек жандар да болған. Сондай-ақ, құқық қорғау саласында жүрген әскери қызметкер мен полиция да бар. Денсаулық сақтау саласының берген мәліметінше, жарақаттанғандардың 13-і әскери қызметкер. Жедел қызмет көрсету желісіне телефон шалғандардың көбі қорқыныштан қалай арылуға болатыны жайлы кеңес сұраған. Оған арнайы психолог мамандар жауап беріп, қызмет көрсеткен.
Қақтығыс болған күндерде облыс бойынша 538 медицина қызметкері, 206 «Жедел жәрдем» бригадасы жұмыс істеген. Бұзақылар денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне де кесірін тигізген. Осы күндері 5 медицина көлігіне зақым келтірілген. Ел басына қауіп төнген күндері денсаулық сақтау саласының мамандары әскерилермен, полиция қызметкерлерімен бірдей ерлік жасады. Биыл медицина қызметкерлері мерекесінде олардың көбі марапатталды. Бірақ, өмірін қауіпке түйген ақ желеңді абзал жандардың ерлігі марапатпен өлшенбесе керек. Олар қандай кезде де анттарына берік екенін көрсетті.
Сондықтан денсаулық сақшылары тек бейбіт елдің тұрғындарына ғана қызмет етсе деп тілейміз. Халқымыздың саны өсіп, жерімізде бейбітшілік салтанат құрса, елдің де еңсесі биік болары анық.
Гүлжан ТҰРСЫН





