Кербұлақ ауданының жұртшылығы негізінен астық өнімдерін өсірумен айналысады. Жалпы диқандар көктем мен жаздағы жауын-шашынның мол түсуіне қуанады. Жаңбырсыз мезгіл шаруа адамының көңілін құлазытып, егістікті сусатып кетеді. Сол себепті, қара күзде бидай сеуіп, қардың суын тиімді пайдаланып қалу жергілікті диқандар үшін қалыпты жағдай.
Кербұлақ аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Мәди Саулхановтың айтуынша, былтыр қара күзде 26 мың 81 гектарға күздік бидай себілген. Дәл қазір күздік бидай шабу жұмыстары қарқынды жүруде. Соған орай 10 мың 620 гектар шабылып, 19 мың 116 тонна бидай алынған. Бұл өңірдің астық қамбасын толтыруға септігін тигізеді.
– Аудан бойынша 173 мың тонна шөп дайындау жоспарланған. Қазірдің өзінде жоспардың 66,4%-ы орындалды. Яғни, шабындыққа шалғы түсті. Шаруалар қыстың қамын жазда ойлап, шалғысын шыңдап отыр, – деген Мәди Садықұлы аудандағы суармалы жерлердің ұлғайғанын түсіндіріп өтті. – Күреңбел өңірі негізінен тәлімі жерлерге сенім артады. Соған қарамастан аудандағы Жаманбұлақ, Талдыбұлақ, Матай тоғандары мен Еңкөл, Аралтөбе су қоймаларына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта Аралтөбе, Онжас, Қоғалы, Бастау, Қарлығаш, Қызылмектеп, Шымылдық, Майтөбе, Ақтөбе, Түлкілі суару каналдарының 135 шақырымын қайта жаңарту көзделуде. Бұлардың жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге облыстық бюджеттен 148,9 миллион теңге қарастырылып отыр. Қайта жаңғырту жұмыстары жалпы аумағы 9 мың 515 гектар суармалы жерді айналымға енгізуге мүмкіндік береді. Оның сыртында, Жоламан массивіндегі 700 гектар суармалы егістікті толық пайдалану үшін жаңбырлатқыш машиналар қолданылып отыр. Осындай қарқынды жұмыстың арқасында аудандағы егістіктің түсімі биыл молайып тұр.
Аудандық ауылшаруашылық бөлімі басшысының сөзіне қарағанда алдағы қысқа 54,9 мың тонна сабан, 30,5 мың тонна пішендеме мен сүрлем, 38,0 мың тонна жемдік азық дайындау жоспарланған. Жоспар біртіндеп жүзеге асуда.
Өз тілшіміз





