ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Онда еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылуы, сондай-ақ өңірлердегі жаңа оқу жылына дайындық мәселесі қаралды.
Күн тәртібіндегі алғашқы тақырып бойынша Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров осы жылдың есепті кезеңінде ел экономикасының өсу қарқыны 4,8%-ды құрағанын баяндады. Нақты сектор 4,6%-ға, ал қызмет көрсету саласы 4,7%-ға жеткен. Негізгі салалардың барлығында оң динамика байқалса, құрылыс, сауда, сондай-ақ ақпарат және байланыс салалары ең жоғары өсімді көрсеткен. Өз кезегінде жекелей салалар бойынша көрсеткіштерді баяндаған Ұлттық экономика министрі қаңтар-маусым айларында сыртқы сауда айналымы 4,3%-ға өсіп, $67,2 млрд.-ты құрағанын, экспорт $38 млрд.- ты, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты – $12,1 млрд.-қа жеткенін атап өтті.
Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, есепті кезеңде мемлекеттік бюджетке 10,4 трлн. теңге кіріс түскен, жоспар 98,2%-ға орындалған. Атап айтқанда, республика бюджеті 6,8 трлн. теңгеге, жергілікті бюджет 3,5 трлн. теңгеге толыққан. Бұл тұрғыда сөз алған Премьер-Министр өткен 7 айдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы дамуының оң динамикасына нақты сектор айтарлықтай үлес қосқанын атап өтті. «Жауапты мемлекеттік органдар мен өңір әкімдіктері негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша жұмыстарды күшейтуі тиіс», – деді Әлихан Смайылов. Ол Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында ортамерзімді кезеңде жыл сайынғы экономикалық өсімді 6% деңгейінде қамтамасыз етуді тапсырғанын еске салды.
Өңірлердегі жаңа оқу жылына дайындық бойынша есеп берген Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 1 қыркүйектен бастап 7,7 мың білім беру ұйымында 3,9 млн. бала білім алатынын, олардың 364 мыңы 1-сыныпқа баратынын айтты. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында биылдан бастап 1,4 млн. бастауыш сынып оқушысы (1-4) тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. 1 қыркүйекке қарай республикада 65,6 мың балаға арналған 52 жаңа мектеп, жыл соңына дейін 66,4 мың балаға арналған тағы 102 мектеп есігін ашады. Бұл 12 апаттық және 29 үш ауысыммен оқытатын мектеп мәселесін шешпек.
Білім саласы бойынша жан-жақтылы баяндаған Оқу-ағарту министрі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясында жүргізілген жұмыстарға тоқталды. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев білім беру нысандарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы мәлімдесе, өңірлердегі жаңа оқу жылына дайындық туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды айтып берді.
Премьер-Министр оқу жылы басталғанға дейін берілетін 52 жаңа мектептің 15-і уақытылы ашылмай қалуы мүмкін екенін атап, бұл бағытта жұмысты күшейту, жаңа мектептердің іске қосылуын қамтамасыз ету қажеттігін атады.
Үкімет басшысының айтуынша, 180 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын, бірақ мұнда да жұмыстардың уақытында аяқталмай қалу қаупі бар екен. Осы тақылеттес мәселелерді айрықша атап өткен Әлихан Асханұлы жауапты мамандарға өз саласы бойынша кеткен кемшіліктерге немқұрайды қарамай, жауапкершілікпен іс қылу керектігін тапсырды. Арнайы тапсырма жүктеді.




