Дүние жаралғалы бері жер бетінде талай толқыныстар, бұлқыныстар тіркеліп, адамзат өшу мен өсуге қатысты талай өзгерістерді бастан өткерді. Өсіп, өнгендер баршылық, бірақ өшіп, із-түзсіз кеткендер де жетерлік. Ғасырлар жүлгесінде сандаған ұлттың тағдыры сынға түсті, небір теке-тірестер болды. Құрылғандармен қатар, құрып жоғалған елдердің санында есеп жоқ.
Дәл осылай жалғасқан тірліктің көш-керуені қазіргі кезеңге – ХХІ ғасырға жеткенде Жер шарындағы 2 мыңнан астам ұлттың арасындағы тек 2 жүзге жуығы ғана Тәуелсіз ел ретінде замана керуенімен алға жылжуда. Соның бірі – ұлы даланың төсін тұлпарлар тұяғымен дүбірлетіп, жаңа ғасырға аман жеткен және алдағы дәуірлерде өзінің үлесі барын жалпақ жаханға жар саламәлімдеген Қазақстан Республикасы. Бұл әлемде бекерден-бекер ештеңе болмайды. Бүгінде ел болып отырғанымыз өздері өмір сүрген кезеңдерде ұлтымыздың болашағын болжаған ұлы бабалардың, қажырын қайратына жаныған батырлардың, парасатын ұлттың байлығы мен берекесіне суғарған даналардың көрегендігінің нәтижесі екені анық. Осы тұрғыдан келгенде күндіз күлмей, түнде ұйықтамай, толарсақтан қан кешіп жүріп елі мен жерін қорғаған ата-бабаларымыздың жанқиярлық ерлігіне, өшпес рухына мәңгілік борыштармыз. Өйткені, бүгінде төрткүл дүниенің төрт бұрышы түгел мойындаған тәуелсіз ел болуымыз ең алдымен солардың асқақ арманының жемісі. Тәуелсіздік – қасиетті ұғым. Сайып келгенде әрбір ұлттың егемен ел болу жолындағы күресі халық даналығынан бастау алып, өседі, өркендейді, қанаттанады. Оның ең құнды дүниелері мәңгілік мұра ретінде ғасырлармен жалғасып, жасай береді. Осы тұрғыдан алғанда, халқымыздың тәуелсіздік ұғымы тасқа басылған жазбалар мен батырлық жырлары, шежіре-аңыздар арқылы өріліп, бүгінгі күнге жетіп отыр. Атамекен жер үшін, асыл текті азаматтың намысын, жібек мінез қыздың арын қорғау жолындағы жанкешті жорықтардың түп төркіні – тәуелсіздік үшін күреске саяды. Несін жасырайық, қазақтың басынан небір алмағайып кезеңдер өтті. Өшіп кетуге жақын қалған кездер де болды. Өткенімізді ұмыттыруға тырысқан, ұлтымыздың ұлы тарихын санадан өшіруге ұмтылған Кеңестер кезінде де қазақтың тағдыры бірнеше мәрте қыл үстінде тұрды. Алапат аштықтан әрең аман қалдық, ұлтымыздың сүт бетіндегі қаймақтарын сыпырып әкетіп, көшбасшысызқалған шақтарда да майысқанымызбен, сынбадық. Енді, міне, тәуелсіздік жылдарында ақтаңдақтар анықталып, тарихымыздың терең қатпары ашылған сайын өткеннің тағылымын танып, егемендіктің оңайлықпен келмегенін біле түстік. Көзіміз ашылып, көңіл сарайымыз кеңіді. Өзіміздің әлем өркениетіне өзіндік үлесін қосқан, жерімізге көз алартқан талай жаудың тізесін бүктірген елдің ұрпағы екенімізді білдік. Ұлан-ғайыр Ұлы Даланың сүйемдей жерін жатқа таптатпау үшін ата-бабамыз бес қаруын асынып, сарбазын сайлап, ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен су кешкен жорықтар жасады. Сол заманда тәуелсіздік деген ұғым болмаса да, ұлым құл, қызым күң болмасын деген еркіндік үшін күресті. Оның жалғасын өткен ғасырдағы 1916 жылғы ұлт-азаттық күресі мен 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі десек, артық айтқандық бола қоймас. Егер, сол қазақтың рухы аспандаған аласапырандар болмағанда, бүгінде игілігін көріп отырған тәуелсіздігіміз де екіталай еді. Сондықтан ең алдымен ақылман ата-бабал арымызға, ел бірлігін сақтаған хан-сұлтандарға, би-шешендерге, қарымын талдырып қанды жорықтар жүргізген батырбағландарға, желтоқсанда тәнімен қоса жаны да жаралаған ұрпаққа құрметпен қарауымыз керек. Тасқа қашалған Күлтегіннің жазуы ерліктің ерен белгісі болса, «Қасымханның қасқа жолы», «Есімханның ескі жолы», әз Тәукенің «Жеті жарғысы» бірліктің бекемдігін көрсетті. Ардан, заңнан аттағанды өліммен теңестірді. Осындай асыл қасиет қанмен бірге жанға әсер етті. Аптап күннің астында, қақаған аяздың өтінде жүрсе де әр көкіректе елдікке деген терең таным сақталды. Ұлттың бірлігі сынға түскен сәтте өкпенің бәрін ұмытты. Демек, бізді тәуелсіздікке жетелеп әкелген тағы бір күшті дүние – халқымыздың береке-бірлігі. Сол бірлікті бұзу үшін талай қитұрқы саясаттың құрбаны бола жаздағанымызды жоққа шығаруға болмайды. Бірақ соның бәрінде біртуар көшбасшылар маңына топтасқан тұлғалар елдіктің туы бәрінен биік тұруы керектігін дәлелдеді. Қазіргі айрандай ұйыған Алаш жұрты соның жемісі екені анық. Бүгін қазақтың оңалған шағы, жоғалғаны табылған сәті, алдағы жарқын келешекке нық қадам басқан кезі. Сапарымыз сәтті, тіршілігіміз оңды болсын деп тілегенімізбен де «Жау жоқ деме, жар астында» деген бабалар ескертпесінде есімізден шығармағанымыз абзал. Ең бастысы, тайталастарға толы тарихымызда төзіммен, береке-бірлікпен, қайсар қаһармандықпен келген тәуелсіздігіміздің құнын түсініп, бағалай білу бәріміздің ортақ міндетіміз екенін естен шығармағанымыз жөн.
Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы





