Сарқан ауданының Қойлық ауылында осыдан 14 жыл бұрын бір мезгілде екі маңызды нысан – көлік жөндеу орталығы мен наубайхана іске қосылған болатын. Бұл ауыл тұрғындары үшін тиімді әрі қажетті қызмет түрлерін ұсынуға жол ашты.
Содан бері Өскемен–Алматы автожолы бойындағы елді мекендегі көлік жөндеу орталығы түрлі маркалы автокөліктерге қызмет көрсетіп келеді. Мұнда қозғалтқыш жөндеу, дөңгелек ауыстыру, техникалық қызмет көрсету секілді жұмыстар жүргізіледі. Тұрақты тұтынушысы қалыптасып үлгерген орталық бүгінде жергілікті тұрғындардың сеніміне ие.
Сонымен қатар, күн сайын жаңа піскен нан мен тоқаш өнімдерін шығарып, ауыл халқын қажетті өніммен қамтамасыз етіп отырған наубайхана табиғи таза және қолжетімді өнім ұсынуымен ерекшеленеді. Жеке кәсіпкер Нұрбек Жұмабековтың бұл қадамы ауыл тіршілігін жандандырып қана қоймай, бірнеше адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді. Бүгінде көлік жөндеу орталығы мен заманауи жабдықтармен жабдықталған наубайханада бірнеше маман тұрақты жұмыс істейді.
Кәсіпкер төмен пайызбен несие алып, ГЭС жақтан үлкен жүк көліктеріне қызмет көрсететін көлік жөндеу орталығы мен шағын қонақүй салуды жоспарлағалы біраз болыпты.
– Өзім бұрын ауыр «КамАЗ» жүк көлігін жүргіздім. Техника болғаннан кейін бүлінбей тұрмайды. Көршілес Алакөл ауданындағы «Достық» кеден бекеті мен облыс орталығы Талдықорған қаласының арасында «КамАЗ», «Газель» сияқты жүк көліктерінің техникалық ақауын жөндейтін нысан жоқ. Сол себепті мемлекет тарапынан қолдау болса, неге сол маңнан кәсіпкерлік нысан салмасқа?–, дейді «Нұрбек» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Нұрбек Әкімбекұлы.
Мұндай ауқымды жоба – шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына, жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты үлестің көрінісі болар еді.
Жақсылық ИГІМАН,
Сарқан ауданы