Ел ертеңі үшін атқа қонған ерлердің қатарында Дубек Нұрмұхамбетовтың есімі ерекше аталады. Соғыстан аман-есен оралып, қалған өмірі мен қажыр-қайратын еңбекке арнаған ол Алматы облысы, Қапал ауданы, Ащыбұлақ ауылында 1920 жылы дүниеге келген. Бала күнінен бойына дарыған алғыр, зерек қасиеттерінің арқасында мектепте есепке жүйрік болып, орыс тілін жақсы меңгерген.
Атамыз небәрі 14 жасқа толмай өзінен үлкен жігіттермен Көксудағы есеп мектебіне барып, бухгалтер мамандығын оқып алыпты. Ауылға келіп есепші болып қызмет етіп жүргенде, 1939 жылдың аяғында әскер қатарына алынады. Соғысқа солай аттанған. Он құрсақтан қалған жалғызының тілеуін тілеп аңыраған анасы Рабиға ауылда қалды.
Қиын-қыстау заманда соғыстың алдында Кәдірсейіт атты ұлы бір уыс дән үшін «Халық жауы» атағын жамылып айдалып кетіп, дерексіз қалады. Хабарсыз кеткен ұлына ана жүрегі қарс айырылып, қан жұтып жүргенде Дубегі соғысқа кетіп жығылғанға жұдырық болады. Тылда қалған кемпір, шал, әйел, бала-шағалар «Бәрі де соғыс үшін, бәрі де майдан үшін» деп күні-түні қабырғалары қайысып, аптап ыстықта, өңменіңнен өтетін суықта аянбай еңбек етті. Жалғызының тілеуін тілеп жүргенде аулаға шықылықтап келіп қонған сауысқанға «Ақ сөйле, ақ сөйле» деп тостағандағы дәнін аузынан жырып береді екен. Ананың ақ тілегі қабыл болып, кеудесі орден мен медальдарға толып Дубек еліне абыроймен оралды.
Майданда 261-ші полктің барлаушылар взводының командирі, гвардия капитаны болған ол екі мәрте Қызыл жұлдыз ордені, І дәрежелі Отан соғысы ордені, «Ерлігі үшін» медалі және И. Сталиннің Алғыс хатымен марапатталды. Бірде барлаушылар фашистер бекінген селоның жанында 3 күн маскхалатпен қар астында нәр татпай жауды аңдып, оқтайлы кезді тосып жатыпты. Бір кезде тысқа шыққан неміс офицерін құнды деректері бар планшетпен қоса қолға түсіргені үшін І дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталады.
«Podvignfrjda.ru» сайтынан алған төмендегі деректерге сүйеніп атамыздың жасаған ерлігінің ерен екенін білуге болады. Онда: «Взвод командирі Д. Нұрмұхамбетов жолдас басқарған жауынгерлер Смоленск облысы Духовщина ауданындағы шайқаста батырлық көрсетіп, Комаровадағы жау бекінісін жою кезінде өзі бас болып жауынгерлерді ертіп, жау бекінісіне шабуыл жасап, ойранын шығарды. Взводымен жауды өкшелеп қуып, 27 фашистпен 105 мм. бір зеңбіректі қолға түсірді. Өз басы 3 солдат, 1 офицердің көзін құртты» делінген.
«1944 жылы 2 шілдеде полк командирінің бұйрығымен атқыштар взводы мен барлаушы взводы Плиса деревнясының қаласының оңтүстігінен шығып, жаудың 150 адамнан құрылған Плессовка тобының көзін жоюға бұйрық алды. Нұрмұхамбетов жолдас тапсырманы бұлжытпай орындап, атойлап алға ұмтылып жау тобын жойды. Бұл ұрыста жау 50 солдаттан айырылып, 30 неміс солдаты мен офицері қолға түсті. Взвод қойылған міндетті орындады», – делінеді тағы бір деректе.
Ұрыс даласында контузия алып, бірнеше рет жарақаттанса да қатардан қалмай алғы шепте соғысқан атамыз 1946 жылы жапон соғысының шетін көріп абыроймен еліне оралды. 1947 жылы Нұрсара Нұрмұхаметовамен отау құрып, бейбіт өмірге бет бұрды. Бір қызығы, атамыздың тегі Нұрмұхамбетов болса, әжеміздің тегі Нұрмұхаметова, бір әріп қана айырмашылығы бар екен.
Әжеміз соғыс жылдары жарғақ басы жастыққа тимей, қаршадай басымен еркек, әйелдің ауыр жұмысын жасаған еді. Атамыз ауылда есепші қызметін атқарып, 8 бала сүйіп, 1968 жылы небары 48 жасында өмірден озды. Зайыбы 42 жасында жесір қалып, балаларын жеткізді.
Жеңіске өлшеусіз үлес қосқан атамыз өкіметтен ешқандай жеңілдік алмады. 93-ке келген әже қаладағы баласының қолына кетті. 1956 жылы өз қолымен салған ескі үйін қимады, әрине. Бірақ тозығы жеткен үйде тұру кәрі адамға мүмкін емес. Жеңістің 75 жылдығына орай осы атам жайлы жазып, ерлігін паш етуді жөн көрдім. Ғасыр жасаған әжей оқып, разы болсын!
Фариза Кулетова,
Дубек атаның
немере келіні,
Ащыбұлақ клубының меңгерушісі
Ақсу ауданы





