Бір кездері бүйрек жеткіліксіздігі диагнозы қойылған адамның ғұмыры санаулы күндермен ғана шектелетін. ХХ ғасырдың ортасында медицинаға енген гемодиализ әдісі миллиондаған науқастың өмірін ұзартып, олардың қоғамның белсенді мүшесіне қайта айналуына жол ашып отыр. Замана көшінде бұл сала жаңа технологиялармен толықты, тиімді әдістер енгізілді. Дегенмен, шешімін күткен түйткілдер әлі де бар.
Гемодиализдің тарихы өткен ғасырдың 40-шы жылдарында Нидерланды дәрігері Виллем Колфф жасаған алғашқы «жасанды бүйрек» аппаратынан бастау алады. Ол кезде бұл әдіс тек санаулы клиникаларда ғана қолжетімді болды. Бағасы қымбат, техникалық мүмкіндігі шектеулі еді. Кеңес одағында алғашқы диализ орталықтары 60-шы жылдардың соңында ашылса, Қазақстанға бұл тәсіл 70-ші жылдары ірі қалалардағы ауруханалар арқылы жетті.
Сол кезеңде гемодиализ тек лицензиясы бар ірі медициналық мекемелерде ғана жасалды. Ауылдағы науқастар үшін бұл – ұзақ жол, қосымша қаржылық шығын және ауыр дерттің үстіне қосылған психологиялық салмақ болатын.
Бүгінде елімізде мемлекеттік және жекеменшік 300-ге жуық гемодиализ орталығы жұмыс істейді. «Фрезениус», «Б. Браун» секілді халықаралық алпауыттармен бірге шведтік Diaverum желісі де сапаны әлемдік стандарттарға жақындатуда. 1991 жылы Швецияда құрылған бұл компания қазір 24 елде 450-ден астам клиникасы арқылы жылына 6,2 миллионнан астам процедура жасайды. Қазақстан нарығына 2015 жылы «Нефрос Азия» желісін сатып алу арқылы кірген ұйым бүгінде Жетісу облысында да қызмет көрсетіп отыр.
Аймақтағы жағдайға келсек, Жетісу облысында гемодиализге тәуелді 300-ден астам пациент тіркелген. Соның 70 пайыздан астамы «Нефрос Азия» ЖШС орталықтарында ем алады. Тек Талдықорғандағы бөлімнің өзінде 119 науқас тұрақты түрде процедурадан өтеді.
Орталықтың бөлім меңгерушісі, медицинада қырық жылға жуық тәжірибесі бар Сәбира Заманбекқызы өткенді еске ала отырып, қазіргі ахуалды бағамдады.
– 2000 жылдары Талдықорған қаласындағы облыстық ауруханада жұмыс істеп жүргенімде бас дәрігеріміз Тілеуберді Жансеңгіров шетел тәжірибесінен көптеген жаңалық әкелді. 2003 жылы жан сақтау бөліміне екі жаңа аппарат орнатылды. Ол кезде медицинаға бөлінетін қаржы жеткілікті еді. Біз үшін басты мақсат – науқастың өмірін сақтап қалу болатын, – дейді ол.
Алайда қазір жағдай өзгерген. Әр шығын есепке алынып, клиникалық хаттамадан ауытқымау – міндет. Қазақстанда медицинаға бөлінетін жалпы ішкі өнімнің үлесі 2,5 пайыз болса, АҚШ-та бұл көрсеткіш 18 пайызды құрайды. «Салыстыра беріңіз», – дейді маман.
Сәбира Заманбекқызының сөзінше, 2008 жылы қосымша екі аппарат алынып, арнайы гемодиализ бөлімі ашылды. Сол 4 аппарат күніне үш ауысыммен жұмыс істеді. Денсаулық сақтау министрі болған Салидат Қайырбекованың тұсында медицинаға еңбегі сіңген жандардың «100 диализ орталығы – 100 аппарат» атты үндеуінен кейін жеке клиникалардың ашылуына мүмкіндік туды.
Алайда профессор Абай Шепетовтің айтуынша, денсаулық сақтау жүйесі әлі де аурудың алдын алудан гөрі салдарымен күресуге бағытталған. «Бұл үрдіс өзгермесе 2030 жылға қарай диализге мұқтаждар саны екі есе артуы мүмкін», – дейді ол.
Өңір статистикасы алаңдатады: бүйрек жеткіліксіздігіне шалдыққандардың көбі Жаркент пен Шонжыда. 300-ден астам науқастың 70-і – осы өңірден. Нақты себебі зерттелмеген. «Бұрынғыдай су мен жердің сапасын зерттесе, бәлкім, жауабы табылар еді. Қазір ғылымға көңіл бөлініп отырған жоқ», – дейді Сәбира Заманбекқызы.
Бұрын «Нефростандарт» атты 86-бұйрықпен жұмыс істеген сала қазір 114-бұйрық негізіндегі клиникалық хаттамаға көшкенімен тариф өзгермеген: бір диализдің құны 36 мың теңге. Аптасына үш рет келетін науқастар үшін бұл қаржы толық ем шығынын өтемейді. Салыстырар болсақ, Қырғызстан бір диализге 100 доллар, Сауд Арабиясы – 500, Сингапур – 300 доллар бөледі.
Талдықорғандағы «Нефрос Азия» ЖШС орталығында бүгінде 18 бен 80 жас аралығындағы науқастар емделеді. Кейбірі 18 жылдан бері диализде, енді біреулері бүйрек ауыстырған. Мұнда 3 дәрігер, 9 орта буынды маман және санитарлар жұмыс істейді. Әр науқасқа төрт сағаттық процедура кезінде «жеңіл ас» беріледі. Арнайы көлікпен жеткізу қызметі де бар.
Сәбира Заманбекқызының айтуынша, бұрын шалғай ауыл тұрғындары Талдықорғанға қатынаса, қазір Үшарал, Сарқан, Жаркентте де орталықтар ашылып, үлкен жеңілдік әкелген. Ал оның маман ретіндегі кеңесі: бүйрек ауруын ерте анықтау үшін мерзімді тексеруден өтіп, қан мен зәр талдауларын тапсыру, холестерин мен қант деңгейін бақылау, энергетикалық сусындардан бас тарту, дәрілерді тек дәрігер нұсқауымен пайдалану.
Өз сөзінде Сәбира Заманбекқызы гемодиализ – өмірді сақтайтынын, бірақ ауруды емдемейтінін айтты.
– Бүйрек трансплантациясы – науқастың толыққанды өмірге оралуының жалғыз жолы. Қазақстанда жылына 250-300 бүйрек ауыстыру операциясы жасалады, бірақ бұл қажеттіліктің аз ғана бөлігі. Бүгінде еліміз бойынша бүйрек ауыстыру бойынша 5 мың адам кезекте тұр, – дейді ол.
Үштөбелік Жақсылық Тұрсын- ұлы:
– Жасым 58-де. 15 жыл бойы қант диабетінен емделіп жүрдім. Стресс алып, бүйрегім сыр берді. Екі жылдан бері осы орталықта ем қабылдаймын. Аптасына үш мәрте келемін. Дәрігерлердің еңбегіне ризамын, – дейді.
Нұрлан Әбілқасымұлы:
– Бүйрегімнің сыр бергенін кеш білдім. Диализ дегенді жай система деп ойлайтынмын. Міне, жеті жыл болды. Үш мәрте келемін. Үйден алып келіп, қайта жеткізіп тастайды. Басқа адамдарға айтарым – дер кезінде тексеріліңіздер, – дейді.
Кеше гемодиализ – уақыт ұтқызатын амал болса, бүгінде ол мемлекет қаржыландыратын, жүйелі әрі қолжетімді қызметке айналды. Бірақ ертеңгі жетістік үшін бүгін профилактикаға, трансплантацияны дамытуға және саламатты өмір салтын насихаттауға күш салу керек екенін де айтты нефролог дәрігер Сәбира Заманбекқызы.
Облыс бойынша бүйрек жеткіліксіздігіне шалдыққандардың көбі Жаркент пен Шонжыда екенін тілге тиек еткен едік. Осы орайда Жаркент қаласындағы гемодиализ орталығына да арнайы барып қайттық.
Панфилов ауданындағы «Нефрос Азия» ЖШС гемодиализ орталығының бөлім меңгерушісі Марат Ахметұлы:
– Алғашында 40 науқас болса, қазір 80-ге жетті. 16 аппаратпен үш ауысым жұмыс істейміз. Диализдің көбею себебін нақты айту қиын. Көбіне қант диабеті мен гипертониядан болады. Ерте кезеңде анықталса, аурудың үдеуін тоқтатуға болады, – дейді.
Орталықта бүгінде 20-70 жас аралығындағы адамдар ем қабылдайды. Алайда тарифтің өспеуі, тегін тамақ пен тасымалдың қысқаруы науқастарға қиындық тудыруда. Дегенмен аудан әкімдігі ауыл және қала тұрғындарына көлік ұйымдастырған.
Саркөл ауылының тұрғыны, 2022 жылдан бері гемодиализ қабылдап жүрген бірінші топтағы мүгедек Қожаберген Батыржан қазіргі басты қиындықтарын жасырмады.
– Бұрын бәрі жақсы еді. Қазір ең үлкен мәселе – көлік пен тегін тамақтың тоқтауы. Ауылдан орталыққа бізді «Жедел жәрдем» көлігі алып келеді. Кейде тым ерте әкеп тастап, қайта оралуға асықпайтын кездер болады. Ондайда емнен кейін сағаттап күтіп қаламыз. Бұл – бүйрек дертімен күресіп жүрген біз үшін өте ауыр. Көлік мәселесі қазір ең өзекті түйткілге айналды. Біз – елге еңбегі сіңген жандармыз. Осындай күйге қалай жеткенімізді түсіне алмаймын. Компания басшылығы осы жағдайға назар аударса деймін. Ал орталықтағы дәрігерлерге айтар алғысым шексіз, – дейді ол.
Күлбар Насырова, Тоқтар ауылының тұрғыны:
– Бұрын науқастарға орталықтың өз есебінен тегін тамақ пен тасымал ұйымдастырылатын. Қазір тарифтің өзгермеуіне байланысты тегін тамақ беру тоқтатылып, арнайы көлік қызметі де қысқарды. Аудан әкімдігі көмек ретінде екі көлік бөлгенімен олардың жай-күйі көңіл көншітпейді. Медициналық талапқа сай жабдықталмаған, кондиционер мен жылыту жүйесі әлсіз, орындықтары ыңғайсыз. Ал бүйрек жеткіліксіздігімен ауыратын адамдар үшін жолдағы жайлылық – емнің бір бөлігімен тең, – дейді.
Бекет Сәдуақасов, Жаркент қаласының тұрғыны:
– Диализге тәуелді болғаныма он бір жылдай уақыт өтті. Бәрінің басы – дер кезінде дұрыс ем жасалмауынан басталды. Алғашқы жылдары қажетті дәрі-дәрмектің бәрі бар еді. Diaverum орталығына өткенге дейін бауырды қорғайтын, қан қысымын реттейтін дәрілер де жеткілікті болатын. Қазір солардың 30-40 пайызы жоқ. «Протоколдан алынып тасталды» дейді. Енді, міне, оған қоса тегін көлік пен тамақты да қысқартып тастады. Өз басым Жаркентте тағы бір диализ орталығы болса, мұндай жағдай болмас еді деп ойлаймын. Себебі қазір бәсекелестік жоқ. «Біздің пациенттер басқа қайда барады?» деген оймен жұмыс істейтін секілді.
Ем аяқталған соң үйге бірден жеткізетін көлік бұрын бар еді, қазір аудандық тасымалдауға жүктеп қойды. Бізді «ГАЗельге» отырғызады. Ал бұл – жолға шыдамы жоқ науқастар үшін үлкен азап. Мәселен, жақында Талдықорғанға барып, көзіме ота жасаттым. Сонда білдім: ол жақтағы орталық та көлікті қысқартыпты, бірақ емделушілер шу көтеріп, «басқа орталыққа кетеміз» дегеннен кейін тегін тасымалды қайта енгізген екен.
Қазір ешкім бақылап отырған жоқ, орталықтар өз білгенін жасап жатыр. Біз тек осы мәселеге жауаптылар назар аударса екен дейміз. Одан басқа айтарымыз жоқ, – дейді.
Шалқар, Әулиеағаш ауылының тұрғыны:
– Жасым 30-да. Диализге тәуелді болғаныма 4 жылдай уақыт өтті. Бұл дерт мені аяқастынан тапты. Еш жерім ауырмай жүр едім, зауытта жұмыс істеп жүрген бір күні бетім ісіп, мұрнымнан қан кетті. Жағдайым нашарлаған соң дәрігерге қаралдым, сөйтіп, ақыры осындай халге жеттім. Қазір, шүкір, өзімді біршама жақсы сезінемін. Ауылдан емге «Жедел жәрдем» көлігімен қатынаймыз. Алғашқы жылдары орталық арнайы бөлген өз көлігіміз болатын, ол кезде өте қолайлы еді. Қатарластарым мен жастарға айтарым – денсаулықтарыңызды бағалаңыздар, уақытында дәрігерге қаралып тұрыңыздар, – дейді.
Гемодиализ орталығындағы әр аппарат – тек медициналық техника емес, адамның тағдырын ұстап тұрған нәзік арқан. Оның бір ұшын дәрігерлер берік ұстаса, екінші ұшы қоғам мен мемлекеттің жауапкершілігінде. Бұл жіптің үзіліп кетпеуі үшін тариф пен техниканы жетілдіру аздық етеді – науқасқа көрсетілетін қамқорлықтың сапасын да көтеру қажет. Өйткені медицинаның басты мақсаты – өмірді ұзарту ғана емес, оған мағына беру. Ал мағыналы өмір аппаратқа тәуелділіктен емес, шынайы жанашырлықтан басталатынын естен шығармайық.
Сәрби Әйтенова





