Облыста 600-ге жуық үкіметтік емес ұйым бар. Олардың дені өңіріміздің дамуына белсенді атсалысуда.
Бұл ұйымдардың басты мақсаты – халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, азаматтық қоғамның рөлін күшейту, билік пен халық арасында байланыс орнату. 27 ақпан – осы жүкті арқалап жүрген үкіметтік емес ұйымдардың кәсіби мерекесі. Атаулы күнге орай Талдықорған қаласындағы Салтанат сарайында арнайы шара өтті.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов жылы лебізін білдіріп, өңіріміздің дамуына септігін тигізіп жүрген үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілерін марапаттады. Солардың қатарында «Жетісу облысының Ауғанстан соғысы ардагерлерінің ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайрат Жаңабаев та бар.
– Облыстың әр ауданында біздің қоғамдық ұйымның филиалы бар. Алға қойған мақсатымыз – жастарға дұрыс тәрбие беру. Ауған соғысының ардагерлері әрбір білім ошағында ерлік сабақтарын өткізіп, қоғамдық бірлестіктер арасында ынтымақтастық орнатуға күш салып келеді. Бүгінгі күні облыста 623 ауған соғысының ардагері бар. Солардың әрқайсысы үкіметтік емес ұйымдарда жұмыс істейді. Кәсіби мерекемізде марапатталып жатырмыз. Еңбегімізді елеп, құрмет танытқандарға айтар алғысым шексіз, – дейді Қайрат Темірғалиұлы.
Облыстық Азаматтық Альянсының төрайымы Дания Қыдырбаеваның сөзінше, ҮЕҰ мерекесі 2014 жылдың 27 ақпанынан бастап халықаралық деңгейде заңды түрде белгіленіп, аталып келеді.
– Еліміз бойынша 22 мыңнан астам, соның ішінде Жетісу облысында 578 ҮЕҰ бар. Олардың әрбірі мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмектесу, әлеуметтік қолдау, қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәселелерді шешу, жастар тәрбиесі, тағы да басқа салада белсенді жұмыс атқаруда. Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын қолдауда жыл сайын әлеуметтік қаржыландырудың көлемі де артып келеді, – деген ол облыстық қоғамдық кеңес құрамының 80 пайыздан астамы үкіметтік емес ұйым өкілдері екенін айтты.
Шара соңы өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.
Сарби ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ
Фото: Дмитрий Ерофеев





