Әкем туралы естелік жазамын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Осы уақытқа дейін әкем үнемі жанымда жүреді, сүрініп қалсам қол ұшын береді деп келдім.
Бірақ, бәрі біз ойлағандай бола бермейді екен. Асқар таудай, биік шыңдай асыл әкем бір-ақ күнде ғайып болды. Ол кісіні өмірден өтпейтіндей көретін едім.
Басқаларды қайдам, мен үшін әкем нағыз ержүрек, жігітке тән мінезі, қайсарлығы бар азамат еді. Отбасында әкемізден қалған бес тұяқпыз. Мен үйдің ортаншысы, қыздың үлкенімін. Сондықтан болар, әкем маған көбірек жауапкершілік жүктейтін. Оған мен ренжуші едім. Маған не үшін сенім артқанын енді ғана түсінгендеймін.
Әкем бесеумізді бөліп-жармай, бірдей қарайтын. «Қай балаңызды көбірек жақсы көресіз? – деп сұрағанымызда: «Алыстағы балам келгенше, ауырған балам жазылғанша жақсы көрем», – дейтін. Ал бұл сөздің астарында керемет мағына жатқанын енді сезінгендеймін.
Әкем сөзімен де, ісімен де, салмақты қалпымен де ел үлгі тұтарлық кісі еді. Әдеби кітаптарды көп оқитын. Бізге үнемі дастарқан басында оқыған кітаптары жайлы айтып беретін. Әкемнің есті әңгімелері де есімде. Ол менің жадымда үлгі-өнеге болып қала бермек. Сол әңгімелерін әлі де естігім келер еді…
Мен үшін әкем орны бөлек жан. Әрдайым оны іздеймін, жоқтығына үйрене алар емеспін. Мектептен келгенде жылы жүзімен күлімсіреп шығып, «Келе ғой, қызым» дейтіндей көрінеді. Әр нәрседен жұбаныш табуға талпынғаныммен, әкеге деген сағыныш сезімі еш басылар емес.
«Әке – асқар тау» деп бекер айтылмаған. Әрдайым қолдау көрсетіп, әкелік махаббатын сыйлайтын адамың болғаны қандай жақсы! Кейбір сәттерде аналық мейіріммен қоса әкелік қамқорлықты да іздейді екенсің.
Тым болмағанда әкеммен дұрыстап та қоштаса алмадым. Басқа жаққа емделуге бара жатқанда: «Жазылып келем, уайымдамаңдар?» – деген еді. Бірақ, олай болмады.
Ата-ана баланың қос қанаты іспетті. Бір қанатымнан айырылғалы бері маған қалықтап ұшу қиынға түсуде. Бірақ, ата-анамның артқан үмітін ақтауға тырысамын. Әр балаға айтқым келетіні: бәріміз де әкелерімізді құрметтейік! Қадірлеп-қастерлейік, ардақтайық, теңдесі жоқ асқар тауымызды!
Жанерке Тұрсын,
Үшарал орта мектебінің 9-сынып оқушысы
Панфилов ауданы




