Алмалы ауылында дене шынықтыру, сауықтыру, спорт кешенінің құрылысы басталды. Жалпы көлемі 1 гектарға жуық аумақты қамтитын жаңа нысанның жобасы заманауи талаптарға сай.
Ауыл тұрғындарына арналған болашақ кешенде күрес, бокс, баскетбол, волейбол, кіші футбол, стол теннисі мен жаттығу залдары, тренерлік кабинеттер мен жуыну және киім ауыстыру бөлмелері қарастырылыпты.
Мердігер мекеменің мәлімдеуінше, спорттық кешен 2024 жылдың мамыр айында қолданысқа берілетін болады. Жыл соңына дейін 600 млн. теңге игеріліп, нысанның қабырғасы тұрғызылып, шатыр жабындылары орнатылмақ.
50 орынды спорттық кешен құрылысының алғашқы қазығын аудан әкімі Ғалымжан Маманбаев қағып, ауыл тұрғындарын жаңа құрылыстың басталуымен құттықтады.
– Заманауи спорт кешені ауыл тұрғындарына қажетті әлеуметтік нысандардың бірі болып табылады. Тұрғындарды салауатты өмір салтына тарту, олардың бос уақыттарын тиімді өткізу бағытында жүзеге асып жатқан жобалар мемлекет тарапынан жан-жақты қолдауға ие. Аталған спорт кешені ел игілігіне еңбек етіп, әлемдік додада өнер көрсететін спортшыларды тәрбиелейтіні анық, – деді Ғалымжан Қанатұлы.
Спорт кешені іске қосылған уақытта 19 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ
Сарқан ауданы




