2021 жылғы жоспар бойынша Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры амбулаториялық-поликлиникалық және стационарды алмастыратын жәрдемге қолжетімділікті арттыру, ауылдық денсаулық сақтауға қолдау көрсету, дистанциялық медицинаны, скринингтік бағдарламаларды, медбике ісін, патронаждық қызметті дамытуды қолға алмақ. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының төрағасы Болат Төкежанов баяндады.
Бұл бастамалардың барлығына қаржы қарастырылған. Халыққа медициналық жәрдем көрсетуге 1,8 трлн. теңге бөлініп отыр. Оның ішінде тегін медициналық көмек бойынша қызметтерге – 1,1 трлн теңге. МӘМС – 0,7 трлн теңге.
– МӘМС іске асырудың бірінші жылының қорытындысы бойынша медициналық сақтандыру жүйесін іске қосып, пандемия кезінде денсаулық сақтау саласы үшін қаржылық «қауіпсіздік жастығын» құрды. Ең бастысы, медициналық көмек көлемін арттыру үшін жағдай жасағанын көрсетті. Эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруды ескере отырып, Қор биылғы жылы белгіленген жоспарлар мен жаңа бастамаларды жүзеге асыруға ниетті, – деп Болат Төкежанов нақтылап өтті.
Қор қаржыландырудың басым бағыттарының бірі балаларға медициналық көмек көрсету болып табылады. Атап айтқанда, «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша жоғары технологиялы медициналық жәрдемді қаржыландыру 7 есе көбейеді. 2021 жылы 7 мың ерлі-зайыпты ата-ана атану мүмкіндігіне ие болады. «Қамқорлық» бағдарламасы бойынша ерекше күтімді қажет ететін балаларды медициналық оңалту қаржыландырылады. Неонатальдық скринингтер жүргізу мен сәбилердің психофизикалық дамуын бағалауға, сондай-ақ, мектептегі медицинаны дамытуға қосымша қаражат бөлінеді. Ауылдарда медициналық қызметтерге қолжетімділік артып, бұл бағыт бойынша қаржыландыру көлемі 20%-ға көбейеді. Сонымен қатар, дәрігерлердің жалақысын 30%-ға дейін, орта медицина қызметкерлерінің жалақысын 20%-ға дейін арттыруға 132 млрд. теңге бөлініп отыр.
«Әлеуметтік медициналық
сақтандыру қоры»
КЕАҚ облыс
бойынша филиалы




