ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен онлайн режимде селекторлық жиын өтті. Онда еліміздің биылғы қаңтар-маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылуы, «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының іске асырылу барысы,халықты өңірлік жұмыспен қамту карталарын іске асыру мәселесі қаралды.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 5%-ды құрағанын баяндады. Барлық негізгі салалар оң динамика көрсетіп отыр, құрылыс, сауда, сондай-ақ ақпарат пен байланыс салалары бойынша ең жақсы көрсеткіштер тіркелді.Тағы бір аса маңызды міндеттің бірі – бағаның өсуін тежеу. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде жартыжылдық қорытындысы бойынша инфляцияның жылдық көрсеткіші 14,6%-ға дейін төмендеді.
«Біздің алдымызда осы жылы инфляцияны 2 есе төмендету міндеті тұр. Бұл біздің бәрімізден үйлесімді және жүйелі жұмыстарды талап етеді. Сауда министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, инфляцияны жоспарлы мәнге дейін төмендету шараларын қамтамасыз етуі қажет», – деді Премьер-Министр.
Екінші мәселе бойынша Әлихан Смайыловбиыл тұрғындар үшін тарифтер 10%-дан 30%-ға дейін өсетінін айтты. Бұл – барынша ұстамды тариф, онсыз коммуналдық инфрақұрылымның сапалы жұмысын қамтамасыз ету мүмкін емес.
Шара барысында Үкімет басшысы ҚМ-ге ҚМА-мен бірлесіп, коммуналдық кәсіпорындар мен станциялардың инвестициялық бағдарламаларды тиісті түрде орындауын бақылауды қамтамасыз етуді, Ұлттық экономика, Энергетика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермей, тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуді тапсырды.
Үшінші мәселе бойынша Премьер-Министрдің орынбасары – еңзбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова қазіргі уақытта Мемлекет басшысының 7 жыл ішінде 3,3 млн қазақстандықты, оның ішінде кемінде 2,3 млн жасты жұмыспен қамту туралы тапсырмасын іске асыру шаралары жүргізіліп жатқанын айтты. Шара барысында облыс басшылары сөз алып, атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Соңында Әлихан Смайылов өңірлік жұмыспен қамту картасын іске асыру, шағын несиелер беру барысында жастардың тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа тұруына баса назар аудару, сондай-ақ жалпы қабылданып жатқан шаралардың тұрақты мониторингін қамтамасыз ету керектігін атап өтті.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ





