Кербұлақ ауданындағы Сарыбұлақ ауылының көшелері бірнеше жылдан бері қараңғылыққа бөгіп, тұрғындардың мазасын алып келген еді. Осыған орай аудан әкімі Қанат Есболатовпен кездесуде көшені жарықтандыруды мәселе етіп көтерген ауыл азаматтарының тілегі орындалып, шалғайдағы шағын ауылдың көшелеріне жарық орнатылды.
Халықпен кездесуде айтылған мәселелерді хаттамаға арнайы кіргізген аудан басшысы берген уәдесінде тұрып, бір жылдың ішінде ауылға көше шамдарын орнатуға ықпал етті.
Бүгінде Сарыбұлақ ауылында 10 КВ-тық электр жеткізу желісі орнатылып, тұрғындардың игілігіне қызмет көрсете бастады. Сарыбұлақ ауылдық округінің әкімі Еркебұлан Жармұханбетұлының айтуынша, жарық шамдардың ұзындығы 18 шақырымды құрайды.
Жалпы Кербұлақ ауданында жарық мәселесін бір жүйеге келтіру біртіндеп іске асуда. Аудандағы көптеген ауылдарға электр бағаналары орнатылып, көшені жарықтандыру қолға алынып отыр.
Мысалы, Жоламан, Қазынсу, Шилісу, Қоянкөз ауылдарындағы көше шамдарын «УниверсалСтройСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі орнатып, ел игілігіне тапсырған.
М. Әсетұлы





