Бүгінгі қазақ әдебиетінің классигі, Қазақстанның Халық жазушысы Бексұлтан Нұржеке-ұлы өзінің «Бір әріптен адасқан тарих» атты мақаласында: «Әңгіме Шыңғыс хан жайында. Тарихты адастырған әрібіміз – «ң». Осекең – Оспанхан ағамыз – бұл әріпке сөз басында келетін бір сөз тауып берген, ол – Ңөң, айсберг. Шыңғыс хан тарихы да тап сол ңөңге ұқсайды: бетінде – бір өтірік, астарында адам адасатын айла-шарғы. Шыңғыс хан жайындағы бүкіл тарихты бүлдіріп жүрген «ң» әрібі ең әуелі «моңғол» сөзінде болып, одан «моғол» сөзі пайда болған ба әлде керісінше ме?..» – деп толғана келе, күллі қазақ тарихының негізгі тарауларын жіктеп берген еді. Бұл тұрғыда сөз етіп келе жатқан ұлы дәстүріміз де сол «ңөңге» немесе бір әріпке ұқсас болғандықтан, қазақ Мопассанының ойын алға тарттық.
Бұған дейінгі оқырманға ұсынған ХІІ бөлімнен тұратын жазбамызда ардакүрең ақын, этнограф Қасымхан Бегмановтың «Этнографпен әңгіме» кітабына шолу жасап, ондағы Жағда Бабалықұлының аталы ойларын, дәстүріміздің асыл қиыршық, маржан бөлшектерін бөлектеп алып бедерлегенбіз. Бұл жолы ақынның «ДӘСТҮР: кеше, бүгін, ертең» атты 4 томдық кітабына ойысқанымызды айтып, ондағы жақұт дүниелерді оқырманға газетіміз арқылы ұсынатынымызды ескерткіміз келеді. Әрине, Қасымхан аға Бегмановпен рухани ағалы-інілі қарым-қатынаста екеніміз, ұстаз тұтқанымызды алға тартып, автордың ерен еңбегін малданып отырмағанымызды, кітап көпшілікке жетпейтін болғандықтан газет арқылы ата-баба жолындағы асыл қазыналарды айшықтауға бейіл танытқанымызды да қайталай ескерте кеткен жөн.
Хош, біз өзіміздің бай дәстүріміз туралы сөз қозғағанда әуелі, кешегі құрдым кезең – Ресей миссионерлерінің орыстандыру саясаты мен отаршылдардың оспадар, обыр күші шеңгелін бекіткен беймезгіл шақта тарихи жадымыз шайылып, жер-су атаулары өзгергенін, тіпті дәстүрімізді насихаттауға айла таппай қалғанымызды, соның салдарынан күн астындағы кіршіксіз дүниелеріміз күресінде қалғанын ұмытпауымыз керек. Кешегі аталар ұстанған жоралғы мен жосын-жосықтан жырақтап қалдық. Сондай дәстүрдің бірі – «Қынаменде».
Қынаменде – әдебиетті, әсіресе хакім Абайды жақсы оқыған оқырманға көзтаныс сөз. Өйткені ұлы ақынның «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» өлеңіндегі:
«Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл,
Қыз таныстыр – қызыққа жұрт ыржыңшыл.
Қынаменде, жар-жар мен беташар бар,
Өлеңсіз солар қызық бола ма гүл?», деп келетін шумақты зейінді, зерделі оқырман бір оқымай кетуі мүмкін емес. Бұл тұрғыдан алғанда жар-жар мен баташарға қатар телінген «қынаменде» сөзін қыз ұзату салтына тікелей қатысы бар деп толықтауға негіз бар. Десе де мұны Мекемтас Мұрзахметұлы жіліктеп түсіндіріп айтқандықтан, «негіз бар» деп долбарламай, кесіп айтқан дұрысырақ.
Қасымхан Бегмановқа берген сұхбатында абайтанушы, ғалым, этнограф, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мекемтас Мырзахметұлы бұл сөзді көп іздегенін, не мағына береді екен деп сан жыл бойы түсінбей келгенін жасырмай айтып, соңында Ыбырай Алтынсарин жазбасынан тапқанын тілге тиек етеді. «Ыбырай Алтынсарин «Орынбор ведмоствосы қазақтарының құда түсу, қыз ұзату және той жасау дәстүрлерінің очеркі» этнографиялық еңбегінде қазақтың «Қынаменде» салтын әбден ашып жазады екен. Онда ұлы бар әке ел аралап, қызы ұнаған үйдің керегесіне қамшысын қыстырып кететін жоралғыдан басталатын құдалықты жақсы суреттейді. Бұл құдалықтың бастапқы белгесі екен», – дей келе жалпы екі жақтың танысып-білісуі, қыз қалыңмалын мөлшерлеуі секілді дүниелерді желдіртіп атап шыққан Мекемтас, Алтынсарин жазбасынан «бас жақсы» жоралғысын да кездестіргенін атайды. Бас жақсы дегеніміз – қыздың сәукелесі, алтын жүзік, сырға, мақпал шапан, жорға ат пен күміс ер-тоқым сияқта асыл дүниелерге тұратын заттар екен.
Иә, сонымен «Қынаменде» сөзі жеке бір дәстүр жоралғысы екенін пайымдадық. Бұл «қызқашар» ойын-сауығы секілді қыз ауылында болатын дәстүр. Бұдан бөлек, жеңгелердің күйеу жігіт пен қалыңдықты кезіктіруде беретін кәделері – желі атар, ит ырылдатар, кемпір өлді, отқа салар, қол ұстатар, шаш сипатар, көрпе қимылдатар деп аталатынын да айта кеткенді жөн санадық.
Ал, енді «Қынаменде» жоралғысы туралы Мекемтас Мырзахемтұлының айтқан пікірі былай: «…Ол былай болады. Отырған жұртты күлдіру үшін бас құданы шаңыраққа екі қолтығынан асып қояды. Сосын «Құда, сусын ішіңіз, тамақ алыңыз дейді. «Қораз болып шақырыңыз, ит болып үріңіз» деп неше түрлі өнер көрсетуін сұрайды. Сосын ауыл адамдары: «Ой, бас құда өгіз мінгенге лайықты екен», – деп өгізге мінгізеді. Сөйтіп, тонды теріс айналдырып, құданың басына орамал байлап, өгізге міндіріп, екі аяғын шалып байлап өгізді жай айдамай, мөңкітіп айдайды. Құда аяғы байлаулы болған соң, құламайды. Шын құдалар келгенде соларды сөйлету, жаңағыдай мазақтау, айтқанын істету, осындай шынайы істер арқылы жақындасу. Бір жағынан бұл тойдағы тамаша болады. Мәселе адамдарды күлкіге қарық қылуда жатыр. Сөйтіп, құдаларды тізеге басып отырып, күлдіреді екен. Осыны қазақ қынаменде дейді».
Бүгінгі күнгі қазақ пен кешегі бабалардың ақжүректілігі мен кісілігі, әдеп-иба, той-салтанатында айырмашылық бар ма? деген заңды сұрақ туындайды осы арада. Аңғал да ақкөкірек бабалар «құдасын құдайындай сыйлай» отырып, дала сахнасына лайықты театрландырылған юмор, әзіл-оспақ ойната білген. Соның жарқын көрінісі деп осы «Қынаменде» дәстүрін айтуға толық негіз бар. Өйткені жастар жарасып, шаңырақ көтергенімен олардың бақытының баянды болуына құда-құдағилардың да белгілі бір үлес-салмағы бар емес пе? «Қызды оқыттым-тоқыттым, өсірдім», «Алтын басты әйелден, бақыр басты еркек артық» деген бүгінгі сөздер ол кезде мүлдем айтылмаған деуге толық негіз бар. Содан да болар, қызды алып кетуге келген құдалармен әзілдесіп, олардың жас келін жақпен әзіл-қалжың жарастырып кетуіне осы «Қынаменде» ойыны арқау болған!
Әрине, бүгінгілер сақтап қалған бір мәтел – «қыз бергеннің назы бар» сөзі. Бұл қазіргі таңда орынды-орынсыз қолданылып келеді. Ал қынаменде дәстүрін атқарған кешегілер қыз берген жақ болғандықтан, үлбіретіп өсірген үкілісіне қимас сезіммен қарайды. Көңілі бұзылып, көкірегінің көк еті сөгіледі. Сөйте тұра құдасын қалжыңға сүйей отырып «қыспаққа» алып, жандарын жадыратады. Бұл орайда, М. Мырзахметұлы: «…Осынау ойынды тоқтату үшін ауыл ақсақалы келіп, «болды, қинамаңдар енді, тоқтатыңдар!» дегеннен кейін барып құданы қинау сап тыйылады екен. Міне, осы «Қинамаңдар» деген сөзден «қынаменде» шығып тұр», – дейді.
Тарихты түптеп танып, дәстүрді толық меңгеру үшін бізге уақыт керек шығар. Алайда осындай жоралғыларды жаңғырту кезек күттірмейтін мәселе-ау. Бұл тұрғыда Қасымхан мен Мекемтас ағаларымыз, сол секілді бірқатар ел азаматы мұндай дүниені қолға алудың әбестігі жоғын, керісінше, баба жолын ұстанған ұрпақ ретінде құдалық қалжыңмен басталып, баянды жалғасын табуға «Қынаменде» арқау бола алатынын тілге тиек етеді. Ал біз де осы тұрғыда «Құда, құда болсаң шыда» деген сөздің төркіні «Қынаменде» секілді жоралғыға қаратып айтылған болар, кейіннен бұл әртүрлі жайтқа байланысты айтылып жүрген шығар деп жорамалдаймыз.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Фото: almaty-akshamy.kz





