Қара ормандай қазақтың тіршілікте табан тірер жері Абайдың ақылмандық, данышпандық ойлары мен ғибратты сөздері болса керек. Аттап басқан сайын аяққа оралғы болған дүниелер мен кедергілерге кезіккенде хакімнің толғамдары еске түседі. Тіпті, жарық дүниедегі алуаналуан мінезді адамдар мен ұлттардың түрлі сипаты кірпияз көңілдің құбылуына соқтырғанда да ұлы тұлғаның қара сөздерін санада жаңғыртамыз.
«Келер қазақтың да ішетін уы мен балы – Абай», – деп қазақ әдебиетіне құбылыс болып келген Асқар Сүлейменов айтқандай, ұлы тұлғаның телегей мұрасы ғасырлар бойы өз халқымен бірге жасай бермек. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен «Абай күні» мерекесі күнтізбемізге еніп, тамыз айының 10-жұлдызында аталмыш мейрамды тойлауды қолға алдық. Бұл өткенін дәріптеп, тарихын саралап, болашағына байлам жасай білген еліміз үшін де, келер ұрпақтың кемел руханият құндылығына қанығып өсуі үшін де оң шешім.
Осы орайда талдықорғандық зиялы қауым да Абай күнін айрықша атап өткенін айта кеткен жөн. Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының алдындағы Абай ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталған рухани шара өрнек тапты. Алдымен жетісулық зиялы қауым өкілдері ұлы тұлғаның тастұғырына гүл шоқтарын қойып, әдебиет алыбының рухына тағзым жасады. Өз кезегінде алғашқы болып облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт сөз алып, алты Алаштың ардақтысына, көз тастар көкжиегіне айналған тұлға жайлы тебіреніске толы ойын ортаға салды. Мыңмен жалғыз алысқан, әз қазағын биіктен көргісі келіп кесірлігі мен кейістігіне, кеселіне сөзбен сына қаққан, ғақлияларында адамгершілік пен ақиқаттың түу бастауына ой жетелетіп, ұлы перзент ретінде жұртының рухани өрісі манатқа малынуын көксеп, терсіңді еңбек еткен тұлғаның өмірінен, тағылымынан сыр шертті. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, айбоз ақын Әміре Әрін де тарихтың ақтаңдақ беттерінде есімі айшықталған ұлылардан мысал келтіріп, күллі қазаққа темірқазық бола білген, адамзаттың Абайына айналған тұлға туралы тебірене тілек білдірді. Сонымен қатар, біраз жыл бұрын жазылған «Темірқазық» атты арнау өлеңін оқыды.
Рухты тасытқан, әдебиетке деген і ң к ә р л і к т і одан әрі оятқан тағылымды шара барысында облыстық филармонияның өнерпаздары асқақ әндерін айтып, күмбірлеген күй шертті. Әуелі Медет Есбергеновтың дирижерлігімен Абайдың күйі «Торжорға» күмбірлесе, өз кезегінде №28 ІТ мектебінің оқушылары Айару Фархатқызы, Жания Саятбек, Гүлдана Қайратқызы ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Ал жетісулық талантты әншілер Бейбіт Мұсаев, Бексұлтан Бекайдар, Тілек Нағымбаев, Жомарт Тәкебаев ұлы ақынның «Сегіз а я қ » , «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы» әндерін асқақтатты.
Рухани шара ұлы ақынның қара сөздерімен қорытындыланды. Айталық Алаш ардақтысының ғақлиясын Б. Римова атындағы Талдықорған драма театрының әртісі Сағындық Жұмаділ нақышына келтіре оқыды.
Арда БИ





