Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласы еліміздің отыз жыл ішіндегі жеткен жетістіктерімен бірге жарқын болашағы туралы байсалды талдау жасауымен де қоғамдық санаға сілкініс жасап, оқырманға ой салды деп ойлаймын.
Қасым-Жомарт Кемелұлының: «Егемендігіміздің мəңгілік үштағаны – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз жəне барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз. Біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтаймыз», – деген рухты сөздері отаншыл отандастарымды тебірентпей қоймайды. Мақалада Қазақстанның өсу жəне қалыптасу кезеңі жақсы қамтылған. Біздің Тəуелсіздігіміздің тарихи тамыры өте тереңде екені рас. Аумақтық тұтастығымыздың халықаралық шарттармен бекітілгенін қадап айтты. Келеңсіздіктер де сөз болды. Экологиялық мəселелер төңірегінде кейбір нәрселер қоғамда адамдардың мəдениетіне, өскелең ұрпақтың тəрбиесіне байланысты туындайды. Бала кезден табиғатты аялауды үйрету қажеттігін өте орынды айтты. Уақыт ұттырмай қолға алып, дəйекті түрде іске асыратын тағы бір шаруа, шегара маңындағы елді мекендерде тұрғындар саны күрт азайып кетуіне байланысты қандастар көшін жаңғырту қажеттігін, халық тығыздығы əркелкі аймақтар үшін бұл еңбек күшін тиісті деңгейде сақтап тұруға, демографиялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік беретін ерекше маңызы бар іс екенін қаперге салады.
Мемлекет басшысы Тəуелсіздіктің отыз жылын шартты түрде үш онжылдық белеске бөліп қарастырған. Əр онжылдық атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр дей келе, алдағы төртінші онжылдықтың да бізге жүктейтін жүгі ауыр екенін, ол үшін ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру қажеттігін ескертеді. Біздің елдің бүгінгі тарихы тым әріден бастау алатыны жөнінде: «Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дəуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген», – дей келе ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатқанын шегелеп айтты. Мемлекет басшысы «сыйға тартылған жерге» қатысты империялық пиғылдың арынын осылай басты. Халқының сөзін сөйледі. Жер мəселесіне келгенде ұлттың пайым-парасатынан, шешімінен басқа ешқандай шешім болмайтынын шегелеп айтты.
Әскербек АБАЕВ,
Алматы облысының және Жамбыл ауданының
Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері




