Талдықорған: +34°C
$ 472.03
€ 540.29
₽ 6.11
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
Advertisement
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР КҮЛТӨБЕ

ҰЛТ РУХАНИЯТЫНА ҚОСЫЛҒАН ҚАЗЫНА

12.09.2020
КҮЛТӨБЕ
ҰЛТ РУХАНИЯТЫНА ҚОСЫЛҒАН ҚАЗЫНА
WhatsAppTelegramFacebook

Түркінің тәует басты тұлпары осқырынып, от орнындай тұяғымен таптаған ұлы жазирада Алаштың өр рухы  жаңғырып тұрса, ол – Күлтегіннің көкірегінен тұтанған мәңгілік жалын тақылеттес болып сезілетіні бар! Кескілескен шайқаста, аласапыран айқаста ата жұрттың төсіне қадалған бір тал уықтың қисаймауын мұрадым-мұратым деп білген баһадүрлер, нояндар мен қарапайым сарбазға дейін емініп кірген дұшпанды езгімен есін тандырып, түре қуды. Дарқан даланы бедерлеген картаны алақанына қондырып, сұқ көзімен сақилығына тамсанып, сұқ саусағымен «жаулаңдар!» деп бұйрық шашқан қаншама ұлы қолбасшылар, қонтайшылар «Алаш» ұранды айбарлы елдің тақымында жуасыды. Ымыраға келместің ырысы шайқалды. Жаны үзілді. Қаны кепті. Боз жусанның иісінен қуат алған Алаштың жер қайысқан қолы қасиетті мекеннің шөкім топырағын, түйір тасын жат табанға таптатпады. Бұл – ұлт ерлерінің ұлы серті, қасиетті міндеті еді! Шандоздап шапқан қарағайдың иір бұтағын жеті күн, жеті түн жонып, ұлы ұрыста сақсырға қара қан толтырар шоқпар еткен ұста алты көрік демімен балқыған ерітіндіден алдаспан құйды. Кеудемсоқ жаудың сауытын бұзып, дулығасын қақ айырар шар болаттай берік қаруды елім деген ерлердің құрыш қолына ұстату – ұста серті еді! Алдаспаны қолында, арманы жолында болған елдің рухын асқақтатар қасиетті міндет – ақын деген ақық өнер иелерінің маңдайына жазылған ұлы іс болса керек-ті! Сондықтан да, Тоныкөк таңбалаған Күлтегін жазуы ғасырдан ғасырға көшіп, елмен бірге жасасып келеді. Ал, сол ұлы жазбаның жалғасы, ақық жырдың алмасы деп белгілі ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Серік АҚСҰҢҚАРДЫҢ  «Көкейімде  Күлтегіннің жазуы» атты кітабын айшықтауға толық негіз бар!


Поэзия әлемінде өзінің қолтаңбасын даралап, ақындығымен Алаштың жүрегіне жол тапқан Серік Ақсұңқардың «Көкейімде Күлтегіннің жазуы» атты жаңа жыр кітабына соңғы кезде жазылған соны шығармалары шоғырланған. Бұл жинақтағы ақынның жан толқынысынан шым-шымдап шыққан мөлдір туындылар жан жайлауын кеңейткендей тылсым сезімге жетелесе, рухты жырлар сонау ұлы бабаларымыздың елесін шалдырып, ділімен сырластырғандай бойға бұла күш құяды. Бұл ретте ардақты елдің арда ақынының соны шығармашылығын тебірене термелегіміз келіп отырғаны да жасырын емес…
«Талант – Мұхит,
Көрінбейтін бір түбі.
Жылға болып, жылап ағу –
Күлкілі!
Отпен, сумен егіз бітім, болмысың,
Теңіз болып тебіренесің бір күні.

Жағалауға жан таласып, лақылдап,
Құрлыққа да құйылуға жақын ғап;
Кенет судан шыға салып,
От болып, –
Өртке айналып кетесің ғой –
Лапылдап!», – деп  от пен сумен жаны егіз ақын болмысының, өз болмысының танымына тамыр тартқан «талант-мұхиттың» бойында қазақы қара өлең арындап ағып жатыр.  Жылға болып жылап ағуды күлкіге, азапқа теңеген асау мінездің найзағайдай шарпылуы да тегін емес. Ақсораңнан Алашқа үшбу хат түлеткен  ақын:
Алладан жоқ басқа түк мұнда,
Алашым, сабағы ем көгіңнің.
Арыңнан өксік боп шықтым да,
Аузыңнан өлең боп төгілдім, – деп тебіренеді. «Екі жыр жазсам саған бірін арнап, ана деп жаздым ылғи сөз басына» деп мұзарт таудың мұзбалағы Мұқағали Мақатаев үн қатса, Серік Ақсұңқар екі жырының біріне «Алашты» арқау еткен. Алты арналы асыл елін ардақтаған ақынның «Арыңнан өксік боп шықтым да, аузыңнан өлең боп төгілдім», деуі заңдылық. Алайда, осы бір қос тармақты тарқату үшін тамырлы тарих қатпарына сүңгіп кететініміз де рас. «Елім-айлап» еңіреп, қасіреті мен мұңын, қуанышы мен шаттығын өлеңмен шығарған қазақтың өксігінің өзегі де, өр күлкісінің өркені де қасиетті қара өлең емей не?! 

Әлімсақтан әлди-өлеңмен тербеліп, жоқтау-жырмен арулап жерленген қазақтың тұтас ғұмыры – дастан! Алайда, әрбір заманның өзінің үн қатушылары бар. Жыраулардың, өткен ғасыр шайырларының өз қоғамын жырлағаны алдияр оқырман мен әдебиетшілерге таңсық емес. Дегенмен, сонау Күлтегін дәуірінен күмбезін күн сүйген бүгінгі кезеңге дейінгі аралықтағы ұлы аңсар, қасиетті борыш, қастерлі мақсат-мұрат, сағыныш пен махаббат, шапағат пен парасат сынды игіліктің бәрін иненің жасуынан ғаламды бақылағандай шеберлікпен тұтастырып жырлау да үлкен өнер болса керек. Серік Ақсұңқардың шығармашылығына құныға бас қойғанда біз соны аңдадық. Ақын махаббат тақырыбында толғаса:
«Орта ғасыр  —  
Ару он бес жастағы.
Бұлдырап тұр елес болып баста әлі.
Қайда жөнеп барады екен, сылдырлап 
Інжу-маржан шолпысының тастары?» – деп жамалын жарқыратқан арулардың ажарына ынтық қылып, болмысына сана жетелеттіреді. Қара қылды қақ жарып, «Қасқа жолымен» тексізді жасқаған Қасым ханның заманы, Алты алаштың арманы жолында күміс сақалын күнқақты қылған Асан Қайғының тұсындағы аруларға деген аңсар оты осы бір жырдан тұтанып кетердей. Енді бірде:
Күн мен түн күнде келіп қырқысқанда,
Дүние дүр етіп кеп, гүл құшқанда; –
Арқадан мен іздеген Күнекей Қыз,
Жүр екен күлімсіреп Түркістанда, – деп ертегінің кейіпкерін шын өмірдің шұғылалы сәттеріне сүйреп шығады-ау. Ақын танымындағы осындай көркем баламалар, келісті теңеулер шайыр қолтаңбасының еректігіне емеурінсіз бас шұлғытатындай ма дерсің.

Орыстың ұлы ақыны Есенин шығармашылық еңбекті «сезімнің қуғын-сүргіні» деп бекер толғанбаған. Қандай ғажайып теңеу десеңізші?! Адам жанының өткенге деген сағынышы, болашаққа деген ақ аңсары ғана шырайлы шығарма тудырады деу қате байлам болмақ. Нағыз шайыр тас қамалды заманның тыныс-тіршілігін, адамдарының таным-болмысын елестете отырып, сол қоғамға барғандай, солармен бірге тыныстағандай ғұмыр кешіп, ару құшып, солармен бірге ұлы жорыққа ұран шашқандай сезімге бөленіп, сол дәуірді шынайы сағынса ғана, «бақасы қойдай шулаған» кешегі кезеңге барғысы келіп «сезімнің қуғын-сүргініне» түссе ғана дәуірлерге бүркенген шымыр шындықты жырында тірілте алмақ. Серік Ақсұңқардың ғасырлардан тамыр тартқан жалынды жырлары бізді өткен дәуірлерге жетелеуі де содан. Оған қоса ақынның басынан кешкен талай мехнатты, замана бетбұрысына деген кейіс пікірін, ұрпақтың ұнтақталғанына деген ақындық аянышын сол «сезімнің қуғын-сүргініне» жатқызуға негіз бар. Әйтпесе, аталмыш кітаптың беташар жыры ретінде бедерлеген «Мұнай заманы» жырында: 
«Күнім түсіп қайдағы бір жаманға, –
Өзек жалғар талшығымды табам ба?
Өмір сүрген мендей ақын бар ма екен,
Мұнай деген құдай болған заманда», – деп толғанбас еді…
Иә, әр ақын өз заманының тамыршысы. Қоғамының суреткері. Мұнай құдай болып, құндылықтар құлдыраған кезеңде өмір сүрген Серік Ақсұңқар осылай деп жырласа, онда ақынның ащы ақиқатты тарихқа таңбалап қалдырғаны болар! Кезінде ұлы ақын Байрон да поэзияға анықтама бергенде сана түкпіріндегі сұлу ойды ысырып тастап, нақтылықпен: «Бұрынғы өткен дүние-әлем мен келер дүние-әлемді сезіну» демеп пе еді?! Байронның баламасына жете мән берсек, Серік Ақсұңқардың:
«Мылқауда үн болады,
Таста тіл жоқ,
Дүние кетер сенсіз тас-тақыр боп.
Ғаламда жалғызымсың, Поэзия!
«Жалғыздың жары – құдай!
Басқа – түк жоқ…», – деп қасиетті өлеңмен өткен мен болашақтың көкжиегін тұтастырған шығармашылығының тіні мен ділін дөп басып айшықтап берер едік.
Серік Ақсұңқар поэзиясы – жұмыр тұяғымен қара тасты саз балшықтай илеген тұлпарлар мінген түмен қолдың дүркірей жауға бет алғанындай асау, арынды поэзия. Қалғып кеткен жүректі рухтың күшімен оятардай қуатқа ие. Сонымен қатар, бұрын-соңғы поэзия әлемінде болмаған ырғаққа да толы. Құбылыс деп айтуға толық негіз бар.
 Бір-ақ сүйем – Жер мен Көктің арасы.
Жасынның отын ұртта! деп – 
Мен – 
Ақсұңқар құстың баласы,
Ұямды салғам бұлтқа кеп.

Кеудемдегі көк кептерім – өлең-ді,
Кемпірбайдай – 
Көкке ала жөнелді.
Осы Дүниеге маза бермес ол енді!
Көкірегіме сүңгіп кіріп Көк Түркі,
Көз алдымда Күллі Дүние көнерді.
Осы бір жырдың өзі түсініп-тұшына білген жанға адуынды ақынның қайталанбас қолтаңбасын айшықтап тұр. Көк Түріктің рухын тірілтіп, бабаларымыздың ұлы арманын ақық жырында дүр сілкінткен, сом болмысын саф қалпында суреттеген Серік Ақсұңқардың асыл көкірегінен түлеген жырлардың дені осы сарындас. Кешегі жыраулық поэзиядағы екпін бар, эпикадан гөрі лирикаға басымдық берген сыршыл туындылар жаныңды кіреукелі Көк Түріктер дәуіріне сүйрей жөнеледі.

Серік Ақсұңқардың «Көкейімде  Күлтегіннің жазуы» кітабындағы жаңа туындылар жайлы сөз еткенде біз көбіне-көп Көк Түріктердің рухына деген сағынышты, дәуіріне деген ынтызарлықты термеледік. Ақынның бұл жинағында кешегі мен бүгінгіні жалғар, адамгершілікті асқақтатар, махаббатты дәріптер туындылар жеткілікті. Бәрі де көркемдігі жоғары, саф алтындай салмақты, қазыналы туындылар. Ұлт руханиятына қосылған інжу-маржан іспеттес поэзия жиынтығы деп осынау кітапты атасақ асылық айтпағанымыз.  

Серік Ақсұңқардың әдеби тіл көркемдігі, таным-түйсігі тұрғысында сөз қозғау әбестік болар. Әдебиетке жаңа келген қаламгердің әдепкі жырларын сөз етіп отырғанымыз жоқ. Ай маңдайлы Алаштың арқалы ақынының поэзиясы, поэзиясындағы бойға қуат, рух берер текті жыр тұрғысында термелеп отырмыз. Дегенмен, көне заманның күмбірін бүгінгінің сазымен тұтастырып, ұлы симфония тудырған, «Көк түріктің көз жасы», «Абыз», «Ұрымдағы ұлан», «Қараорман», «Жетісу» сынды жырларынан шежіренің шертілмеген сырларын, ұлылардың ұлы болмысын айшықтаған жырының тілі де, текті тіркесі де алтын тақты патшалықтың қазынасына пара-пар дүние іспетті. Сондай-ақ, ақынның поэзиялық географиясы да кең. Түркінің тәует басты тұлпарының ізі түскен жердің бәрін ақын жырымен айшықтаған. Алты құрлықты адақтаған ақын өз халқының қасіретін өзге ұлттың ұлыларымен үндестіре көркем бедерлейді. Мәселен:
«Рюноскэ Акутагава,
Сен таңсықсың көп елге,
Хиросима-Нагасаки – төменде,
Аждаһа-Атом ойнақ салып төбеңде; –
Сенің шерің ҒТР*-ге айналды,
Ал, біздікі кетті айналып өлеңге», – деп жапонның ұлы жазушысының ұлтына төнген қасіретті өзінің шерлі үнімен астастырады. Осындай көптеген ғажайып туындылар Серік Ақсұңқардың азаматтық емес, адамзаттық сезімнен бастау алғанын танытады.

Біз ақынның соңғы жылдары жазған туындысын сөз еткенде оның философиялық астарға толы, көркем теңеуге бай туындыларын мысалға алдық деп айта алмаймыз. Тек кейбір өлеңнің алғашқы шумақтарын атап, ақынның сезім түйсігіне, кенді кеудесінен төккен қазынасына зер салдыратындай әдепкі өлең жолдарын айшықтап өттік. Табанды іздену, зерделі зерттеу болмаса да, ең бастысы, Алаш сүйген ақынның асқақ рухты жырларын атаусыз қалдырмауды ғана мұрат тұттық. Әйтпесе, сырбаз ақынның «Көзін ашса – Баймағамбет, көзін жұмса – Махамбет» деген сынды ұлтымыздың ұстынын, түр-тұрпатын, болмыс-бітімі мен жақсы-жаман қасиеттерін айшықтар астарлы, философиялық баламалары екі жырының бірінен қылаң беретіні де жасырын емес-ті.
 Сезім жайлы толғаса сырбаздықпен толғанар, ұлт жайлы термелесе нажағайдай жасын ойнатар адуынды ақынның аудармалары да қазақ поэзиясына қосылған маржан деуге толық негіз бар. Мәселен, Шандор Петефиден аударған «Неке сақинасы» атты өлеңге зер салайық:
«Сал аурудай, салқын қаны,
Келді алдыңа шерлі ерің:
Мынау алтын сақинаны
Танисың ба, Зергерім?!».
Осы шумақтың өзінде «Қараңғы түнде тау қалғып» деп орыс ақынын қазақ танымына сай сөйлеткен Абайдың қолтаңбасы қылаң бермей ме? «Сал аурудай, салқын қаны» деген жалқы тармақтың өзінде қазақы таным менмұндалап тұр. Көркемдік те – келісті! Немесе:
Құй қайтадан!
Қу өмірде 
Кесапатқа кенеліп;
Шарқ ұрған тұл жүрегіме,
Алқынған сұм жүрегіме
Жіберейін жебе ғып, – деген аталмыш өлеңнің соңғы шумағындағы «Қу өмір», «Кесапатқа кенеліп», «Тұл һәм сұм жүрек» сөздерінің өзі Шандор шайырдың жырын қазақтың төл жырындай түрлентіп тұрған жоқ па? Ол аз десек, Роберт Рождественскийден аударған мына бір жырға басы-бүтін зер салайықшы:
«Жылағың келеді.
Күлгің де.
Тарихым – таптар тартысы.
Жарты елім – қуғын-сүргінде,
Ит қосты оған – жартысы.
Қара жер қалды, қар құрып,
Іркінді сулар әр тұсы.
Айдалып кетті жарты жұрт,
Айдап жүр оны жартысы. 
Қан елі – мынау.
Жау елі!
Орақ пен Балға – шар тұсы.
Жарты елім – «халық жауы» еді,
Ұстаған оны – жартысы.
Арақтан басқа бірдеңе
Қалды ма?!
Қайда Маркісі?!
Жарты елім отыр – түрмеде,
Тергеуде –
Қалған жартысы».
Осы бір өлеңді аударма деуге ауыз да бармайтындай. Бұл жырда бодандық бұғауында бұлқынған байрақты еліміздің бір ғасырлық азабы мен қайғысы, ұлы қасіреті жатқандай. Ал, оны танып, қазақша сөйлетіп, көркем аудармамен қазақ оқырманына ұсынған шайырға деген ілтипат та іште іркіліп қалмайтындай. Пах, шіркін, шайырым демеске амал-тағат та жоқ-ау!

Хош, қазақтың адуынды ақыны, алмас жырдың иесі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Серік Ақсұңқардың «Көкейімде  Күлтегіннің жазуы» кітабы – ұлт руханиятына қосылған қазына. Мұнда алдаспанның жарқылы, нажағайдың шарпуы сынды ұлт рухын көтерер текті жырлар, тауанды тарихымыздан тамыр тартқан оқиғалар мен ұлттың дара перзенттерінің рухани тұрпатын танытар ұлы ескерткіштер сырлы сөзбен қашалып, ұлы жырмен нақышталған. Осынау ғажайып жырлар шоғырланған шоқтығы биік шығарма – ҚР Мемлекеттік сыйлығына лайықты екені де даусыз!

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
 

 

Қатысты жаңалықтар

Президент жаңа Жарлыққа қол қойды

Президент жаңа Жарлыққа қол қойды

06.07.2026
Әскери бөлімнің 85 жылдығы тойланды

Әскери бөлімнің 85 жылдығы тойланды

06.07.2026
Қазақстан Халық партиясының Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуіне байланысты мәлімдемесі

Ұлттық бірліктің өзегі

06.07.2026
Қиқымы жерде жатпаған

Қиқымы жерде жатпаған

06.07.2026
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астана күніне арналған құттықтауы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астана күніне арналған құттықтауы

06.07.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.