Жаскент ауылдық округіндегі «Зәуре» жеке шаруа қожалығының жетекшісі Зәуре Күнболатова ауылшаруашылығындағы өзінің алғашқы өндірістік қадамын өткен жылы бастады.
Шаруа қожалығын құру жөніндегі ойымен отбасымен ақылдасып, «Жер берілуде» деген хабарды ести салып, округ әкіміне өтініш жазған. Сөйтіп, ол оңынан шешіліп, 10 гектар суармалы жерге ие болды.
– Ауылдық округ әкіміне менен басқа тағы екі тұрғын жер сұрап, өтініш жазды, – дейді Зәуре Насыржанқызы.
Нәтижесінде бәріне 10 гектар суармалы жер берілді. Бірден іске кірісіп, техника болмағандықтан даладағы көп жұмысты қолмен атқаруға тура келген. Еңбек еш кеткен жоқ. Өткен жылы әр гектардан 10 тоннадан өнім жиналды. Оның жартысынан түскен қаражатқа мал алынған. Қалған жүгері төрт түлікке жемге жаратылып, семіргендері сатылып, берекені арттырды. Зәуре жолдасы Сүлеймен екеуі биылғы егін науқанына тыңғылықты дайындалды. Балалары қолғабыс етіп, егінін уақытылы егіп, тыңайтқыштарын беріп, суару жұмысын да технологиялық талапқа сай атқарды. Нәтижесінде егіні бітік өсіп, жетілді.
«Зәуре» жеке шаруа қожалығы жақында жүгері алқабына орақ салып, өнімін ауыл қырманына жеткізіп алды. «Дала аруының» биылғы өнімі өткен жылдан кем емес. Қырманға әкелісімен тазалап, сұрыптап алған жүгері дәнін күн көзіне кептіріп, өткен жылғыдай бір бөлігін сатып, түскен қаржыға тағы ірі қара мал алып бордақыламақ.
– Жаркент өңірінде ауылшаруашылығы өнімдерін өндіруге мүмкіндік мол, – дейді Зәуре Насыржанқызы.
Бабын тапсаң мол өнім беретін құнарлы жер, қолайлы ауа райы, жаз бойы сарқылмайтын тау суы – осының бәрі шаруаның пайдасына септескендей. Осы мүмкіндіктерді пайдалана білген қапы қалмайды. Адал еңбектен тапқан табыс отбасы берекесі. Жаркент өңірінде Зәуре сияқты еңбектеніп жүрген шаруақор жан аз емес. Қазір олар таңмен таласа тұрып, күзгі жиын-терін науқанын табысты өткізуге күш-жігер жұмсауда.
Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы