Бұдан 77 жыл бұрын әкесі Отан соғысына аттанғанда бұл кісінің ес біліп қалған кезі екен. Сондықтан әкесін үйдегілердің қалай шығарып салғанын, қоштасарда әкесінің бұларға не дегенін әлі ұмытпапты. Сарыөзек стансысындағы қимас сәт, батысты бетке алып ышқына қозғалған пойыздың оларды бір-бірінен біржола ажыратып әкеткені, жанардан тамшылаған жас, бәрі-бәрі дәл бүгінгідей есінде.
Соңғы рет көрген әке бейнесі жадында жап-жас қалпында мәңгі жатталып қалған. Майдан даласында шейіт болған боздаққа тек 2015 жылы ғана туған жерден бір уыс топырақ бұйырыпты. Оны қасиеттеп шүберекке түйіп, Украина жеріне алып барған да өзі. Қарғалы ауылының тұрғыны Мамытбек Әбдиев ақсақал осы естелігімен бөлісуді жөн санап, Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында қағазға түсіріпті. Ұзақ жылдан бергі тұрақты оқырманымыздың әрі авторымыздың осы қолжазбасын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Ызғары естен кетпейді
Менің әкем Әбді Қалмұхамбетұлы 1936-1943 жылдары қазіргі Кербұлақ (бұрынғы Қоғалы, Гвардия) ауданы Шанханай ауыл кеңесіне қарасты Қара-Еспе ауылында мектепте мұғалім, кейін оқу бөлімінің меңгерушісі болған. Сол кездегі мектеп директорлары Мәмбеков, Орманбеков деген азаматтар екен. Үйдегі мұрағаттық қағаздарында осы адамдардың аты жазылған. Өзі Жамбыл ауданындағы Майбұлақ, қазіргі Қарғалы ауылының тумасы.
Соғыстың алғашқы жылдары әкем әскерге алынбапты. Қара-Еспе мектебінде мұғалім жетіспегендіктен аудандық білім басқармасы бронь тағайындап, шақырту кейінге қалдырылыпты. Майданда шығын көп болғандықтан 1943 жылы әскер қатарын жауапты қызметкерлер де толықтыра бастады. Сол жылғы қаңтарда Қоғалы аудандық әскери комиссариатының шақыртуы әкеме де тапсырылады. Әкемде бронь болғандықтан әлі де қызметін жалғастыра беруіне болады екен. Бірақ кеңшар бастығы Байназардың тапсырмасымен комиссариат қызметкері шақыртуды әкемнің қолына ұстатады.
Осылайша қаңтардың 7-сінде Сарыөзек бекетіне әкем Әбді, әжем Ибатай, анам Бәти бәріміз ат шанамен жетелдете жеттік. Жүк вагондарынан адам тасуға жасақталған пойыз бекетке түнде тоқтаған екен. Мен бұл мезгілде әжемнің құшағында алаңсыз ұйқыда жатқанмын. Әжем мен анамның еңіреген даусынан оянып, қорыққанымнан қосыла жыладым. Эшелон орнынан қозғалып барады. Сол сәтте әкемнің анасына көтеріңкі дауыспен: «Мәкентайға ие болыңыз, қолыңыздан шығармай бағыңыз» дегені, жылжыған вагонға қарғып мінгені әлі күнге дейін көз алдымда. Сол бір аязды түннің ызғары жүрегімде өшпес дақ болып қалғандай.
Әкем бірден майданға жіберіліп, атқыштар полкінің құрамында ұрысқа араласыпты. Үйге келген хатында солай жазылған. Онда не жазылғанын анам айтып отыратын.
Тоғыз ай бойы алғы шепте болған әкемнен 1943 жылғы қыркүйекте «қарақағаз» келді. Ондағы дерек бойынша, №138 атқыштар дивизиясы №344 атқыштар полкінің құрамында болған кіші сержант Әбді Қалмұхамбетов 23 қыркүйекте Малая Павловка селосын азат ету кезінде қаза тауыпты. Оған қоса «Похоронен в Сумской области, Грунинском районе, селе Малая Павловка в братской кладбище» деген хабар алдық.
Әкемнің қаза болғанын естіген соң әжем Ибатай, анам Бәти үшеуміз азғантай көрпе-жастық, қазан-ошақты ат арбаға тиеп, Қара-Еспеден Майбұлаққа көштік. Содан бері әкемнің туған жерінде, осы Майбұлақ ауылында тұрамын.
Аналарым кезегімен бірінен соң бірі дүниеден озды. Желдей ескен мына өмір тоқтаусыз зырғып ағып барады. Соғыс жылдарында 8-10 жаста болған біздер де сексенді еңсердік. Қариялар дүниеден озып, жастар аға ұрпақтың орнын басып, көшкеруен өз кезегімен алға жылжуда.
Майданнан қайтпай қалған әке-ағаларымыздың орны ойсырап қалды. Соғыстың алдында туғандар жетімдікпен есейдік. Басымызға түскен қиындыққа мойымай, ауылымыздың азып-тозып кеткен шаруашылығын қалпына келтіріп, дамытуға үлесімізді қостық. Бейбіт күннің қадірін жақсы білген замандастарым аянбай еңбек етті. Соғыс жылдары бұғанасы қатпаған ауылдастар Нүсіпов Орысбек, Мәлібеков Есенбай, Бекмұрзаев Батырбек, Сыдықов Зауытбек, Тойлыбаев Болатбек, Майлыбаев Әсімхан, Мәлібеков Асахан, Досмаилова Жұмақыз, Сыдықова Күләнда, Әлмереков Тауыпалды, Жәдіғұлов Оңласын, Нұрғалиқызы Оразхан, Сартаева Күлпіш, Бекмырзаева Сұлушаш, Әділбеков Қасымхан, Әбдиев Мамытбек, Мәлібеков Әділхан үлкендерден қалыспай жұмыс істедік. Майбұлақтағы жесір әйелдердің ауыр тағдыры, тірі жетім біздің қамкөңіл күйіміз осы күнге дейін көз алдымнан кетпейді.
Бүгінде еңбегіміздің зейнетін көріп, еліміздің амандығын, жұртымыздың тыныштығын тілеп отырмыз. Ауылымыздың әкімі Досбол Тұрысбеков Қарғалыдағы зейнеткерлерге жылда Қарттар күніне дастарқан жаяды. Өткен күзде Майбұлақ мешітіндегі сондай жиынға жүзден астам қария келдік. Ішінде 80 жастан асқанымыз 7-8 ғана екенін байқадым. Мен сонда бізді құрметтегені үшін ауыл әкіміне алғысымызды жеткізіп, соғыс балалары – бүгінгі сексен жастағыларға арнаған ақын өлеңін оқыдым.
Майшамнан – электр лампаға
Біздің жұпыны үйдің жүдеу тірлігі де ер-азаматын жоқтаған Майбұлақта көппен бірге өтіп жатты. Анам Бәти мен әжем Ибатай үшеуміз тұрамыз. Уақыт ерте есейткен біздер 1950-1960 жылдары әр салада мамандық иелері бола бастадық. Елуінші жылдары үйде білтелі керосин шамын жағатынбыз. Біздің ауылдан сәл жоғарыдағы Фабричный кентінде электр лампасы жарқырап тұрушы еді. Фабрика жұмысшыларының үйінде сол жарықтың жанып тұрғанына қызығатынмын. 1952-1960 жылдары елде жастарды электр мамандығына оқуға шақырды. Баспасөз беттерінен «Коммунизм – Советская власть плюс электрофикация всей страны» деген ұран сөз түспейтін.
Мен осы мамандықты таңдадым. Ауылшаруашылығында колхоз-совхоздарды электрлендіру саласында 42 жыл еңбек еттім.
Энергетикада еңбек ете жүріп отбасын құрдым. Үй тұрғыздым. Ұрпағымды өсіріп жеткізуге көп көңіл бөлдім. Ұл-қыздарымның бәрі де жоғары білім алып, өз алдына отау құрып, мамандықтары бойынша түрлі салада еңбек етіп жүр. Олардың алдындағы әкелік парызымды орындадым деп ойлаймын.
Өмір ағысымен осылай шапқылап жүргенімде жасымның сексенге келгенін аңғармай қалыппын. Әкем соғысқа кеткенде мен алты жаста едім. Енді менің алдымда тұрған үлкен міндет – әке қабіріне бас иіп, тағзым ету, сөйтіп перзенттік парызымды өтеу болатын.
Туған жердің бір уыс топырағы
Бұдан бес жыл бұрын, яғни 2015 жылғы 7 мамырда Алматыдан ұшаққа отырып, 6 сағатта Киевке жеттім. Ибатай әжем Майбұлақтың Әйтек сайындағы қорымында жерленген болатын. Сол қабірден бір уыс топырақ ала бардым. Әкемнің басына орнату үшін арнайы дайындатқан ескерткіш тасты да жеткіздім.
Украинаға сапарым Киев – Харьков – Ахтырка қалалары арқылы жалғасты. Осы сапарымда мен қазақтың қарапайым қара шалын аса құрметпен қарсы алып, әке алдындағы перзенттік парызын орындауына барынша жәрдемдескен украиндықтарға қатты риза болдым. Әкемнің сүйегі жатқан зиратқа туған жерінен бір уыс топырақ салып, ескерткіш тас орнатуыма, аруағына тағзым етуіме көмектескен Николай Стещенко, Анатолий Резниченко, Малая Павловка селолық радасының басшысы Резниченко Татьяна Михайловнаның ықылас-пейілдерін ешқашан ұмытпаймын.
Малая Павловка селосын неміс басқыншыларынан азат ету үшін болған кескілескен ұрыста 190 совет жауынгері қаза тауыпты. Оққа ұшқан сол жауынгерлердің сүйегі селоның орталығындағы Бауырластар зиратына жерленіпті. Ондағы жауынгерлер мен офицерлердің қатарында менің әкем де бар. Сөйтіп 72 жылдан соң әке қабіріне бір уыс топырақ салып, құлпытас орнатып қайттым. Зират басында «Жұмақ болсын тұрағыңыз. Жарық болсын әрқашан шырағыңыз, жан Әке! Әумин!» деп дұға бағыштадым.
Мені шынайы ниетімен қарсы алып, үлкен сый-құрмет көрсеткен Малая Павловка селолық радасының басшысы Татьяна Михайловнаның үйінде 8,9,10 мамыр күндері қонақ болдым. Елге келген соң Украинаның «Истина Нова» газетіне украин халқына ризашылығымды білдіріп хат жазып жіберген едім, газет ол мақаламды жариялапты. Оны украиндық достарым маған поштамен жіберді.
Дайындаған
С. Сатыбалдиев





