«Бүгінгі күн – кешегінің жемісі, ертеңгінің болмысы», – дейді дана халқымыз. Қай мемлекеттің болсын ертеңi – бiлiмдi жастардың қолында. Алдыңғы толқын аға буынның орнын басып, ізін жалғастыратын кейінгі толқын жастар.
Қоғам мен мемлекет дамуының басты тетігі – білім. Рухани, мәдени саламыздың нығаюына, адами қасиеттің жоғарылауына, жеке адамның сапалық ерекшелігінің артуына білімнің ғана құдіреті жететіні күннен-күнге айқындалып келеді. Әрбір елдің өркендеуі, тұғырының берік болуы да білімге келіп тіреледі. Заңғар жазушы М. Әуезовтің сөзімен айтар болсақ, «Халықпен халықты, адам мен адамды теңестіретін – білім». Жас ұрпаққа сапалы білім, тағылымды тәрбие беріп келе жатқан оқу ошағының бірі ретінде Алатаудың бөктеріндегі Өрікті ауылында орналасқан Бейімбет Майлин атындағы орта мектепті айта аламыз. 2018 жылы білім ордасының ауқымы кеңейіп, бүгінгі таңда 800-дей жеткіншек дәріс алуда. Ұжымды білікті басшы Айгүл Омарқызы Мұқаева табандылықпен алға жетелеп келеді. Соңғы екі жылда мектепте Бейімбет Майлин атындағы мұражай, оқушылардың дүниетанымын арттыру мақсатында «Табиғат» орталығы ашылды.
Аталмыш білім ордасында ойы озық, үнемі шығармашылық ізденісте жүретін ұстаздар аз емес. Олар түрлі білім бәсекелерінде топ жарып, белсенділіктерін танытып келеді. Соның бірі ретінде «Русский язык как инструмент профессиональной мобильности: традиции и инновации» атты халықаралық форумға белсенді қатысқаны үшін мектебіміздің ұстазы Д. Амарова және мектеп ұжымы Ресей Федерациясының білім ағарту министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталғанын айтуға болады.
Биыл «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығының ұйымдастыруымен мектеп республика көлемінде практикалық семинар өткізіп, онда 50 мектеп басшысы және 25 директордың оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары іс-тәжірибесімен бөлісті.
Мектепте бадминтон, волейбол, футбол, жеңіл атлетика, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ үйірмелері тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Салауатты өмір салтын ұстану мұндағы ұстаздар мен шәкірттердің басты қағидасына айналған. Жас ұрпақты спортқа баулып, ауыл жастарына салауатты өмір салтын насихаттауда дене тәрбиесі мұғалімдерінің еңбегі зор. Атап айтар болсақ, Алматы облысының әмбебап жекпе-жек федерациясының жаттықтырушысы, бокстан халықаралық дәрежедегі AIBA төрешісі, ҚР БҒМ ҰҒПДТО-ның алтын төсбелгісін иеленген мектебіміздің денешынықтыру пәнінің мұғалімі Манап Тілектің шәкірттері облыс, республика көлеміндегі жарыстарда бадминтон, бокстан жүлделі орындар иеленуде. Солардың қатарында Нұрзада Бағдарәлі биыл республикалық жасөспірімдер арасындағы әмбебап жекпе-жектен 1-орын, Кәусар Бертілеу 2-орынды еншілеп, мектебіміздің мерейін асқақтатты. Жеңіс күні қарсаңында баскетболдан аудандық кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен өткен жарыста мектеп ұстаздары 27 команда арасынан 2-орынды иеленді. Тәжірибелі де шығармашыл ұстаздардың арқасында оқушыларымыз аудандық, облыстық пәндік олимпиадаларға да қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр.
Алғаш қалам ұстатып, әріп танытатын бастауыш мектеп мұғалімінің еңбегін ешнәрсемен салыстыруға болмайды. Жас ұрпаққа білім-тәрбие беруде маңдай терін төгіп жүрген ұстаздардың бірі – Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері, бастауыш сынып мұғалімі Гүлнұр Жұмаханова. Шәкірттерінің «адам» болып қалыптасып, тұлға болып танылуына ықпал етуде барын салады. Шәкірттің жақсы болуы – ұстаздың айтқан сөзінде ғана емес, көрсеткен үлгі-өнегесіне де байланысты. Алғаш әліппенің бетін ашып әріп танытқан, өмірдің қыр-сырын білуге, сан қилы құбылыстарды терең түсінуге жол ашқан, жан дүниеңе нұрлы шуақ құйып, адамгершілікке баулыған алғашқы мұғаліміміз Гүлнұр Жұмахановаға алғысымыз шексіз.
Гүлнұр Абдвалиқызы 30 жылға жуық шәкірт тәрбиелеген шебер ұстаздың бірі. Ол кісінің оқушымен қарым-қатынасында сезгіштік, байқампаздық, салмақтылық, ұстамдылық қасиеттерін байқаймыз. Баланың ішкі жан-дүниесін жазбай танитын, қарым-қабілеттері мен жеке мүмкіндіктерін ескере отырып, соны дамытуға үлес қосатын, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, оқушыларды қызықтыра білетін, жан-жақты ізденістегі шығармашыл ұстаздың жас ұрпаққа берері мол. Бүгінгі таңда шәкірт тәрбиелеуде мерейі артқан мектепте мұндай ұстаздар қатары көп-ақ. Менің ата-ана ретінде осы мектеп ұжымына алғысым шексіз.
Раушан ЕРҒОЖАЕВА,
Еңбекшіқазақ ауданы





