Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың қоғамдағы маңызды рөлін атап өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Президенттің айтуынша, бұл мерекенің ел өміріндегі орны ерекше. Себебі журналистер қауымы қоғамның үнін жеткізіп, халықты толғандырған өзекті мәселелерді көтеріп келеді.
– Бұл кәсіби мерекенің ел өмірінде алатын орны айрықша. Себебі журналистер қауымы – ең алдымен қоғамның жаршысы әрі шынайы жанашыры. Сіздер әрдайым халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді көтеріп, жұрт мүддесіне адал қызмет етіп келесіздер. Қазіргі жаһандық технология дамыған заманда азаматтарға жедел, сапалы әрі шынайы ақпарат тарату, ұтымды сараптама ұсыну да журналистер қауымына жүктелген абыройлы міндет саналады. Мемлекет сіздердің ерен еңбектеріңізді жоғары бағалайды. Ел Президенті ретінде бүгін мен барша медиа саласы мамандарына шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.





